Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әби САРҚЫНШАҚОВ: АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТІҢ БІР САНЫН ДА ЖІБЕРМЕЙ ОҚИМЫН

Әби САРҚЫНШАҚОВ: АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТІҢ БІР САНЫН ДА ЖІБЕРМЕЙ ОҚИМЫН

Мен елден жырақта жүрсем де аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің әрбір санын жібермей оқимын. Өйткені туған жерге деген сағынышты баспасөз құралы арқылы басамын. Мұнда ауданда, ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы қамтылып отырады. Сондықтан өзім туып-өскен елдің тыныс-тіршілігімен әркез танысып, біліп отырамын. Мұндағы ел үшін жасалып жатқан әр жұмысқа көңілім марқаяды. Бұл жолда аудандық газеттің, оның журналистерінің арқалаған жүгі жеңіл емес екенін де білемін. Аудандық газетті республикалық немесе облыстық басылымдармен салыстыруға әсте болмайды.
Жергілікті басылымды арнайылап алдырып отырамын. Өзім келгенде жинастырып алып кетемін. Өзім газетті көп оқитын адаммын. Сол себепті де ең алдымен елдегі, туған жердегі жаңалықтармен танысамын. Жалпы газет елдік мүддені жазып, журналистер сол жолда еңбек етуі тиіс. Мұндай жүкті аудандық газет тілшілері көтеріп келеді деп ойлаймын. Сонымен бірге қазақ тілінің мәртебесі туралы, жастар тәрбиесін үнемі ақпараттандырып отыру қажет. Тіл – ұлттың жаны. Сондықтан тілге құрмет басылым арқылы көрініп отыруы қажет.
Биыл 80 жылдық мерейлі белеске шыққан төл газет ұжымын мерекемен құттықтаймын. Аудан тіршілігін үнемі ақпараттандырып келе жатқан баспасөз саласы қызметкерлеріне шығармашылық табыс тілеймін.
25 маусым 2019 ж. 1 201 0