Жұптары жазылмайды
Ақмарал таң ертемен жаңа жұмыс аптасына дайындалып жүр. аяқ асты ауырған адамға ем-дом жасап, кеше үйіне кеш қайтқан. Демалыс күндері үй шаруасымен қатар, ауыл тұрғындарының шақыртуына дер кезінде үлгіріп отырады. Ол кәсіби тұрғыдан өзіне артылған жауапкершілікті адал атқарады. Ал отбасында бақытты ана. Отағасы Нұрділда зайыбының дастарханы дайын болам дегенше көлігін оталдырып, ақауын қалыпқа келтіруде. Өйткені өмірлік серігі екеуі қарбаласқа толы бүгінгі күннен күтері көп. Нұрділда жедел-жәрдем жүргізушісі болса, зайыбы отыз жылдан астам уақыт бойы туған ауылында мейірбикелік қызметте.
Айдарлы ауылының тұрғындары бір салада еңбек еткен Сейдахметовтер отбасын жақсы таниды. Медицинаның қыр-сырына қаныққан тәжірибелі мейірбике Ақмарал Сейтова Орынбай ақсақалдың шаңырағына 1992 жылы келін болып түскен. Отбасында Нұрділда Орынбайұлы 11 ағайынды. Қазіргі таңда мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әулетте 8 келін тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ал ерлі-зайыптылар отбасында 3 перзент тәрбиелеп өсірді. Ұлдары бала күнінен спортқа жақын. Әр жылдары олар күрес, волейбол, баскетболдан көптеген жарыстан жүлделі оралды. Нұрділда да жыл сайын медицина қызметкерлері арасында өткізілетін спартакиадаға белсенді қатысады.
Ерлі-зайыпты осы аптада қос мерекені атап өтті. Кәсіби мереке – халықаралық мейірибикелер күнінде ауыл тұрғындарымен бірге Ақмарал әлемді алаңдатқан коронавирус індетінен сақтық шарасын күшейтуге атсалысып келеді. Күнделікті бірнеше адамның үйіне барып, денсаулық жағдайын бақылауға алады. Әр адамның аурушаңдық белгісін анықтап, уақытында көмек көрсетуде. Медицина саласында бірнеше жыл табанды еңбек еткен оларға әр науқастың сауығып кетуі – үлкен қуаныш.
Таңертең қауырт басталған жұмыстан әдеттегідей кешкілік екеуі үйіне қайтты. Дастархан басында балаларымен бастарын қосқан олар «15 мамыр – халықаралық отбасы күні» екенін ерекше еске алды. Ақмарал келін болып түскен жылы қатарынан екі қайнысы үйленіп, Нұрділданың анасы Айсұлу келініне еншісін бөліп бергені әлі есінде. Қарашаңырақта әр мереке сайын бас қосатын әулет келіндері отбасы құндылығын балаларына үнемі айтып отырады. Екінші анасы болған Айсұлудың тәлімін алған абысын-ажындар қай кезде де тату-тәтті. Отбасылық дәстүрді қатаң сақтау аға буынның қасиетті борышы екенін олар жақсы біледі.
Ақмарал алғаш жұмысқа 1989 жылы қабылданған болатын. Енді оқуды бітіріп, ауыл өмірімен біте қайнасқан мейірбике үй жағдайында бірнеше келіншекті босандырып, кіндік шеше атанады. Соңғы 16 жылда ер азаматы қасынан табылып, жағдайы ауыр науқастарды аудандық және облыстық ауруханаға жеткізуге көмектеседі.
Үйде де, жұмыста да жұптары жазылмайтын ерлі-зайыпты осындай сындарлы сәтте кәсіби мамандығына адалдық танытады. Осылайша олар бір аптада қатар келген қос мерекені қым-қуыт жұмыстың бел ортасында жүріп қарсы алды. Мейірбике балтыры сыздаған, басы ауырған әр науқасты емдеп жазса, күйеуі жанындағы өмірлік қорғаны. Бұлардың отыз жылға жуық уақытта қалыптасқан отбасылық ғұмыры кез келген жас отауға ғибратты болмақ. Мереке күндері жауапты жұмыста қырағылық танытқан медицина қызметкерлері індет құрсауынан аман-есен ел тұрғындары босап шығатынына сенімді. Өйткені олар әр атқан таңды жауапкершілікке толы күннің бастауы деп біледі.
Осындай кезеңде тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне тұрғындардың да алғысы шексіз.
Балтабай Ордабеков