Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРАСЫМДЫЛЫҚ– ОТБАСЫ БОЙТҰМАРЫ

ЖАРАСЫМДЫЛЫҚ– ОТБАСЫ БОЙТҰМАРЫ


Адам өміріндегі маңызды фактор отбасын құру, ұрпақ көбейту. Шағын шаңырақты берекелі етіп, ішін жанға, сыртын малға толтырып, саялы ағаштай тамырын тереңге жаю, көктеп-көгеру әр пенденің арманы. Жан басы толыққан сайын ата-ананың міндеті көбейіп, қиын күндер мен қызықты сәттер бір-бірімен ұштасып жатады. Артынан ерген балаларын жеткізу, оқытып-тоқытып ел қатарына қосу жауапкершілікті талап етеді. Одан қалды үлгілі қасиеттерді ұрпақ бойына дарытып, тектілік жұрнағын сақтау абыройлы іс. Жас отбасыдан үлкен үйге айналу үшін де қажырлылық қажет. Өмірден сабақ ала білген отбасылар жас мемлекетіміздің алтын діңгегі саналады. Осындай құндылық өлшемінен аласармаған әулеттерді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы арқылы жұртшылыққа танытып келеміз. Бүгінгі әңгімемізге кейіпкер болғалы отырған жандар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жүлделі орыннан көрінген сәкендік Жанбаевтар отбасы.
Бұл отбасының отағасы Өмірзақ Төлебай ауылдағы «Құндызды май» шаруа қожалығының агрономы болып қызмет атқарады. Білікті агороном ауыл шаруашылығы саласында тәжірибелі маман ретінде жетістіктерге жетіп келеді Әр жылдары маусымдық кезеңде сапалы өнім алуға машықтанады. Әріптестерімен бірге маңдай термен келген еңбек жолында қиындықты еңсеруге жұмсаған күш-жігері текке кетпеді. Өмірзақ Жанбайұлы 2013 жылы облыстың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқаны үшін облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған. Отбасында үлгілі әке атанған асқар тау азамат ауылдастары арасында сыйлы. Сонау 1991 жылдан бері ауыл тіршілігіне етене араласқан Өмірзақтың шаруашылықты аяққа тұрғызуға да өз үлесін қосты десек артық айтқандық болмас. Ауыл қызы Нағипа осыдан ширек ғасырдан астам уақытта қарапайым сол кездегі ауыл жігіті Өмірзақпен отау құрады. Жанұяда ерлі-зайыптылар өмір атты кемеде ғұмыр кешіп, қос перзентті дүниеге әкелді. Жастайынан музыкаға құштарлығы оянған Нағипа Алданиязова мәдениет саласы бойынша мамандық алып, алғашқы жұмысын №137 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып бастайды. Содан кейін Нағипа Нәденқызы ауылдық клубта «сүйемелдеуші», 2010-2012 жылдар аралығында Қалжан-Ахун ауылдық клубының меңгерушісі, бүгінде С.Сейфуллин ауылдық клубының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Қоғамдық шараларға белсене қатысқан мәдениет майталманы бірнеше дүркін аудандық, қалалық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болған. Қашанда отбасының ұйытқысы бола білген Нағипа ханым әулетте ибалы келін атанып, үлкендер алдынан кесіп өтпейді. Ата-ене бабын тапқан жас келін бүгін өзі де орта жасты бағындырды. Екінші анасының жолын қуған жан балаларына бар өнегесін үйретеді. Бұлардың тұңғыш ұлы Ғани Жанбаев жоғары білімді банк қызметкері. Өз ортасында беделді жас маман есеп-қисапқа жүйріктігімен дараланады. Ер жігітке тән болмысы атадан тараған тектілік жұрнағы саналады. Кішкентайдан үлкендер қолында өсіп, қариялар өнегесін бойына тартқан Ғани болмысынан тындырымды, зерек, үй-түз шаруасына да икемді. Ал, қарындасы Ақнұр Өмірзақова Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекциясы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында «байланысшы-операторы» ретінде жұмыс жасайды. Ол оқуын 2012-2016 жылдары Алматы қаласында «Қазақ-көлік және коммуникациялар» (КазАТК) академиясын «радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша бітірген. Ана сүтімен дарыған өнерден болар Ақнұр ән салуды жаны сүйеді. Өз талантының арқасында жоғары дәрежедегі марапаттарға қол жеткізген.
Міне, берекелі шаңырақ шаттығын қалыптастырған кіші отанның мүше­лері қоғамда белсенділігі арқылы танымал. Бір жанұяда 4 саланың басын біріктірген жандар әлі талай асуларды бағындары сөзсіз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
31 мамыр 2018 ж. 1 122 0