Өлі риза болмай, тірі байымайды
Қазақ қоғамында қорым қасиетті мекен саналады. Қорым орналасқан маңға дәретсіз аяқ баспаған ата-бабамыз әруақтар мәңгілікке тыныстаған мекеннің тазалығына жіті мән берген. Бейіт басына арнайы барып, құран оқып, марқұмдар рухына дұға бағыштау да дәстүрімізде бар іс. Бұл бақиға бағыт алған бабаларымыздың алдындағы парызымыз. Елбасының «болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да қасиетті жерлерді қадірлеп, тарихты таразылау керектігі айтылған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің астарына үңілсек те көп мән-мағына аңғарамыз. Осы ретте кенттің арқа бетінде орналасқан «Бөріт» қорымы ардагер-ағалардың ұсынысымен қоршалып, қасиетті Рамазан айында игі іс жасалды. Бүгін сол туралы тарқата жазуды жөн көрдік.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, ауданда «Бөріт» қорымының тарихын тереңірек білетін қариялар да қалмапты. «Бір білсе, осы кісі біледі-ау» деп жасы жетпістен асқан еңбек ардагері Шарапат Камаловтың үйіне бардық. Ардагердің айтуынша, қорымның тарихы тереңде, тіпті ғасырға жуық уақытты қамтуы да ықтимал. Кім біледі, бәлкім солай да шығар?!
– Мен 1947 жылдың тумасымын. «Бөріт» қорымы мен ес білгелі бар. Бұл маңда бейіттер орналасқанын бала күнімізден білетінбіз. Өсе келе қорымның тарихын зерделемек ниетте марқұм Алмат Пірімбетовтен сыр тартып, сұраған едім. Әр нәрсе сәтімен емес пе, сол күні сәті түспеді ме, әлде асығыстау болды ма ардагер-аға көп нәрсені айтпады. Тек Бөріт деген ошақты бабамыз болғанын жеткізді, – деген Шарапат Камалов бұрын аталған қорым маңынан Асқар Тоқмағамбетов ауылына төтелеп, тіке баратын аяқ жол болғанын атап өтті. Сонымен қатар қорым әр жылдары бастамашыл азаматтардың ұйымдастыруымен қоршалып, тазаланған екен.
– Жұмағұл Жайсаңбаев деген кісі өтті. Ұзақ жылдар автолавка айдады. Қателеспесем 1968 жылы сол кісінің ұйымдастыруымен қорым ретке келтіріліп, қолда бар заттармен қоршалды. Содан бері қаншама жыл өтті. Әйтеуір ата-бабалардың рухы үшін қорымның тазалығын әр ұрпақ назарында ұстап келеді. Қайбір жылы шынжырлы сым тартып, реттегенбіз. Ерекшелігі сол, бұл қорымда үш жүздің баласы жатыр. Яғни ұлы, орта және кіші жүздің және жүзге кірмейтін де рулардың өкілдері жерленген. Қорымның қоршауы әбден тозып, ішіне мал кіріп, ластап жатқаны жанымызға бататын. Сондықтан аудан әкіміне ардагерлер атынан өтініш айтып, қолдау сұрадық. Ел өтініші жерде қалмай, биылғы қасиетті Рамазан айында қорым қоршаланып, тағылымды, сауапты іс атқарылды. Аудан әкімі Руслан Рүстемұлына айтар алғысымыз шексіз. Жұмысына жеміс тілейміз, – дейді ардагер.
Оқырман қауым «Қорым тарихын зерттеу туралы ой неден туындады?» деп ойлауы мүмкін. Бірден айта кетейік, ел-жұрт рухани жаңғырып, төл тарих түгенделіп жатқан тұста киелі мекеннің тарихын кейінгі буын білсе, зердесіне тоқыса, сол арқылы әңгіме қағазға түссе, тарихта қатталса деп ойладық. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын әр оқыған сайын мақаладағы Елбасының орнықты ойлары мен пайымды пікірлері ой-санамызға өзгеше өрнек салып, түрлі тақырыптарды қазбалауға жетелейді. «Бөріт» қорымының тарихын зерделеуіміздің астарында осындай іргелі ізденістер жатыр.
Арғы тегі Бөріт бабамен тікелей байланысатын тереңөзектік Бекзада Мұсағұлов осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық басылымға мақала жазып, ізденген екен. Осы жөнінде сұрау салып, хабарласқанымызда екі беттік мағлұмат ұсынды. Онда бейіттің атын иеленген Бөріт деген кісі туралы көнекөз қариялардың айтқан естелігі жөнінде деректер бар екен.
– Бөріт Жауғашұлы бабамыздың туған жылы мен қайтыс болған уақыты белгісіз. Шамамен 1800 жылдары өмірге келген деседі. Ошақтының тасжүрек руынан тарайтын бабамыз діни сауатты болған екен. Ол кісінің есіміне жұрт «кәлпе» деген сөзді қосып айтқан. Ал аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлының айтуынша, кәлпе сөзі қолынан іс келетін, ұсталықпен айналысқан кісіге берілетін атақ екен. Бабамыз көпшілікті отырықшылыққа бейімдеп, егін және мал шаруашылығымен айналысқан. Саптама етік, мәсі тігудің шебері болған. Патша өкіметі тұсында Тереңөзек тұсынан салынған теміржолға азаматтарды ұйымдастырып, қаржылай және қолдап көмек берген екен. Бөріт бабамыздың сүйегі қазіргі қорымның жанына ағып жатқан, басын дариядан алатын Жіңішке арықтың жағасындағы биікке жерленген. Жолбарыс көлі маңында тұрған, кейіннен Тереңөзек кентіне келіп алғашқы қоныс тепкен. Қажылыққа барған, науқас жандарды емдеген деген де дерек бар. Күләйша, Үміт әжелеріміз ол кісінің адалдығын, қонақжайлылығын әңгімелеп отырушы еді. Бабамыздың төрт ұлы болған, үлкенінің есімі Мұсағұл болса, кейінгілерінің аты Әбдірәсіл, Өмірзақ және Айтуман және Жұмакүл есімді қызы бар. Мұсағұл мен Әбдірәсіл әкелеріміз жасына байланысты соғысқа бармаса, Өмірзақ пен Айтуман әкелеріміз Ұлы Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен. Майдангерлердің жерленген жері де белгісіз. Бөріт бабамыздан тараған ұрпақтар Тереңөзек кентінде және А.Тоқмағамбетов ауылында тұрады. Бектенбай, Ажар, Байтанат, Үмбетай аталарымыз өте жақын болған. Жақында қорым қоршалып, аумағы кеңейтіліп, кіреберіс есіктері жөнделді. Бұл әруақтарға деген құрмет. «Әруақ сыйлаған азбас» деген қанатты қағидаға сүйенер болсақ, осынау сауапты істі атқаруға қолдау көрсеткен аудан басшысына, барлық азаматтарға шынайы алғыс айтамыз, – дейді бізбен әңгімесінде Бекзада Мұсағұлов.
Жергілікті жердің ерекшелігі болар, Тереңөзекте әр жүздің бөлек қорымы бар. Мысалы, ұлы жүздің өкілдері Қызылорда қаласына бара жатқан Қаңлы Жүсіп бейітінде жерленсе, орта жүздің азаматтары А.Тоқмағамбетов ауылының арғы жағындағы қорымда жерленген. Кіші жүз рулары Қалжан ахун ауылының тұсындағы зиратта. Ал жұртшылық «Бөріт қорымы» атап кеткен маңда жерленгендер арасында үш жүздің де өкілдері бар. Тіпті былайғы жұрт «жүзге жатпайды» деп ақсүйек ретінде танитын қожалар да жерленіпті. Сондықтан ортақ тілектен туындаған біткен іске көпшілік ақ батасын беруде.
– Менің де әкем Есенұлы Бәйкен мен анам Палау Әлиқызы осы қорымда жерленген. Қорымға барған сайын байқайтыным, мұнда барлық рудың азаматтары жатыр. Сондықтан ортақ жұмыс, ортақ іс. Ардагерлердің ұсынысын жерге тастамай, уақытылы орындап, өліге де, тіріге де қажетті игілікті істі атқарған азаматтарға ризамыз. Оның ішінде аудан басшына айтар алғысымыз шексіз. Бір жағынан қорым жолдың бойында орналасқандықтан аңғал-саңғал болып жатқаны дұрыс емес еді. Енді мал да, ит те кірмейтін болды. Қорым тазалығын сақтау, оған баратын жолды таза ұстау – енді біздердің парызымыз. Мұны ұрпақтарға айтып, өсиеттеп отырамыз. Атап өту керек, кейінгі жылдары сәуір айының соңғы сенбі-жексенбісінде қорымдарды тазалап, шөптер мен шеңгелдерді шауып, қоқыстарды жинау жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Бұл құптарлық іс. Ендігі кезекте бейітке баратын жолдар ретке келтірілсе, тым болмаса қара жолға тас аралас құм төселсе, құдық қазылса жақсы болар еді, – дейді Әбутәліп Есенов.
Айта кету керек, қасиетті мекенді қоршалаған азаматтарға алғыс білдірушілер қатарында Сәмет Мәуленов, Боранбай Бисенов, Абылай Әшірбеков, Тұрсынбай Арысбаев, Нұрлыбай Өнербаев, Қайырбек Асанов, Серік Ажаров, Асан Жансейітов, Ахан Пірімбетов, Әмірбек Шәмкенов, Тоқмағамбетовтер және Махамбетияровтар отбасы бар. Олардың да ата-бабалары, ағайын-туыстары осы қорымда жерленген екен.
Шарапат Камаловтың айтуынша, қорымға ата-бабасының рухына Құран оқыту үшін алыс-жақын қалалардан да келетіндер көп екен. Олардың ішінде жақында Алматы қаласынан келген азаматарды ерекше атап өтуге болады. Олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында майдангер аталарын іздеп, бейітінің басына барып, дұға оқып, гүл егіп кетіпті. Сырттан келетіндердің көбісі Шарапат ағайдан жөн сұрайтын көрінеді. «Мұндайда ерінбей барып, қолдан келген көмегімді көрсетіп, жөн сілтеп, аталарының бейітін бірге іздесемін» дейді ардагер. Иә, бабалар рухына деген құрмет, тағзым осындай болса керек-ті.
Мақаланың басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көрнекті ойлары топтастырылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының төл тарихымызды түгендеуде алатын орны ерекше екенін жәйдан-жәй айтқан жоқпыз. Аталған мақалаға зер салсаңыз, Тұңғыш Президент «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» деп атап өткен. Яғни баршаға ортақ қасиетті жердің қоршаланып, ретке келтірілуі рухани жаңғырғанымыздың бір көрінісі. Осы орайда бір топ аудан ардагерлерінің жергілікті атқарушы билікке алғыс айтуы орынды. Ел тілегі ескерусіз қалмай, көп қалауы қабыл болды деген осы шығар.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі