Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ангинаны емдеудегі алты қателік

Ангинаны емдеудегі алты қателік

Таң қалмаңыз, ангина қыста емес, көбіне көктем мен жазда жиі мазалайды. Ал егер ол қайталана берсе, онда ауруыңыз созылмалы тонзиллитке айналады. Бұған жол бермеу, әрине, өз қолыңызда. Ол үшін ангинаны емдеудегі мына алты қателікті жасамауға тырысыңыз.

Бірінші қателік – жұмысқа бару.

Тамағыңыз ауырып тұрса да дене қызуы тым жоғары емес деп жұмысқа бару – қауіпті. Ангина – жұқпалы ауру, ол ауа-тамшы арқылы таралады, яғни сіз өзіңіз ғана ауырып қоймай, бүкіл ұжымға қауіп төндіресіз. Бактерияларға қарсы тұру үшін иммунды жүйеге күш керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал сіз тамақ ауруы кезінде белсенді өмір салтын ұстансаңыз, иммунитет әлсіреп, ағза бактерияларға қарсы күресе алмай қалады. Нәтижесінде бүйректің қабынуы – гломерулонефрит, ревматизм, жүрек бұлшықетінің қабынуы – миокардиттің туындауы тіпті қан айналымы бұзылуы мүмкін.

Екінші қателік – антибиотик қабылдаудан бас тарту.
Ангина – жұқпалы бактериялық инфекция. Бұл инфекция әдетте А және Б тобындағы гемолитикалық стрептококк әсерінен пайда болады. Сондықтан онымен ауырғанда міндетті түрде бактерияларға қарсы препарат қолдану керек. (Әрине, дәрігер тағайындауымен). Әйтпесе ауру жиі қайталау әсерінен тонзиллитке айналуы, бүйрекке шабуы мүмкін.

Үшінші қателік – дәрі ішуді тоқтату.
Сосын аурудың беті қайта бастағанда жақсы болып қалдым деп антибиотик ішуді тоқтатып қою да қауіпті. Өйткені толық жойылмаған микроб еселене көбейеді, ауруды қайта қоздырады немесе қандай да бір ағза мүшесін, мысалы, бүйректі, өкпені, бадамша безін зақымдайды деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Мұндай жағдайда дәрінің күші

Төртінші қателік – тамақты жылы орап қою.
Тамағы ауырғанда көп адам оны суықтау белгісі санайды да, қыздыратын май жағып, жылы орап тастайды. Ал қыздыру, жылыту ондағы қан айналымын күрт арттырып жібереді. Нәтижесінде тамақтағы без одан әрмен ісіп, қабыну процесі өрши түседі. Ыстық картоп буына дем алу ингаляциясы да осындай кері реакция береді. Тіпті қатты ісіну салдарынан тұншығу орын алуы мүмкін.

Бесінші қателік – бал және таңқурай тосабы.
Тамағы ауырса таңқурай тосабы немесе бал қосылған шай ішу суықты, қабынуды тез қайтарады деген жаңсақ пікір бар. Ал шын мәнінде, ауруды тудырушы – ол бактериялар. Ал бактерия дегеніңіз тәттіні өте жақсы көреді, онымен қоректену арқылы еселеп көбейеді. Ангина содан кейін басталады. Азырақ арақ ішу, лимон қосылған қышқыл су да қауіпті. Осыны ұмытпаңыздар!

Алтыншы қателік – ангина кезінде тамақты шаю.

Ісіп тұрған тамақты әр түрлі қоспалармен шаю, бетіндегі іріңді өз бетінше (қасық ұшымен, саусаққа бинт орап) алып тастау қан кетуіне себеп болуы мүмкін. Бұл жағдайда тек қана дәрігер рұқсатымен сода немесе тамшы йод қосылған ерітіндімен шаюға болады. Жарақат бетіндегі шырышты қабат жазыла бастағанда өзі түседі. Оны сүрту арқылы алып тастау – қауіпті.

Есіңізде болсын: Дифтерия деп аталатын аса қауіпті ауру бастапқы сатыда осы ангина секілді белгілермен байқалады. Осы себепті оны үйреншікті ауру деп шатастырып алуыңыз мүмкін деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Дифтерияға қарсы екпе жасатқан болсаңыз да, эпидемия кезінде ол 100% қорған бола алмайды. Сондықтан ангинаны үйде, өз бетінше емдеу – өміріңізге қауіп төндіретін өте үлкен қателік екенін ұмытпаңыз.

Сөз соңында ангина туралы аз-кем айта кетейік: бұл тыныс жолдарын зақымдайтын, ағзаның жұқпалы вирустарға қарсылық қуаты яғни иммунитет әлсірегенде, суық тигізгенде, витаминдер жетіспегенде өршитін ауру.

«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.
07 шілде 2020 ж. 1 374 0