Шаңырақ шаттығы – бірлікте
«Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір» деген жақсы сөз бар қазақта. «Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір» дегендей, қазақ елі қаншама ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірді.
Бүгінде біздің елімізде 130-дан астам әртүрлі ұлт өкілдері мекен етеді. Олардың барлығы да Қазақстанды өз Отаным деп санайды. Бұл біздің тарихи қасиетіміз, өсіп өркендеуіміздің басты негізі.
Кенттегі Луца әулетін танымайтындар кемде-кем. Молдаван әулеті бүгінде алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған. «Қыз бала – өрісің» дегендей бұл отбасында қыздар жағы басым. Әулеттегі жалғыз келін Инга Волкова – Василий Луцаның өмірлік серігі. Инга көп балалы отбасына келін болып түскенде жеті бірдей қайынәпкесі және бір қайынсіңлісі бар екенін біліп, аз уақытта олардың бабын тауып, алғысына бөленді.
Инга – армян ұлтынан. Оның балалық шағы ата-анасымен бірге және төрт бірдей бауырымен Шаған ауылында өтті. Осы ауылдағы аралас мектепте орыс тілінде оқып, Мәскеудегі жеңіл өнеркәсіп техникумында оқыды. Туған жерге оралған Инга ата-анасымен бірге тұрып, ата-анасының қолқанаты болды. Әкесі Михаил шаруашылықта ұзақ жыл механизатор болып еңбек етті. Ол зейнетке шыққан соң зайыбы Татьянамен кіші қызы Натальяның қолына Таразға қоныс аударды. Қазір қарттың жасы 81-де, зайыбы бұл күнде дүниеден өткен.
Инга Волкова Ресейде туғанымен, ол өзінің Отанын Қазақстан деп біледі. Себебі Инганы анасы Ресейге қонаққа барғанда туған екен. Қазақ ауылында өскендіктен ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бірнеше ұлттың дәстүрін біледі. Әсіресе, орыс, молдаван, қазақ ұлтына тән салт-дәстүрлердің қадір-қасиетіне құрметі ерекше.
– Мен тұрмысқа шыққанымда жеті қайынәпкем де тұрмысқа шыққан, жұбайым үйінің сегізіншісі және бір қарындасы да Надежда ол да тұрмыс құрған болатын. Үйдің шаруасы мен науқас енемнің жағдайын жасап жүргенімде үш жылдан соң енем де қайтыс болды. Төрт әпкем қазақ жігіттеріне тұрмысқа шыққан. Әпкелерімнің екеуі осында тұрады. Қызылордада үшеуі, Алматы қаласында бір әпкем, ал ең үлкеніміз Мария Америкада тұрады. Отбасымызда татулық пен бірлік, ынтымақ пен достық қарым-қатынас берік орнаған, – дейді отбасының ұйытқысы, асыл жар Инга.
Ширек ғасырдан аса уақыт үлкен отбасының берекесін келтіріп, тамырын тереңге жайып, ұрпағын өсіріп отырған Василий Луцаның отбасында екі перзент өсіп келеді. Тұңғышы Константин – республикаға белгілі әнші, оның көптеген жетістіктері бар. Елбасының алдында ән айтқанын ел-жұрт жақсы біледі. Оның қазақ тілінде айтатын әндері тыңдармандарының зор қошеметіне ие. Константиннің мамандығы – инженер-құрылысшы. Оның өнер саласындағы жетістіктерін, бағындырған белестерін жерлестері зор мақтанышпен айтады. Константиннің қарындасы Анжелика Мәскеудегі университетті бітіріп, магистратурада оқиды. Ол болашақта зергер бұйымдарының суретші-инженері мамандығын игереді. Анжеликаны жерлестері ауданның намысын волейболдан қорғаған мықты спортшы ретінде біледі.
– Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Жұбайым кезінде жол жөндеу мекемесінде шебер болды. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. Есік алдындағы бау-бақшаға күтім жасаймыз. Қолым бос кезінде тоқымамен айналысамын. Гүлдерді баптаған ұнайды. Балаларыма жақсы тәрбие беріп жатырмыз деп ойлаймын. Ең бастысы, елімізде татулық пен бірлік, ынтымақ, бейбітшілік мәңгі орнасын деп тілеймін, – дейді Инга.
Инганың мейірімді жүзінен оның айналасындағы адамдарға деген сүйіспеншілігін аңғарғандай болдық. Әсіресе қазақ ұлтына деген көзқарасы, салт-дәстүріне деген құрметі ерекше сүйсінтті. Оның «Наурыз мерекесін тойлаймыз, дастарханымыздан бауырсақ үзілмейді, ең сүйікті асымыз бешбармақ» деп айтуының өзі қандай ғанибет! Инга үшін адамдардың сыйластығы мен шынайы қарым-қатынас бәрінен де биік тұрады. Себебі оған оның ата-анасы солай тәрбие берген. Сондықтан ынтымағы жарасқан отбасының отанасы ретінде Инга шын мәнінде бақытты.
Бірлігі жарасқан елімізде осындай ұлт өкілдері мекен ететіні қандай керемет! Елбасы Н.Назарбаевтың «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деген сөздерін барлық ұлт пен ұлыс татулықтың туы етіп ұстайтыны анық.
Бибісара ЖАНӘЛІ