ТӘРБИЕГЕ КӨҢІЛ БӨЛСЕК
Қазақ халқы қызды қашаннан аса құрмет тұтып, төріне шығарғанын білеміз. Десе де, дана халқымыз «қызға қырық үйден тиым жасауды» ұмытқан емес. Мұнысы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген деген сөз. Бұл бұрыннан сақталып келеді. Дегенмен, қазір қыз тәрбиесіне қатысты керағар түсінік қалыптасқан. «Қызым ешкімнен кем болмасын, барған жерінде үй күшік болып отырып қалмасын» деп қызды жоғарғы оқу орнына оқытып, табақтай диплом алып беруге ұмтыламыз. Одан не ұттық, неден ұтылдық?! Оқытып, тоқыту, әрине ата-ананың міндеті. Бірақ әуелден жат жұрттық болған қызға дұрыс тәрбие беру қажет.
Білімді болған жақсы, алайда ұлды оқытып, тәрбиелеген абзал болар. Ұл балаға «екі қолға бір күрек табылады» дегенді желеу етіп, жұмысқа жегіп, қасымыздан шығармауға тырысамыз. Ал дипломмен келген қыз елге келгенде баяғы бірге қатар жүрген, бірге өскен жігіттері оқымаған, әңгімелері жараспай, араласпай кетеді. Ал кейбір, тұрмысқа шыққан қыздар көп ұзамай «мінезіміз жараспады» деген желеумен қайтып келіп, жатады. «Қайтып келген қыз жаман» деген ата-бабамыз, онысын сол қыздың бетіне салық етіп отырған. Қазіргі көптеген ана «Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сияды» деп қыздарының сөзін сөйлеп, бұрынғы жолдан тайған. Содан барып оның зардабын да көріп келеді. Ақыр аяғында «ажырау неге көп» дейміз, бармақты тістеп. Соның салдарынан бүгінде сыбай-салтаң жүрген жігіттер, отырып қалған кәрі қыздар көбейіп барады.
Енді «жігіттер неге ынжық, ойындағысын неге ашып айта алмайды» дегенге келсек, көзін ашқаннан сәби әкесіз анасына жақын болып өседі. Мектепте де дәл сол жағдай. Ер мұғалімдер саусақпен санарлық. Мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары ер азамат болатын болса, сол мектепке кіріп келе жатқан оқушылардың жүріс-тұрысы түзеліп, еркектің мысы басып тұрары кәміл. Оның үстіне бала тәрбиесінде бүгінде басымдық алған ана «мұғалім саған не үйретті, не оқуымыз керек, қай тұсың кемшін түсіп тұр» деудің орнына, «саған мұғалім ұрысқан жоқ па, айқайлады ма?» деумен шектеледі. «Мұғалім не үшін ұрысты, сен өзің не бүлдірдің» деп сұрамайды да. Әншейінде, сынып жиналысына бас сұқпайтын ата-ана, балаға ұрысса сол күні мектепке жетіп келіп, «менің балама неге ұрысасың, неге басқаларға ұрыспайсың, мен сенің үстіңнен арыз жазамын, балама сөйлеуші болма» деген сияқты қоқан-лоққы сөздер айтып кетеді. Мектеп директорына барып сол мұғалімнің үстінен арыз-шағым түсіреді. Ал «баласының сабағы қалай, болашағы қалай болмақ» деген ой еш мазаламайды. Содан барып өз ойын жеткізе алмайтын тоңмойын, біреудің айтқанымен ғана жүретін ұрпақ өсіп шыға келеді.
Тағы бір айтатын дүние, мектепте үлгерімі нашар, тәрбиеге көнбейтін бала арнаулы оқуға барады. Ол жерде мамандық алып шығуға үкімет барлық жағдайды жасаған. Ал, өз қабілетін біліп кәсіптік білім алып жүрген бала бір мамандықты игеріп шығары анық. Дегенмен, көптеген ата-ана баласын аудандағы арнаулы оқу орнына оқытуға арланатынын көріп жүрміз. Содан, ата-ана қарызданып-қауғаланып, үлкен көлемде несие алып, аяқталмайтын шырғалаңның соңы баласының кәсіби маман емес, «әйтеуір жоғары оқу орнын бітірсем болды» деуімен аяқталады. Жоғарғы оқу орнында оқи алмаған баладан не үміт, не қайыр. Ол не кәсіби маман емес, өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ біреу болып қала береді. Бұл ащы да болса шындық.
Мұны мысал ретінде айтып отырмыз. Мұндай оқу орнында көпшілігі ер азамат болғандықтан олардың талабы мүлде басқа. Бей-берекет жүрмей, сабаққа қатысуын талап еткен мұғалімнің үстінен «арыз жазамыз» деген шәкірттер де баршылық. Бірақ сол алдына қағаз қойып, «ал енді арызыңды жаз, мен өзім сотқа апарып берейін» дегенде не арыз жаза алмай, не ойын жеткізе алмай отыратыны тағы бар. Өйткені, олардың арасында мектептен әріп танығанмен, өз ата-тегін дұрыс жаза алмайтындар да жеткілікті. Үйде де, мектепте де ер азаматтың айбатын көрмеген жастарымыз тозып барады.
Ер жігіттің тәрбиесін ер азаматтың рөлі зор дегіміз келеді. Сондықтан мектепке ер мұғалімдердің көп болғанының ұрпаққа пайдасы көп. Сондай-ақ, қыз тәрбиесінде де бұрынғы салт-дәстүрімізді сақтасақ қоғамда азғындық орын алмас болар. Соның нәтижесінде жігерлі, намысшыл ұл мен тәрбиелі қыз өсіп шығары белгілі.
Г.ӘЛЖАНОВА