Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын босағалы отбасы

Алтын босағалы отбасы

15 мамыр – халықаралық отбасы күні. Бұл атаулы күн 1993 жылы Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясымен бекітілген. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтілді. Отбасын күнін атап өтудегі мақсат – түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Міне, 25 жылдан астам уақыттан бері біздің елімізде де осы күн – отбасы күні ретінде аталып өтіледі.

Отбасы – ынтымақ пен бірліктің, сүйіспеншілік пен сыйластықтың, құрметтің алтын қазығы. Қоғамның мызғымас діңгегі ретінде әрбір елдің дамуы мен болашағы отбасының аман-саулығына байланысты.

"Отан – шағын мемлекет", "Отан – отбасынан басталады" дейді дана халқымыз. Бұл мағыналы сөздің мәйегін тереңнен сезініп, береке-бірлікті ту еткен отбасылардың қатарында кенттегі Төлегеновтер отбасын ерекше атауға болады. Отағасы Асылбек аға Төлегенов зайыбы Күлән Дәрібаевамен жарты ғасырдан астам уақыттан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Асылбек аға мен Күлән апаның балалық шағы Асқар Тоқмағанбетов ауылында өтіп, екеуі де бір мектепте, бір сыныпта оқығанын замандастары жақсы біледі. Арман-мақсаттары бір арнаға тоғысқан жастар 1969 жылы бас қосып, шаңырақ көтереді. Дәріш әженің қолына келін болып түскен Күлән апа медициналық училищені бітіріп, медбике мамандығын алғанда, қосағы көлікті тізгіндеген жүргізуші болады. Жас жұбайлар аудан орталығына қоныс аударып, еңбектегі қызметтерін жалғастырады. Күлән апа ауылдық фельшерлік акушерлік пункте акушерка, перзентханада акушерка, балалар бөлімшесінде медбике, кейін аудандық өкпе аурулар ауруханасында медбикелікке ауысады. 1981 жылдан осы ауруханада аға медбике болған ақ халатты абзал жан зейнетке шыққанша қызметін мінсіз атқарады.

Отағасы Асылбек ағаның қызмет жолы аудандық байланыс торабында жалғасады. Осы мекемеде 1982 жылдан 2009 жылға дейін станциялық электромонтер қызметін атқарып, сол жылы құрметті зейнет демалысына шығады. Асылбек аға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азамат. Қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүретін Асылбек Төлегенов 1989-1994 жылдары аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, тұрғындарын мүддесі үшін бес жыл қалтқысыз еңбек етеді. Осы жылдары Күлән апа да поселкелік кеңестің депутаты болып сайланды. Жалпы К.Дәрібаева екі шақырылым бойынша халық қалаулысы болған ардақты жан. Асылбек ағаның аудандық сайлау комиссиясында да өзіндік қолтаңбасы бар. Ол кенттегі "Майжарма"сайлау учаскесінде 20 жыл бойы абыройлы жұмыс атқарады. Өзі еңбек еткен ұжымның бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде Асылбек аға әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстың ортасында келеді.

"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" дегендей Асылбек ағаның отбасында үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу сияқты ізгі қасиеттер берік орнаған.

– Асекеңмен шаңырақ көтергенімізге 51 жыл болыпты. Ең жақындарымыздан әпкеміз Күләш апа мен қарындасы Бисенкүл бар. Қыздар қашанда тілеулес болады ғой. Жалпы ағайын-туысқа, балаларына үнемі қамқорлық танытып жүретін отағасы балаларымызға да сондай тәрбие берді. Қазір шүкір балаларымыз бір-бір шаңырақ иесі, – дейді Күлән апа.

Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, балалары жоғары білім алған отбасында 14 немере өсіп келеді. Асылбек аға мен Күлән апаның тұңғышы Алтынай, педагог-музыкант. Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйінде директордың орынбасары, Серік – "Қор" мұнай компаниясында инженер, Берік ата-анасының қолында, жер маманы. Келіншегі Нұрсиламен Нұрай, Нұршуақ, Мағжан, Жігер есімді тәп-тәтті немерелер сүйгізіп отыр. Кенже қыз Айнұр кенттегі Мырзахметовтер отасының өнегелі келіні, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінде бас маман.

Төлегеновтер отбасы ауданда "Көрікті аула" номинациясын иеленген отбасы. Сонымен қатар "Жарасымды жанұя" атанған бақытты шаңырақ. Ерлі-зайыпты Асылбек аға мен Күлән апа "Алтын той" иелері ретінде аудан басшылығы тарапынан марапатталғанын айта кеткен жөн. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Асылбек Төлегенов пен Күлән Дәрібаева ауданның 90 жылдық мерейтойына орай мерекелік медаль иеленді.

Сыйластық пен ауызбірліктің жігі ажырамаған Асылбек Төлегеновтың отбасын қалай мадақтасақ та жарасады. Себебі отбасында әкенің өнегелі өмірін жалғап келе жатқан бала мен шаңырақ шаттығы ананың тәрбиесін үлгі ететін келін бар. "Адам ұрпағымен мың жасайды" деген осы емес пе?
Бибісара ЖАНӘЛІ
13 мамыр 2020 ж. 1 573 0