Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік жүгі

Жауапкершілік жүгі

Ертеректе «Он үште отау ие­сі» деген еді біздің халық. Ал бүгін он үшке толған баласына «қызға баратын жасқа келдің ғой» деп жатады. Бұның түп-төркінін біз айтпасақ та өзіңіз пайымдай беріңіз. Бүгінгі ұрпақ тәрбиелеу үрдісі кешегі ата-бабалар жолынан біршама алшақтап кеткендей көрінеді. Бұған заман ағымының, қоғам­дық қатынастардың, өмір сүру дағдысының бұрынғыдан мүлде басқа сипатқа енуі өзіндік әсерін тигізгені белгілі.
Біздің қоғамда мықты әрі жауап­кершілігі мол нағыз ер жігіттер неге аз? Осындай сұрақ сізді мазалап көрді ме? Қазір тұрмысқа шықпай босанып, көшелерде талай сәби жылап қалды. Осы тұста қоғамды кінәлаймыз ғой тағы. Бірақ үйдегі тәрбиеге жауапты ата-ана өз баласынан безіп, абыройын күйттеп кететіні де рас. «Қызға қырық үйден тыйым» тәмсілін әу баста санасына сіңірсе де, оған бүгінгі жаһандану заманы қарсы тұрады емес пе? Иә, шындығында бәріміз «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейдіні» айтып отырмыз ғой ішімізден. Ал ер азамат ше? Жігіттеріміз неге жауапкершіліктен қашады? Қыз тәрбиесіне аса жауап­кер­шілікпен қараған дана халық, жігіт­тердің мұндай әрекетіне неге көңіл бөл­мейді? Тарқатып көрейік...
Қазақтың бұла балалығы мен ғұла­ма даналығы тәлім алғанға таптырмас тағылым мектебі емес пе еді?! Көкірегі – көлдей, көкжиегі – төрдей көкөрім жас үшін алысқа барудың, айтыстағы ойлы сөздерге жүгінудің қажеті шамалы. Бәрі айтылып қойған. Отызда орда бұзып, қырықында қамал алар жас­та «біз әлі жаспыз» деп жүр ғой талай азамат ортада. Бүгінгі кез келген жастан «қалай таныстың?» деп сұрасаңыз «әлеуметтік желі, интернетте таныстық» деп жатады. Осы тұста кешегі жеңгелер институтының орнын ға­лам­тор деген бәдік әлем басқаны белгілі. Бір-бірін көрмей, махаббат пен сезімге беріледі. Күнде қолындағы телефонмен сөйлесіп, хат алмасады. Кейін алғашқы кездесуден-ақ аяғы ауыр болып қалады емес пе? Өз тағдырын әлгі жігітке сеніп тапсырған қыз, соңында әлгі азаматын жоғалтып алады. Хабарласады, күтеді, әлеу­меттік желідегі парақшасын ашса «Eror 404» деп шығады. Яғни ондай есімдегі жігіт болмай шығады. Алданған қыз не істейді дейсіз ғой? Оның екі-ақ жолы бар екенін білесіз. Міне осыдан кейін «тастанды сәби мен көкек аналар» қаптап жүр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, біздің елде 11 жасында дүниеге сәби әкелгендер тіркелген. «Қателікті қайдан жібердік» деп ойланып көріңізші?! Иә, «қызға баратын жасқа келдің ғой» деген сөз барлығын құртқаны анық.
Қаз дауысты Қазыбек би 15 жасында қалмақ ханының алдына барып, «Біз найзаға үкі таққан елміз» деген сөзді айтты. Төле би, Әйтеке би секілді қазақтың 100 биінің бәрі де жастайынан топқа түсіп, шешендігімен, көсемдігімен елге танылған. Әйгілі Біржан сал «Жасым бар жиырмада жасырмаймын, басымнан дұшпан сөзін асырмаймын» деп кеуде қағып топқа түскенде, «жаспын деп» тосылған емес. Қазақтың кез келген атақты тарихи тұлғасының өмір жолына үңілсеңіз, бәрінің де ел үшін ерте есейгенін аңдауға болады. Ұлттық тәрбие ұлағаты осындай еді. Сол заманның жастары ел алдына ерте шықты, ерте есейді. Елдің сөзін сөйледі. Бірақ «қыз аманатына» қиянат жасаған жоқ.
Қазір кейбіреулер қырыққа жеткенше әке-шешесінің арқасынан түспейді, жарытып тамақ ішпейді, өзі біліп шаруа бітірмейді. «Біреу әкеліп берсе, біреу әзірлеп берсе» дейді. Ондайлар кержалқау, кержақ, кермінез келеді. Өздерінен жауапкершілік міндетін алып тас­тайтыны тағы бар. Олардың мемле­кетке һәм отбасыға жақсылық әкеледі деу екіталай дүние.

Майя ҚОЖАБАЙ
26 мамыр 2020 ж. 891 0