Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сералин феномені

Сералин феномені

Газет, журнал шығару қашан да оңай болмаған, қазір де жеңіл емес. Ал ХХ ғасырда мүлдем қиын еді. Мұхамеджан Сералин 1906 жылдан бастап қазақ тілінде баспасөз шығаруға талпынады, басын тауға да, тасқа да ұрып, бармаған жері қалмайды. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізіп, уайымға салынады. Қанша азап шексе де алған бетінен қайтпай, табандылық танытады. Оған қаннен-қаперсіз жүріп, күнделікті күйбің тірлік кешуіне де болатын еді ғой. «Өгіз өлмес, арба сынбас» қалыпты жағдайға кішкентай кезінен көндіккен. Үш жасқа келгенде әкесі Серәлі дүниеден өтеді. Анасы шиеттей балаларын асырау қамымен Челябі облысындағы Троицк қаласына туыстарына қарай қоныс аударады.
Мұхамеджан осында 1880-1887 жылдары медреседе оқып, бұны бітірген соң Қостанайдағы Арыстан деген байдың орыс-қазақ мектебінде оқитын балаларына күтуші болып орналасады. Қолы бос кезде осы мектепке тыңдаушы ретінде сабаққа қатысып, соңынан оқуға түседі. 1891 жылы аталған мектепті «өте жақ­сы» деген бағамен тәмам­дайды.
Мұхамеджанның арманы асқақ, көңіл көкжиегі кең еді. Бі­лім алуды одан әрі жалғастыру мақ­сатымен Орынбордағы мұға­лімдер даярлайтын училищеге түспек болады. Сынақтан өтсе де оқуға қаражаты болмай, жағдайы көтермей, лажсыз ауылға оралады. Бірнеше жыл ел ішінде мұғалім болып, шәкірттеріне қазақ, орыс тілінде сабақ береді. Ұстаздық ете жүріп, Троицк қала­сындағы кітапханаға барып, орыс классикасының барлық кітаптарын оқып шығады, ұлт­тық халық әдебиетіне зерттеу жүр­гізіп, өлең жазуға кіріседі. Қажымай, талмай ізденудің арқасында қазақ тілімен қатар татар, парсы, орыс тілдерін еркін меңгереді. Мұның бәрін біз неге тәптіштеп, баяндап жатыр деген сұрақ та туындауы мүмкін. Өкінішке қарай бүгінгі жастарымыздың бірқатары, тіпті кейбір үлкендеріміздің өзі Сералиннің кім екенінен бейхабар. Қараңғы қазақ көгінде жұлдыздай жарқырап көрінген, елінің мешеулігін көріп, жүрегі ауырып, халқының көзін бас­пасөзбен ашуға тырысқан Мұ­ха­меджан Сералиннің есі­мін ешқашан жадымыздан шы­ғармауымыз керек.
Мұхамеджан ұзақ жылдар бойы алған бағытынан тай­май, өркөкірек, менмен атқамінер­лердің бетін бері қаратып, патша өкіметінің сұсты, айбарлы шенеуніктеріне мән-жайды түсіндіріп, бәрінің пікірін өзгер­тіп, бір арнаға тоғыстыра білді. Жұмсаған жігері, қарымды қай­раты текке кетпеді. 1911 жы­лы қаңтар айында сарғая, тағат­сыз­дана күткен «Айқап» жур­налының алғашқы саны шықты. Зерттеулерге көз жүгіртсек, алға­шында журнал ел ішінен қарызға жиналған ақша есебінен жарық көріпті. Сәлден соң басы­лымға қолұшын берушілер қатары өс­кен. Бастапқы жылы айына бір рет, кейін екі рет шыға бастайды. Журнал дүниеге келген кезден бас­тап, бес жылда барлығы 89 саны оқырмандар қолына тиген.
Қазақ халқы саяси-экономи­ка­лық жағынан неліктен артта қалды дегенде, демократ-ағар­тушылар оның басты себебін халықтың ғасырлар бойы көш­пелілікпен өмір өткізіп келе жат­қанынан көрді. Шоқан да, Ыбырай да осы мәселелерге назарын аударған. Өмірдің осылай сызылғанын олар білген. Бірақ арнайы өкімет алдына мәселе етіп олар қоймаған. Оны алғаш жүзеге асырған, яғни баспасөз ашып, осы арқылы сөз еткен Сералин, оның «Айқап» журналы болды.
«Мен терең ойшыл болмасам да, ойыма келген бірнеше пікірімді көпшілік алдына салғым келеді. Мал шаруашылығы мен егін кәсібін біріктіріп, жарым көшпелі, жарым отырықшы болып, күн көретін заманымыз өтті. Енді қайтіп келмейді. Ол заманды сағынбасақ, һәм қумасақ керек. Мұнан былай күн көруіміз үшін ең алдымен қала болып отыруымыз тиіс. Қала жұртының істейтін кәсібін істеу керек» деп жазды Сералин 1911 жылы «Айқаптың» 6-санында.
«Айқап» журналының өзі сол кездегі қазақ қоғамы үшін ерекше құбылыс болғанын айта кетуіміз жөн. Қазақтың әлеуметтік тең­сіздік мәселесі Абайдың да кө­кірегін қарс айырған. Ал оған дейінгі, одан кейінгі тұлғалардың да қайғы-мұңы болған. Бірақ олардың қай-қайсысы да өмірдің жаратылы­сына іштері қара қа­зандай қай­нап, наразы болып өткенімен, өз қасіретіне өзі бөгіп, жан дү­ниесі жаралы қалпында кеткен. Жал­ғыз қаздың үні шық­паспен өткен. Байтақ далаға да­уы­стары жет­пеген. Шың басынан шығып ай­қай салса да, айқайы аяғының астына ғана естілген. Алысқа, бай­тақ қазаққа үнін қайтіп ес­тірте аларын білмеген. Осының қайласын, амалын жаңа интеллигенция тапты. Халықтың үні, тілі, құлағы боларлық ортақ баспасөз шығару арқылы айтар ойын, мақсатын бүкіл сары далаға асы­руға болатынын озық өнегелі орыстан үйренді. Міне, осынау үннің тірегі «Айқап» болды. Оның шығарушысы да, редакторы да Сералин болды. Орыстың озық ойлы интеллигенциясымен пікірлес, істес, үзеңгілес бола жүріп, Сералин олардан осынау ұлы өнерді де жете игеріп кетті. Оның орыс баспасөзі тәжірибесіне аса зер салып, көңіліне қондырған Сералиннің ой, қабылдау, тарату жүйесі қалыптасқан, сараптап, талдау, жинақтау, кемшілік пен жетіс­тікті қорыта білу, ал­дағыны болжамдау, оқиғаны алдын ала көре білу қабілеті бір редактордың басы­на сыйып жатты. Ол осы журналды жасаушыларды, тілші, жур­налистерін, хабаршыларын таба білді, төңірегіне топтастыра білді.
Ол өз журналын әуел бастан жүйелі жолға қойып, кездейсоқ ой-пікірлерден сақтап, тек ел мүддесін қорғайтын, оның ең­сесін көтеретін, ұлттық сезімін жо­ғалтпауына әсер ететін, на­дан­дықтан сақтандыратын, тарихи жадын ұмыттырмайтын, тір­лікке, бірлікке шақыратын, ойы бүтін, сапалы басылым ете білді. «Айқаптың» сөзіне жұртшылық құ­лақ асты, сенді, ілтипатқа алды. Жур­налды халық іздеп, күтіп отыратын болды. Бірінен-бірі алып оқыды.
«Айқап» журналында ел­ді көшпелі өмірден арылтып, отырықшылдыққа бейімдеу, егіншілікпен айналысу, жер­ді тиімді пайдалану, әйел тең­дігі, оқу, білім алу, ағарту жұмыс­тарын жүргізу мәселелері кө­терілді. Басылым бетінде мем­лекеттік думаға сайлаулар жайлы материалдар жарық көрді. Мысалы, аталған журналдың 1912 жылдың үшінші санында «Юбилей» туралы деген ма­қалада Романов әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты мерекелік шараларға қатысатын қазақ өкілдеріне Қазақ елінен Думаға депутат сайлау, қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіруді тоқтату, орыс орналасқаннан қалған жерді қазақ пайдасына беру, мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыс­пен қатар қазаққа да учаске бо­луы, қазынадан сатылатын жерлерді орыспен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат ету, дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұраным жасау төңірегінде тапсырмалар бе­реді. Патша өкіметінің қатал цензурасы жұмыс істеп тұрған кезеңде Мұхамеджан Сералиннің қаймықпай, осылай талап қоюы ерлік іс деп айтуға болады.
Біздің қазақтың артта қа­луына феодалдық қоғам, ұлттық оқшаулану, көшіп-қону, іргелес елдердің жақсы жақтарын алмай, үлгілі істерін елемеу әсер етті. Алдыңғы қатарға қосылу үшін озық мемлекеттер сияқты зауыт, фабрикалар салу, өндірісті өрге бастыру қажет. Журналда осындай ойлар айтылып, ке­лелі мәселелер сөз болады. Сол ке­зеңмен салыстырғанда бұл жұрт­шылыққа ой салатын, ұлт мүддесін көздейтін саяси-әлеуметтік мәселелер еді.
Сералин қазақтың тұңғыш ағар­тушы-педагогы Ыбырай Ал­­тынсариннің ағартушылық-демократиялық идеяларын қол­дай отырып, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қасіретін жүрегінен өткізді. Елдің иығына түскен тұрмыс тауқыметін же­ңілдетіп, қайтсем жұртыма пай­дам тиеді деген ниетпен аянбай еңбек етті. Шыбын жанын шүберекке түйіп, «Айқап» беттерінде сорлаған, езілген ұл­тының сауатын ашып, өнер, білімге жетелеу үшін өткір, батыл материалдар жариялап, пат­ша өкіметіне сөзін жеткізуге ты­рысты. Мұхамеджан осылай­ша баспасөз арқылы еліне қалт­қысыз қызмет етті. Ол журнал беттерінде 40-қа тарта мақала жазды.
Ол баспасөздің үгіт-наси­хат­шы ғана емес, сонымен бір­ге ұйымдастырушылық, жұмылды­рушылық рөлін жақсы түсінді және тиімді пайдалана білді. Сералин феномені дегеніміз осы. Ол қазақтан шыққан тұң­ғыш кәсіби журналист болды. Жаңадан редакторлық мектеп қалыптастырды.
Троицк сол жылдары Ба­тыс пен Шығыстың сауда­ жол­дарында тұрған, діни, ағар­ту орындары, қолөнер учи­ли­щесі, орыс шіркеулері, мұ­сылман мешіттері бар діни, мә­дени орталық еді. «Уазифа» медресесінде, ұлдар, қыздар гим­назияларында қазақтың балалары оқитын. Мұхамеджан «Айқап» журналын шығарумен қатар солардың арасында қазақ халқының тарихы, бүгінгі жай-күйі, келешегі жайлы лекциялар оқып, әңгімелер өткізетін. Бүгінгі өрімдей өскіннің өзі аңсаған ұлы мұраттарын алға апаратын ертеңгі қанат жаяр өркені екенін біле отырып, оларға дұрыс жол көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып, жөн сілтеді.
«Айқап» журналында маз­мұнды, өзекті мақалалар жария­ланды. Әр санында елдік мүд­дені көздейтін, қазақты сауатты, білімді, мәдениетті ету үшін не істеу керек дей келіп, жаман әдеттерден арылып, ізгі қа­сиет­­терді сіңіру, бейқамдықты, ен­жарлықты, жалқаулықты, бой­күйездікті тастап, оқуға, ең­бек етуге, ізденіп, жаңа кәсіптерді иге­руге шақырады.
«Айқап» журналы байтақ саха­раға кеңінен тарады. Жұртшылық оның әрбір санын сағына, асыға тосатын. Себебі басылым бет­те­рінде көп­шілік көкейінен шы­ғатын түрлі сипаттағы материалдар жарық көретін. Әр материалдың тақырыбы ойлас­тырылып қойы­латын, бәрінде қазақтың мөп-мөлдір судай тұ­нық, таза сөздері қолда­ны­ла­тын. Мұхамеджан осылайша халқымызды қазақша ойлап, қазақша жазуға, қазақ тілін қадірлеп, сүюге үйретті. Журналға Семейден, Ақтөбеден, Шымкенттен, Қарқаралыдан, Зайсаннан, Торғай, Қостанайдан, Астрахань губерниясынан, Бөкей ордасынан, Тараздан, бір шеті Мәскеу, Санкт-Петербургтен хаттар толассыз келіп тұрған. Жер-жердегі тілшілер елдің жай-күйін білдіретін хабарлар жолдаған. Сералин бірде-бір хатты елеусіз қалдырмай, ұқыптылықпен қа­рап, сергектік танытқан. Сөйтіп ол журналда сол кездегі қазақ да­ласының тыныс-тіршілігін бейнелейтін кең ауқымды, тұтас панорамасын дүниеге әкелді, ХХ ғасыр басындағы езгіде бол­ған, азаттықты көксеген хал­қы­мыздың ауыр халін, әйел тең­сіздігін және асыл армандарын көрсететін жылнамасын жазды. Демек «Айқап» қараңғы түнде ақ сүттей, жаңа туған жа­рық айдай көрінді, жоғарыда айтқанымыздай қоғамның өмі­рінде ерекше құбылыс болды.
Арнайы, не жоғары тиісті бі­лімі болмаса да Сералин на­ғыз кәсіби журналист екенін ісі­мен дәлелдеді, жаңа журналист мамандығын игеріп, өмірге әкелді. Қазақ бұратана, сауатсыз, артта қалған халық деген империялық теріс ұғымды жоққа шығарды, сол жалған түсініктің күлін көкке ұшырды. Өзгелерге қазақ та өнерлі, ақыл­ды, озық ойлы жұрт екенін, журнал шығару да оның қолынан келетінін айқын көрсетті. Ол басылым төңірегіне талапты, талантты адамдарды топтас­тыр­ды. Жауапты хатшы болып өмірден жастай, ерте кеткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, тіл­ші, автор, қызметкер болып Жиханша Сейдалин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Спандияр Көбеев және басқалары еңбек еткен.
«Айқап» журналы жабылған соң Мұхамеджан Сералин Троиц­кіде орысша шығатын «Степь» газетінде біраз уақыт еңбек етеді. 1919-1920 жылдары Орынбордағы «Ұшқын» (кейін «Еңбекші қазақ») газетінде қызмет етеді, шығарушылар алқасының мүшесі болады. 1921 жылы Қостанайға оралып, Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы, содан соң Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Ауыл» (қазіргі облыстық «Қостанай таңы») газетінің редакторы болады. 1922 жылы Ке­ңестердің бүкілқазақстандық съезіне, 1924 жылы қаңтарда Кеңес­тердің Бүкілресейлік съе­зіне делегат болып қатысады. Мәс­кеуге барған сапарында Ле­нин­ді жерлеуге қатысады.
Қостанай облыстық архивінен Мұхамеджан Сералиннің өмірі мен қызметіне байланысты ке­зінде жаңа деректер табылған еді. Мұны іздеп табуға сол жерде жұмыс істеген көзі ашық, көкірегі ояу азамат Қалқаман Жақып жа­нашырлық танытып, дәнекер бол­ғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Сол деректер Мұхаңның Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары және оның төралқа мүшесі, губерниялық жер бас­қармасының меңгерушісі, губе­р­ниялық сот төрағасының орынбасары болғанын, кейін партиялық жұмысқа ауысқанын растайды. Сондай-ақ «Ауыл» газетін шығарудың сметасы бар. Осының бәрін егжей-тегжейлі зерттеу қажет.
1926-1928 жылдары Сералин сал ауруына ұшырап, өз ауылында болады. Осы кезде Ақсор деген жерде сәулетті село орнаттырып, онда мектеп, клуб, монша салдырады. Су қоймасын жасатып, ағаш, жеміс ектіреді. Сөйтіп жаңа ауыл мәдениетінің үлгісін көрсетуге тырысады. Оның сол кездегі елдегі тірлі­гінің жә­ді­герлерінің әлі күнге дейін орны бар. 1928 жылы қай­тадан Қостанайға келгенінде денсаулығы бұрынғыдан да нашарлап кетіп, төсек тартып жатып қалады. Осы ауру оны жер қойнына алып тынады. Ол 1929 жылы мамыр айында қайтыс болған.
Мұхамеджан сонымен бір­ге ақын, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері болды. 1903 жылы Орынборда басылып шыққан «Гүлкашима» поэма­сына әйел теңсіздігі жөнінде мәселе арқау болған, ал 1907 жылы Троицкіде жарық көрген «Топжарған» поэмасы тарихи шы­ғармалар қатарына қосылады. Аталған поэмада ХІХ-ғасырдың 30-40 жылдарындағы елдің тіршілігі, Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыс суреттеледі. Ол Фирдоусидің «Шахнама» дастанының «Рүстем-Зораб» бө­лімін, А.Сорокиннің «Жусан» повесін қазақ тіліне аударған.
 Мұхамеджанның әкесі Серәлі Еруәліұлы да атақты айтыс ақыны болған, заманында қазақтың белді ақындары Орынбаймен, Ұл­бикемен айтысқан. Оның шы­ғармалары «Айтыс», «Қазақ халық әдебиеті», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енген. Әкесінен өнегелі тәлім-тәрбие алған ұлының да жақсы адам болып өсуі бір қарағанда заңды секілді.
Мен 1999-2004 жылдары об­лыстық «Қостанай таңы» газе­тінің бас редакторы қызметін атқардым. Сол жылдары редакция ғимаратының қабырғасына газеттің тұңғыш редакторы Мұ­ха­меджан Сералинге арналған ес­керткіш тақта орнатылды, үл­кен портреті салынып, редакция ішіне қойылды. Қарабалық ауда­нының Өрнек ауылындағы бейіті жөнге келтірілді, бірнеше жыл қатарынан қазақтың бірінші кәсіби журналисін еске алу мақ­сатында облыстық желаяқтар жарысы ұйымдастырылды. 2003 жылдың 21 ақпанында туғанына 130 жыл толуына орай еске алу кеші өткізіліп, ас берілді. Қос­танай қаласындағы Сералин кө­ше­сіндегі ескерткіш тақта жа­ңар­тылып, жолы жөнделді. Мұны мен мақтанып айтып отырғаным жоқ, аз да болса Мұхамеджан ата­мыздың еңбегін қастерлеп, рухына тағзым жасауға қосқан үлесім деп білемін. Алда атқаратын іс­тер жетерлік. Ең бастысы өзі ту­ған Қостанай облысының ор­талы­ғында, ел астанасы – Нұр-Сұл­тан қаласында Сералинге ескерткіш орнатылса деп армандаймын.
Біз істейтін не қалды деу­ге болмайды. Аталарымыз бә­рін де тындырып кетті десек, өмір осымен тоқтап қалмас па еді. Әр заманның өз міндеті, шешіл­меген мәселелері бар емес пе? Біз­дің де алдымызда бітпеген, қол­ға алынбаған, кезек күтіп тұр­ған ауқымды істер жеткілікті екенін «Айқапқа» қарап бағалай алсақ, кәні! Осынау өтпелі кезең­дегі біз атқарар істер қан­шама. Басын ұстасаң, аяғы ұстат­пай­ды, аяғынан ұстасаң, басы ұстат­пайды. Осы арада Мұхаң-Мұха­меджан Сералиндей адамдар, олардың күш-қайраты керек. Бір Мұхамеджанның тындырғанын қазір мың журналист тындыра алмайды.
Бүкіл саналы ғұмырын хал­қының көзін ашып, сауатты қы­луға, елін қала, ауыл салып, отырықшы етуге, көршілес озық елдер қатарына қосуға баспасөз арқылы ықпал жасауға арнаған, жұртының мешеу тірліктен құтылып, бақытты өмір сүруін аңсаған, азаттықты армандаған Мұхамеджан Сералиннің ұлты­мызға сіңірген еңбегі орасан зор. Алғаш рет «Айқап» журналын ашқан, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бірінші редакторы болған, бүгінде құрылғанына 100 жыл толып отырған «Egemen Qasaqstan» газетінің бастауында тұрып, осында қызмет еткен Сералин есімі тарихымызда алтын әріптермен жазылады. Қазақтың тұңғыш кәсі­би журналисі сонау өткен ғасыр­дың басында ел көгінде жарқыраған күндей сәу­лесін шашып, адамдардың са­на­сын оятып, рухын көтерді, бас­пасөз арқылы елді жалынды сөзімен жігерлендіріп, алға, жар­қын болашаққа жетеледі. Сералин феномені міне, нақ осында.
 
Есенгелді СҮЙІНОВ,
жазушы, Ақпарат саласының үздігі
 Нұр-Сұлтан
17 мамыр 2020 ж. 589 0