Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғалыкөлдің келіні

Қоғалыкөлдің келіні

Біздің кейіпкеріміз қасиетті, киелі Қоғалыкөл ауылында тұрады. Ресейлік қыз Еленаның Ресей жерінде оқыған Қоғалыкөлдің жігіті Бақтиярмен көңілі жарасып, қасиетті мекенге келін болып түскеніне биыл тура 34 жыл. Некеге тұрған бойда Оспанова болып күйеуінің тегіне өткен.
Елена Алексеевна 1966 жылы 24 қарашада Киров облысы Афанасьев ауданы Пашино елді-мкенінде дүниеге келген. Әкесі Алексей Некрасов құрылыс бригадирі болып жұмыс жасаған. Анасы Евдокия Некрасова үй шар­уасымен айналысқан. Ерлі-зайыпты Некрасовтар – 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген көп балалы отбасы. Үйдің ең кенжесі Елена 1973 жылы бірінші сыныпқа барып, 8 сыныпты бітіргеннен кейін Савальский ауыл шаруашылығы техникумының зоотехник мамандығына оқуға түседі. Осы арнаулы оқу орнының қабырғасында Елена қазақ жігіті қоғалыкөлдік Бақтиярдың көзіне түсіп, «жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» дегендей, екі жас мәңгі бірге болуға серт етеді. Қос ғашық ауыл шаруашылық техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, қол ұстасып, елге оралады. Жас келін Елена Оспанова жаңа жерде қазақы тәрбиені бойына сіңіреді. Отбасында жақсы келін болды. Ауылдағы шаруашылық жұмысынан да қол үзген жоқ. Ұлты өзге болса да, жергілікті менталитетті жақсы меңгеріп, қазақтың келіндеріндей еріне деген сыйластығы жоғары болды. Жолдасы Бақтияр Мүтәнұлы шаруашылықта зоотехник болып еңбек еткенде, Елена оның қарауында сауыншы болып жұмыс жасады. Сөйтіп ерлі-зайыптылар мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосты. Сауыншылықтан кейін Елена Оспанова шаруашылық кеңсесінде еден сыпырушы болды. Ол көп балалы ана. 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Қыздары Мария, Әлия, Ғалия тұрмыста. Бақтияр мен Елена қыздарын қазақы дәстүрге сай ұзатты. Ұлдары Алмас – тәжірибелі дәнекерлеуші. Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Кенже қыз Жансая – №44 орта мектептің оқушысы.
– Оспановтар ауылдағы өнегелі отбасы. Бақтияр мен Елена жастарға үлгі етіп оты­­ратын жандар. Әсіресе, Елена Ресейден келіп, ауылға сіңісіп кетті. Бұл жат жұрттыққа жаралған қыз үшін үлкен ерлікке пара-пар. Елена Алексеевна 2019 жылы бала санымен зейнеткерлікке шықты, – дейді ауыл әкімдігінің бас маманы Б.Әбибуллаев.
Ауыл – азаматтың алтын қазығы. Бақтияр мен Елена ауылдың түтіні түзу ұшсын, ұрпағымыз бақытты болсын деп тынбай еңбек етіп жүрген еңбекқор жандар.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
07 наурыз 2020 ж. 1 001 0