Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сол күндер мәңгі есте

Сол күндер мәңгі есте

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған кез. Ұлы Отан соғысы естен кетпес, адамзат тарихында теңдесі жоқ соғыс болды. «Соғыс» деген сөздің өзін есту қандай ауыр десеңші?! Тұла бойыңды тітіркендіріп, жанарыңа еріксіз жас ұялатады. Сұм соғыс біреуді жесір етті, біреуді жетім етті, ал біреуді жалғыз ұлынан айырды. Отан үшін от кешкен азаматтар қаншама? Қызылорда облысынан 150 мыңға жуық адам қан майданға аттанса, оның ішінде төрт жүзден астамы Асқар Тоқмағамбетов ауылынан екен.
Асқар ауылында орталық алаңда орналасқан «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты тағзым алаңы маған өте қымбат. «Еліміз, жеріміз үшін!» деген ұранмен алға басқан ел азаматтарының ерлігіне тең келетін еш нәрсе жоқ. Соғыстан оралмай қалған жауынгерлер есімдері жазылған тақтайша мен баласын құшақтаған жесір әйел бейнеленген ескерткіште. Алау жағылатын орны да бар. Мұнда мереке қарсаңында тағзым етіліп, батырларды үнсіздікпен еске алады. Гүл шоқтары қойы­лып, Құран бағышталады. Жыл сайын тағзым алаңына өмір жолын мұғалімдікке арнаған ардагер-ұстаз Айжамал Айтмағанбетова осы жерге арнайы келеді.
– Жетпіс бес жыл өтсе де, барлығы көз алдымда. Әкемді қалай шығарып салғанымыз әлі есімде. Жыл сайын келіп тағзым ету – маған парыз. Отты жылдар қиындығын Отан алдындағы парызын өтеу жолында қанша азамат от кешті, жанын қиды. Әкемді жерлеген жер Мәскеу маңында болғанымен мен үшін осы ескерткіш ерекше ыстық. Сол кездегі ауылдас бауыр, туысты аман келеді ау деген үмітпен шығарып салып едік. Ауылдастарымның көбісі көз алдымда. Әркез осы ескерткішке тағзым етуге барғанда сол кісілермен кездескендей боламын. Сіздердің есімдеріңіз ешқашан өшпейді. Сіздер болашаққа бақыт сыйладыңыздар. Әрқайсысыңыз біз үшін батырсыздар! Осы күнгі бақытты өмір сүруім әкемнің маған айта алмай кеткен тілегінен ба екен? Бір күні соғысқа әр үйден жылы киім жинап жүріп, бір кейуананың уйіне барыпты. Сонда айтты дейді: «Бұл үйден я соғысқа адам бармады, бір кәдеге жарар» – деп көйлегінің екі жеңін жыртып берген екен. «Бұны көргенше соғысқа кеткенім дұрыс» деген әкемнен бірнеше хаттар ғана бар, – дейді ардагер-ұстаз.
Сұрапыл қанды қырғында, жас өмірлерін сарп еткен қазақ ұл-қыздарына мың алғыс айту аз. Олардың жасаған ерлігі мен есімдері мәңгі ұмытылмайды. Сол ерліктердің жемісі – Жеңіс. Қандай кең мағыналы сөз. «Жеңіс» сөзі бүкіл халыққа бейбіт өмір әкелді, елге тыныштық оралды. Халық ерлігі қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өшпейді де, өлмейді де. Ол адам баласының жадында ғасырлар бойы сақталып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, өзінің жалғасын таба береді.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ
28 сәуір 2020 ж. 923 0