Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын болып қалыптасуыма жол ашты

Ақын болып қалыптасуыма жол ашты

Өзім Сырдария аудандық «Тір­шілік тынысы» газеті шекпе­нінен шыққан соң туған жер жа­ңалығын осы басылым арқы­лы біліп, танысып отырамын. Елден жырақта жүрсем де газеттің тұрақты оқырманымын, әрбір нө­мірін жібермей оқимын. Ауданда атқарылып жатқан жұмыс­тарды, жаңалықтарды газеттің электронды нұсқасынан оқып, хат-хабар алысып отырамын.
Аудандық газеттің №31 нөмірінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың «Қасиетті қарашаңырақ» тақырыбындағы мақаласы жарияланыпты. Ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ардақты азамат өзі оқыған киелі білім ордасы туралы тебірене жазыпты. Ел-халықтың алғысына бөленіп жүрген азамат оқыған мектепте мен де білім алғанмын. Қасиетті қара шаңырақ, оған деген сағынышым туралы мен де біраздан бері толғанып, қалам тербесем деп жүр едім. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлының мақаласынан кейін мектеп қабырғасындағы күндерге деген сағынышты қағаз бетіне түсіруге отырдым.
Әркімге өзі білім алып, қанат қаққан алтын ұя мектебі ыстық. Қай қиырда жүрсе де өзі оқыған білім ордасын, тәлім алған ұстаздарын зор мақтанышпен айтып, еске алып жүреді. Өйткені айналасын енді ғана таныған балдырған шақта мектеп екінші үй болып, «тарыдай» болып кірген бала «тау­дай» азамат болып шығады, үлкен өмірге қанат қағады. Міне сондықтан да барлық адам алыста жүріп, туған жерге табан тірегенде тәлім-тәрбие алған алтын ұясына міндетті түрде соғады, сол бір балалық балдәурен өткен қызықты шақты сағына еске алады.
Мен сапалы білім, тағылымды тәрбие алған №35 бұрынғы М.И.Калинин атындағы мектеп (қазіргі Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей) – Тереңөзектегі маңдайалды білім ошағы. Тіпті аудандағы алғашқы мектеп болды десем қателеспеймін. Осы қасиетті қарашаңырақтың табалдырығын 1953 жылы аттап, 1-сыныпқа қабылдандым. Өзім адамзат тарихындағы екінші дүниежүзілік соғыс Жеңіспен аяқталған жылы туғанмын. Ал одан кейінгі кезеңдердегі ауыл ахуалы, ондағы білім беретін мектептердің жағдайы қандай болғаны айтпаса да түсінікті шығар.
Біз мектеп табалдырығын аттаған жылдары ел жағдайы өте қиын болды. Мектептерде қазіргідей материалдық база жасақталмаған. Бүгінгі оқушылардай таңдап киетін киім де жоқтың қасы. Бір отбасында бір киімді кезектесіп киетін кезеңдер болды. Мектеп қабырғасында жүргенде анамыз түнгі сағат 2-де дүкенге жұмысқа кетіп, таңертең мектепке барар кезде келетін. Кейде нан алып келеді, кейде алып келмейді. Бірде тоқ, бірде аш болып мектепке сабаққа барамыз. Кейбір оқушылардың аналары «Балам мектепке нәр татпай кетіп еді» деп сабақ арасында сұрап алып, тапқан-таянғанын беріп кететін кездер де болған. Міне осындай қиын кезеңде оқысақ та біз сабақтан еш себепсіз қалмайтынбыз. Тәлім-тәрбие берген ата-анамыз да сабаққа қатысуымызға, сабақ үлгерімімізге ықтиярлықпен қарап отыратын. Сол кезеңдегі ұстанымы мықты ұлағатты, парасатты ұстаздар бізге сапалы білім беріп, бойымызға дарытты. Сабақ беруге қажетті құралдарды, қажеттіліктерді өздері даярлап, қандай тақырып болмасын нақты түсіндіріп, миымызға құйып жіберетін.
Менімен бірге Асқар Кіребаев, Келдібай Уәйісов, Серік Әлімбетов, Аманкелді Сыздықов, Әсия Масилова, Тілеукүл Құдайбергенова, Ұлбосын Жанәлиева, Жүргенбай Әмзеев, Күлән Дәрібаева, Раушан Мәтібаевалар оқыды. Алғаш қолымызға әліппені ұстатқан ұстазымыз Айткүл Жұқабаева болды. Одан кейін бізге парасат пайымы биік ұстаздар Бектұрған Нұрсейітов, Осахан Мақтұмқұлов, Зерхан Сақтағанова, Қасымхан Исмайлов, Берікбол Ермаханов, Дәнеш Мамытбаева, Мырқайдар Мәмбетов, Бибіажар Боранқұлова, Нұрзылда Әбдірасиловтер сабақ берді. Ұстаздардың талабы жоғары болатын. Сабақ берген кезінде шыбынның ызыңы естілмейтін еді. Осындай ардақты ұстаздардан тәлім алып, мектеп тарихында 1964 жылы 11 сыныпты алғаш бітірген біз болған едік.
Мектеп жан-жақты болуға үйретті. Білім ордасында жүргенде суретші болдым. Қабырға газеттерін шығаратынбыз. Одан бөлек пионерлерге ұран жазып беретінмін. 
Қасиетті қарашаңырақ менің шығар­ма­шылық жолға түсіп, ақын болуыма жол ашты. Мектеп қабырғасында жүргенде менің тырнақалды туындыларым, аудандық, облыс­тық, республикалық басылым беттеріне жариялана бастады. Бір сыныпта оқитын Асқар Кіребаев, Келдібай Уәйісов үшеуміз әдебиетке құмартып, шығармашылықпен айналысамыз. 7-8 сыныптан бастап мақала, өлең жазып, аудандық басылым беттеріне шығып жүрді. Сол кезеңдерде ағайын-туыс, жақындарымыз әкеме «Сенің балаң жазушы болыпты ғой, мақалалары газет бетіне шығыпты» деп құттықтап жататын. Сол кездердегі қуаныш ерекше еді.
Әлі есімде, менің алғашқы өлеңім 7-сынып оқып жүргенімде республикалық басылым бетіне жарияланды. 1960 жылы ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Камал Смаилов ауданға келді. Ол кезеңдерде әрбір басылым өкілдері ел-елді аралап, газет-журналды насихаттайтын. Сондай жұмыспен ауданға сапармен келіп, біздің мектепте кездесу өткізді. Кездесуде Камал ағамыз әдебиет жайында, ақын-жазушылар туралы тағлымды әңгімелер айтып, шығармашылыққа бейім оқушылардың ынтасын оятты. Әдебиет, өнер туралы толғанып, бәрімізді «Білім және еңбек» журналына жазылуға шақырды. Одан кейін аудандық газеттің бөлім меңгерушісі Мұхтар Сақтапов, сонымен қатар Балашбек Шағыров сөз сөйлеп, бізді әдебиет әлеміне кіргізіп жібергендей болды. Кездесуден кейін бас редактор әдебиетке бейім оқушылардың шығармаларын республикалық басылымдарға беру керектігін тілге тиек етті.
Осы кездесуде біздің әдебиетке деген құштарлығымыз арта түсті.
Бұл кездесу менің бүкіл болмысымды өзгертті. Сыныптас достарым Асқар Кіребаев, Келдібай Уәйісұлы үшеуміз ойынды доғарып, сабақтан тыс уақытта әдеби кітаптарға зейін қоя бастадық. Сөйтіп, өзіміз де өлең жазуға талпындық.
Қараша айының соңына қарай ауылымызға алғашқы қар жауды. Терезе әйнектерінің өрнектеліп қалғанын көріп, табиғаттың мына ғажайып құбылысына қатты таңырқадым. Өз-өзінен өлең туды.
Тұңғыш қар жерге қонды да,
Табиғат ақ тон жамылды.
Білмеймін дала тоңды ма,
Ызыңдап кімге жалынды.
Аязбен әбден алысып,
Салмақты бопты көл де ептеп,
Ақ қырау қатал жабысып,
Әйнекті қойды өрнектеп.
Осы өлеңімді бірінші ақын Мұхтар Сақтаповқа барып, оқып бердім. Шығарған өлеңдерімізді алдымен Мұхаңа апарып қалыптасқанбыз. Ол кісі бағыт-бағдар береді. Мұхтар аға жақсы өлең екенін айтты. Содан лирикалық әсерімді «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне жібердім. Газеттің әр нөмірін асыға күтіп, аты-жөнімді іздеймін. Бір күні сол өлеңім «Тұңғыш қар» деген тақырыппен басылым бетіне шығыпты. Сондағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Алғашқы өлеңім ғой.
Мектепте мені бәрі мақтады. Мектеп директорынан бастап әдебиет пәні мұғалімі «Біздің оқушымыздың өлеңі республикалық газетке шықты» деп мақтанышпен айтты. Менің қуанышыма сыныптастарым да ортақтасты. Міне содан бастап мектеп жаңалықтары туралы мақалаларым аудандық газет беттеріне жарияланып тұрды. Осы білім ошағы менің болашақ шығармашылық адамы болуыма, ақын болуыма ықпал етті.
Әр нәрсені адам сол заматында баға­ламайды, қадірін білмейді. Бұл адамзат баласының бәрінің басында бар. Одан сәл алыс кеткенде ғана соның қадір-қасиетін біле бастайды. Біз мектеп бітіргеннен кейін үлкен қалаларға кеттік. Біраз уақыт туған жерге бармай қалған кездер де болды. Міне сол кезде туған өлкені, ағайын-туысты, бірге оқыған сыныптастарды, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарды сағынамыз. Қасымызда жүргенде көп мән бере бермейді екенбіз, ал сәл жырақ кеткенде әрқайсысының орны бір төбе екені аңғарылды. Қазір де елдегі ағайын-туыс, дос-жаранды сағынып тұрамыз. Жол түскенде елге барып, мауқымызды басып аламыз.
2018 жылы Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойы дүркіретіп, кең көлемде аталып өтілді. Мерейтойға арнайы шақырту алып, қуанышқа ортақтастым. Әр барған сәтте бұрынғы кездер еске түседі. Сол жолы барғанымда да көшені жаяу аралап, бала кездегі естеліктер ойға оралды. Мектептегі қызықтар да дәл кешегідей көз алдыма келді.
Мерейтой аясында қазіргі №35 Иса Тоқ­тыбаев атындағы мектеп-лицейде эт­но­­граф, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тынышбек Дайрабаев, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Жадыра Дәрібаева секілді тұлғалармен бірге жастармен кездесуге қатыстым. Кездесуде әдебиет жөнінде әңгімелер айтылды, өлеңдер оқылды, жастардың сауалдарына жауап бердік. Бұрын сол жастардың орнында біз отырып едік. Араға 60 жылдай уақыт салып жастарға өзіміз әдебиет жөнінде әңгіме өрбіттік. Міне бұл қасиетті қарашаңырақтан алған білімнің нәтижесі деп білемін. Мен осындай киелі білім ордасында білім алып, ұлағатты ұстаздардың тәлімін көргеннен кейін қазіргідей дәрежеге жетіп отырмын. Мектеп жүрегіне айналған ұстанымы мықты ұстаздардың қажырлы еңбегінің, талапшылдығының арқасында көптеген белестерді бағындырып келеміз. Сол үшін де парасатты, бізге тәлім берген ұстаздарға ризашылығым шексіз.
Кездесуге барған сәтте ел мақтаныштарына айналған көптеген тұлға шыққан мектеп-лицей бүгінгі заман талабына сай екенін байқадым. Материалдық-техникалық базасы да жасақталған екен. Бүгінгі ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар мүмкіндік жасалыпты. Тек білімді тереңінен игеріп, ғылымға деген құлшыныстары болса болғаны.
Біз білім алып, қанат қаққан мектебіміздің ғасырлық мерейтойы туралы естігенде ерекше қуандым. Кеудемде сағыныш лебі кернеп, осы естеліктерді қағаз бетіне түсірдім. Білім ордасының жүз жылдық мерейтойы – осында білім алған түлектердің ортақ қуанышы. Әрбір оқушыға білім нәрін сепкен ұлағатты ұстаздардың да мерейі екені сөзсіз. Сондықтан ардагер-ұстаздарды, қарашаңырақтың педаго­гикалық ұжымын мерейлі мерейтоймен құттықтаймын. Ұстаздарға шығармашылық табыс, жұмыстарына табыс тілеймін.

Қайырбек АСАНОВ,
ақын,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»
01 мамыр 2020 ж. 625 0