Темірден түйін түйген
«Шебердің қолы алтын» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Ғалымжан Жүсіпбаев темірді иіп, небір бұйым жасаудың хас шебері. Сонымен қатар аудан бойынша бас бармақпен көрсететіндей «мынау» деген дәнекерлеуші де. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт бұдан басқа да бірнеше мамандықты меңгерген мықты маман.
– 1986 жылы «Қызылдиқаннан» сегізжылдық мектепті біргеннен кейін, аудан орталығындағы №88 селолық кәсіптік-техникалық училищесінің кең профильді механизатор мамандығына оқуға түстім. Училищені 1989 жылы тәмамдаған соң, туған ауылым ХХІ партсъезд атындағы шаруашылықта тракторды тізгіндедім. Әкем Қуаныш кеңшарда 40 жылдан астам механизатор, әрі темірден түйген ұста болды. Марқұм әкемнен көп нәрсе үйрендім. Ол үйренгенім өзіме өмірлік азық болды, – дейді Ғалымжан Қуанышұлы.
Алты жыл трактор жүргізгеннен кейін оның қолына ұсталық келетінін байқаған шаруашылық басшылары темір ұстаның баласына жауапты учаске – дәнекерлеушілікті сеніп тапсырады. Бұл мамандық әсіресе, ай бойы қызып жататын егін орағы кезінде зор сұранысқа ие болатын. Өйткені дәнекерлеуші, әрі темір ұстасы ауыл шаруашылық техникаларының іркіліссіз жұмыс жасауына күш салатын.
Осындай бесаспап маман шаруашылықтың жұмысы шатқаяқтаған 2000 жылдың бас кезінде айлап айлықсыз қалды. Отбасын асырау керек. Амал жоқ, өзі тәрізді жұмыссыз ауылдастармен бірге Астана асты. Бас қалада пәтер жалдап, жеке құрылыста еңбек етті. Әкесінен үйренген темір ұсталығы мұнда кәдеге жарады. Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы көптеген құрылыстарда темірден түйін түйген Ғалымжан Жүсіпбаевтың жарқын қолтаңбасы бар.
Жеті жылдан кейін елге оралып, Қызылорда қаласында Камаз автокөлігін жүргізді. Ал 2012 жылдан бері бұрынғы аудандық коммуналдық шаруашылық, қазіргі «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінде дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Ісіне мығым Ғалымжан құбыр жарылса, техникадан ақау болса, тез арада дәнекерлеп, қатарға қосады. Жұмыстастары дәнекерлеуге қатысты барлық жұмысты алтын қолды азаматпен ақылдасып отырады. Темірден түйін түйген ұста қандай бұйым жасаса да, сапасына мән береді. Темірге «жан» бітіретін Ғалымжанның қолы тиген жері жаңарып, жаңғырып шыға келеді. Адамды еңбегіне қарап бағалайды емес пе? Сондықтан да оның ұжымдастары арасында беделі жоғары.
Темір ұстасы Ғ.Қуанышұлы екі ұл, үш қыздың әкесі. Үлкен ұлы ата-әке жолын қуған білікті жүргізуші, Қызылорда қаласында еңбек етеді. Ғалымжанның зайыбы Жанар – аудандық аурухананың балалар бөлімшесінде кіші буын қызметкері.
Еңбектен бақытын тапқан кейіпкеріміз бүгінде өзінің мол тәжірибесін ұжымдағы жастарға үйретуде. Ұсталық кез-келгеннің қолынан келе бермейтін қастерлі мамандық. Осы қағиданы Ғалымжан әрдайым жадында ұстап, кәсібіне адал болып келеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ