Әйелдердің ер адамдарға қарағанда неге ұзақ өмір сүретіні белгілі болды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ерлердің әйелдерге қарағанда неге аз өмір сүретінін зерделеп көрді.
ДДСҰ баяндамасында айтылғандай, бұған басты себеп адамның өз денсаулығына қалай қарайтынында екен. Мәселен, ер де, әйел де бір ауруға шалдықса, ер адам әйелге қарағанда дәрігерлерге аз қаралады."АИТВ дерті көбірек тараған елдерде ер адамдар әйелдерге қарағанда тексеріске бара қоймайды, антиретровирустық терапияны сирек қабылдайды. Сондай-ақ, еркек кіндіктілер СПИД-пен байланысты аурулардан жиі көз жұмады", - делінген баяндамада.
Туберкулез бен алдын алуға, емдеуге болатын басқа да аурулармен де жағдай дәл осындай.
ДДСҰ мәліметінше, 2016 жылы өз-өзіне қол жұмсаудан болатын өлім-жітімнің жаһандық көрсекіштері әйелдерге қарағанда ерлерде 75%-ке жоғары болған. Бұған қоса, ерлер нәзік жандарға қарағанда жол апатынан екі есе көп көз жұмады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымы өмір сүру ұзақтығына қатысты статистикалық мәліметтерді келтірді.
"2000 және 2016 жылдар аралығында әлемде өмір сүру ұзақтығы 5,5 жасқа, яғни 66,5-тен 72 жасқа дейін ұлғайған. Ал ешқандай ауруға шалдықпай өмір сүру ұзақтығы 58,5 жастан 63,3 жасқа дейін өскен", - делінген баяндамада.
ДДСҰ өмір сүру ұзақтығы мен табыстың арасында байланыс барын анықтаған. Мәселен, табыс деңгейі төмен елдерде өмір сүру ұзақтығы табысы жоғары елдермен салыстырғанда 18,1 жылға төмен. Сондай-ақ, кедей елде дүниеге келген әрбір 14-ші бала бес жасқа дейін ғана өмір сүреді екен.
sputniknews.kz