Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОЛАҒАЙ СЫРЛЫ МОНАНАЙ

ТОЛАҒАЙ СЫРЛЫ МОНАНАЙ


Ресей империясы Қазақ даласының маңыздылығын әуелден-ақ түсінген. Соған қатысты тарихта 1-ші Петр патшаның: «Сауықшыл қырғыз-қайсақтардың кең даласы біздің Азия елдеріне енетін қақпамыз және кілтіміз болады» деген сөзі қалған. Сондықтан Ресей әр кезде шекарасын кеңейте отырып қамалдар желісін салу әдісін қолданған. Осындай әдіспен Жайық бойынан бастап Сібір жеріне дейін біртіндеп бір желіден кейін келесісін салып отырған. Сол үшін қазақ пен башқұрт халықтарының арасына сыналап кіріп, тоғыз жолдың торабы болған Троицк маңын игеру мақсатында Ресейден жүздеген әскер мен арнайы мамандарды алып келіп, Үй өзенінің бойындағы қазақ ауылдарына шабуыл жасап, оларды оңтүстікке қарай, яғни қазіргі Қостанай мен Торғай жеріне жылжытқан.
Үй өзенінің маңы ежелден қыпшақ руына жататын Қарабалық аталығының қонысы болған. Табиғаты таулы-орманды, мал жайылымына жайлы жазығы шүйгінді жердің атқа мінер азаматтары алыс сапардан оралғанда «үйге келдік» деп көкірегін кере тыныстап, жата кеткенде қалың шалғыны адамның арқасын жерге тигізбей көтеріп тұратын болған.
Біз енді өзіміздің әрнәрсені білгіміз келіп жүретін әдетімізге салсақ, Үй өзенінің атауын осы «үйге келдіммен» шектеп қоюдың қиянат екенін білеміз.
Сериал көретіндер осыдан төрт-бес жыл бұрынғы «Ұлы әмірші Қуаң Ге То» деп аталатын телесериалды еске алсын. Осында «Солтүстік Үй патшалығы» деген сөз қозғалады.
Қытайдың Ганьсу өлкесінде «уйгу» деген халық тұрады. Олар өздерін сарыұйғырмыз дейді. Бірақ, тілдері қазіргі ұйғырлардан мүлде бөлек. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, көне түркі тілінің көп белгілері осы сарыұйғырларда сақталған. «Сары» сөзінің өзі «көне», «ескі» деген мағынаны білдіреді екен. Мәселен, Сарыарқа, сарыуайым, сарқыт дейтін қазақ сөздеріндегі «сары» сыңарын «бұрыннан келе жатқан» мағынасында түсінеміз.
Үндіні отарлаушы ағылшын полковнигі Джеймс Черчвард Азия халықтарының тілі мен тарихын зерттеуге өмірінің алпыс жылын арнапты. Ол өз зерттеуінде Му империясы тұсында Ахау патшаның билік құрғаны туралы айтады. Онымен қоймай Му, яғни Күн патшалығы тарихының қазақ тарихымен тамырлас екенін дәлелдеген. Осы жерде қазекемнің әнді «Ахаооу» деп созатыны еске түседі. Мүмкін біз бір кезде әрбір әнімізді Ахау патшаға деген мадақ, одамен бастаған шығармыз.
Бір қызықтан бір қызық, кете береміз осылай. Бірақ біз ғалым емеспіз ғой, ендеше өз тақырыбымызға оралайық.
Орта Азиямен қару арқылы емес, сауда арқылы жақын байланысып, ішке ене беруді ойлаған орыс патшайымы 1743 жылы Орынбор губерниясының бірінші губернаторы И.Неплюевке бұрын қазақтар мекендеген Үй өзені бойынан үлкен айырбас-сауда орталығын салуды тапсырған. Кезінде Осман империясында Ресейдің елшісі болған ол қазақ тілін де жақсы білген дейді. Осы қала Орал мен Сібірдің арасын байланыстырып тұрғандықтан тез өсіп, уақыт өте келе маңыздылығы жөнінен аталған өңірдің Орынбордан кейінгі екінші қаласына айналады.
Ресейдегі көлемі жағынан үлкен Ірбіт және Нижегород жәрмеңкелері белгілі бір уақыт аралығында ғана жұмыс істесе, Троицк жәрмеңкесі сауда-саттығын көктемнен күзге дейін жалғастырған.
Мыңғыртып мал айдап, жылқысын үйірімен санаған қазақ байлары Троицкіге жылқы айдап апарған. Қазақтар, оның ішінде Сыр қазақтары да  тұрмыста тұтынатын – самаурын, қазан, мылтық, оқ-дәрі сияқты керекті заттарды, айна, тарақ, иісмай секілді қызға қажетті бұйымдарды, жібек маталарды, тіпті ине-жіпке дейін Троицкіден малға айырбастап әкелген.
Бір қызығы, Троицк жәрмеңкесінде ортақ тіл есебінде қазақ тілі қолданылған. Жан-жақтан ағылған саудагерлер өз саудасын жүргізу үшін қазақша сөйлеуге мәжбүр болған. Сырттан келген көпестер мен саудагерлердің қауіпсіздігі де қазақтардың міндетіне жатқан. Сондықтан сол кездегі қала халқы да түгел қазақ тілін білген. Троицкінің өзі де  Монанай деген қазақ тіліндегі атауды иелеген. Өйткені, қала әуелден орыс тілінде «меновой двор» аталған, яғни «сауда-айырбас қақпасы» делінген. Қазақтар өз тіліне қиын келетін бұл сөзді бірден Монанай деп өзгерткен. Ел ішінде бір қазақ байының аузынан қалған:
«Жүз жылқы айдап барып Монанайға,
Он жылқымды бергенмін алабайға...» – дейтін өлең де бар. Шамасы, тұқымы ортаазиялық болғанымен, қазақ жерінде жиі кездесе бермейтін желкесі жуан осы итке байекең қатты қызыққан болса  керек.
Троицк жері – қазақтың қоғамдық санасын оятып, ұлттық мәдениетін дамытуға зор ықпал еткен жанымызға ыстық мекен. Бұл жерде татар зиялылары медреселер ашып, қазақ балалары осы оқу орындарында білім алған. Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен қазақтың тұңғыш баспасөзі «Қазақ» газеті 1907 жылы осы жерде басылған. Мұхамеджан Сералин  редакторы болған «Айқап» журналы да осы Троицкіде жарық көрген. Ш.Құдайбердіұлы, С.Көбеев, Б.Майлин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев секілді қазақтың ағартушы тұлғалары дәл осы топырақта жүріп, қазақ руханиятының ошағын маздатқан.
Бүгінде Челябі облысында 36 мың қазақ болса, соның көбі Троицк тұрғындары екен. Қалада қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді, қандастарымыз өз тілі мен дәстүрін берік ұстанған. Жергілікті билік олардың ұлттық тұрғыдағы іс-шараларына үнемі қолдау білдіреді. Бұл жердің негізгі егесі қазақтар болғанын олар да жақсы біледі және құрмет көрсетеді.
Монанайға жолдарыңыз түссе, мұнан да басқа қызық деректерді ала қайтарсыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
20 қаңтар 2018 ж. 1 320 0