Көру қабілеті нашар балаларға арнап жоба ойлап тапты
Білімді, дарынды, талапты жастар – ел ертеңіне айналары сөзсіз. Қазіргі заманда жаңашыл ойлайтын жастар қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – Торғын Ерланқызы. Ол бүгінде инклюзивті білім беруді жаңғыртып, көру қабілеті нашар балаларға арнап «Эволюция» тақырыбында комикс жасап шығарған. Ол арқылы көру қабілеті нашар балалар кітапты оңай оқып қана қоймай, кейіпкерлермен етене жақын қарым-қатынас орната алады.Қоғамда түрлі жағдай, соған сай түрлі қажеттіліктегі балалар бар. Тағдырдың талқысына түсіп, денсаулығы сыр берген жандар да толық негізде, өзге балалар секілді өмір сүруге, білім алуға хақылы. Осындай ой негізінде Торғын қазіргі жаңа технологияларды игі мақсатқа пайдалануды көздеген.
Инклюзивті білім беру дегеніміз – баланың жеке ерекшелігіне, қабілетіне, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Қазіргі қоғамда білім беру тең мүмкіндік қалыптастырудың негізгі құралына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, инклюзивті білім беру жүйесі – әділ әрі адамгершілікке негізделген қоғам құрудың басты алғышарттарының бірі.
– Инклюзивті ортада әрбір оқушы өзін еркін сезініп, өз әлеуетін толық аша алады. Мұндай жүйе ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқшауламай, керісінше, оларды жалпы білім беру процесіне белсенді қатыстыруды көздейді. Бұл тек сол балалар үшін ғана емес, басқа оқушылар үшін де маңызды, себебі олар бір-бірін түсінуді, құрметтеуді және қолдауды үйренеді. Осы орайда біз комикс жобасын жасап шығардық. Бұл арқылы ерекше балалар күрделі оқу материалын оңай түсіне алады. Жоба жоғары технологияларды пайдалануға негізделген. Жасанды интеллект арқылы кейіпкердің эскизін жасасақ, барлық иллюстрация рельефті принтер арқылы басылды. Үш өлшемді бедерлеудің арқасында балалар сюжетті саусақтарының ұшымен оқи алады. Оқиғаны түсініп, кейіпкерді тани алады. Біздің негізгі мақсатымыз да – осылай жақсы нәтижеге жету, – дейді Торғын Ерланқызы.
Айта кетейік, бүгінде облыс орталығындағы Назарбаев мектебінің 11 сынып оқушысы Торғын – Тереңөзек кентінің тумасы, аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. 7 сыныпқа дейін кент орталығында білім алған ол кішкентайынан зерттеуге, зерделеуге құмар болып өседі. Қызының білімі мен біліктілігін, бойындағы дарынын ерте байқаған ата-анасы оны Назарбаев мектебіне дайындаған. Емтиханнан сәтті өтіп, оқуға қабылданған Торғын – бүгінгі күні мектептің үздік оқушысы.
Бір айта кетерлігі, бұл жобаны жасауда кейіпкеріміз Лағыл есімді сыныптасы екеуі бірлесе жұмыс жасаған. Лағыл Амангелді – жаңа технологияны жетік меңгерген, талапты жас.
– Инклюзивті білім беру жаңа тәсілдерді талап етеді. Оқыту әдістерін әртүрлі етіп ұйымдастыру, жеке қолдау көрсету, психологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыру – осының бәрі сапалы білім берудің құрамдас бөлігі. Нәтижесінде, инклюзивті білім беру тек білім сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы теңдік пен бірлікті нығайтады. Осы орайда біз жасап шығарған жоба қолдау тауып отыр. Қазіргі таңда комикстің сандық нұсқасымен де жұмыс істеп жатырмыз. Көру қабілеті нашар балалардың есту қабілеті жақсы болатынын ескере отырып, аудио қосуды қолға алдық. Бұл ретте оқушы кітапты естиді және сезіне алады, – дейді жоба авторының бірі Лағыл.
Талапты оқушылар алдағы уақытта бұл жобаның құрылымын басқа да тақырыптарға, әсіресе, физика, математика секілді қиын салаларға қолдануды және ағылшын тіліне аударуды жоспарлап отыр. Бұл ретте оқушыларға жоба директоры ретінде ұстаздары Арай Нұрбаева әркез қолдау көрсетіп отырғанын айта кету орынды. Талапты оқушылардың ұстазы «NIS Үздік педагогі – 2026» республикалық байқауының гран-при жүлдесін иеленіп, мерейі артқанын айтып өту орынды. Сондай-ақ оқушыларымен бірге «Жыл таңдауы – 2025» телевизиялық жобасына арнайы қатысып, үздік шыққан ұстаз жолы оқушыларын жүйелі жұмысқа бағыттап келеді. Және Торғын мен Лағыл республикалық ғылыми жобалар сайысында да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ойлап тапқан өнертабыстары жүлделі І орынға ие болған.
Бұл жоба – білім беру саласындағы инклюзивті бағыттың нақты көрінісі. Бастама ерекше қажеттілігі бар балалардың ақпаратты жеңіл қабылдауына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашады. Жобаны дайындау барысында оқушылар арнайы әдістерді қолданған. Ол үшін №5 көру қабілеті бұзылған мектеп-интернатына барып, арнайы мамандармен бірлесе жұмыс жасаған. Аталған жоба қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызын айқындап, әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасайды. Жас буынның жаңашыл жобасы – мейірім мен дарынның ұштаса келіп, жаңашылдыққа жасаған нық қадам деуге негіз бар.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









