Рамазан айындағы ізгілікті шара
Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айында Іңкәрдария ауылының ақсақалдары мен орта буын жастарының бастамасымен ауыл іргесіндегі «Мүлкілән баба» кесенесін қоршауға шешім қабылданды. Оны іске асыруға Іңкәрдария ауылдық округінің әкімдігі мен ауылдық ардагерлер кеңесі мұрындық болды.
Ауыл тұрғындары осы игі бастамаға бір кісідей жұмылып, әр отбасынан 3 мың теңгеден қаражат жинады. Ал, ауылдан шыққан жеке кәсіпкерлер Жайлау Тыныштық 40 қап цемент, Қонақбаев темір,бетон қазығын сатып әкеліп берсе, «Ақжарма» ЖШС-ның төрағасы Нұрсейітов Қайрат бейітті қоршауға қажет тікенек сыммен қамтамасыз етті.
Сондай-ақ, Байманов Әбдіразақ, Баймаханов Қайрат, Райбеков Алтынбек, Қуанышбаев Нұрлан секілді кәсіпкер ағаларымыз бейітті қоршауға жұмылған ауыл жастарына қажетті көлік, жанар-жағар май, ыстық тамақ мәселесінің шешімін табуына жәрдемдесті.
Бейітті қоршауда ауыл тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Нәтижесінде 1 млн. 300 мың теңге қаржы жиналып, игілікті іске жұмсалды. Қоршау жұмысы біткен соң өлі әруақтарға арнап ас беріліп, құран бағышталды.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, бұл игі бастама ауыл тұрғындарының ауызбірлігін аңғартты. Ләйлім, осындай игі бастамалар көп болғай.
Олжас Жолдасбек,
№191 «Іңкәрдария» орта мектебінің
10сынып оқушысы