Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым
Биыл елімізде айтулы даталар мен мерекенің қатары көп. Осы жылы ұлы жеңіске 75 жыл толады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1945 жылдары қызылорда облысынан 150 мыңға жуық жауынгер майдан даласына аттанған екен. Оның ішінде 500-ге жуығы шаған ауылының азаматы болды.
Олар Отан үшін кеудесін оққа тосты, отбасын тастап елді қорғауға бар күш-жігерін жұмсады. Тәуелсіз қазақ еліне егемендікті сыйлады. Мереке қарсаңында батырларға құрмет көрсету – бүгінгінің парызы. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде аудандағы ең үлкен елді мекен Шаған ауылындағы «Тағзым алаңы» туралы сөз етпекпіз.
«Жеңіс» деген сөз адам жүрегін қуанышқа бөлеп, жігерін жасынға жанитын құдіретке ие. Жеңіс дегенде тұла бойына мақтаныштың нұры тарамайтын адам жоқ шығар. Ал бүгінгі ұрпақ үшін Ұлы Жеңістің орны ерекше. Сол бір ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары елін жаудан қорғаған ерлердің ерлік істері жыл сайын дәл осы күні санамызда қайта жаңғырады. Оларға деген құрмет пен тағзым ешқашан өшпек емес.
Шаған ауылындағы «Тағзым алаңы» Есет би көшесінің бойында орналасқан. Жалпы сипаты батырлар есімі жазылған тақтайша мен соғыстан оралған сарбаз және әйелдің мүсіні бейнеленген ескеркішімен ерекше. Алау жағылатын орны да бар. 1980 жылдары соғылған ескерткіш, 2012 жылы қайта жөндеуден өтіп, алаң маңайы гүлзармен көмкерілді. Мұнда жастар мереке қарсаңында тағзым етіп, майдангерлерді еске алады. Гүл шоқтары қойылып, Құран бағышталады. Ауыл орталығында орналасқан алаңға жыл сайын келушілер қатары қалың. Солардың бірі – белсенді жас ұстаз Күнту Ахметов.
– Күнделікті жұмысқа барып-келер жолда болғандықтан, оқушыларыма бұл жерді құрметтеп, ластамауды айтып жүремін. Себебі мұнда біздің ата-бабаларымыздың ардақты есімі жазылған. Тәуелсіз ел болуды аңсаған халқымыздың ұрпағы осыны ұмытпауы тиіс. Кейде көзіме еріксіз жас келеді. Біз бақытты жандармыз, ешқандай соғысты көрген емеспіз. Ал мұндағы әрбір азамат ел үшін ұрыс даласында оқ пен оттың ортасында жүрді. Кейінгі ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін жан пида етті, – дейді К.Ахметов.
Осыған дейінгі ескі алаңда «Ешкім де, ешнәрсе де – ұмытылмайды» деген сөз тұратын. Көрген, оқыған адамға бұл тағзым алаңы екенін еріксіз түсіндіреді, жеңістің ұғымын беретін. Жалпы Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырлар мен оларға деген құрмет ешқашан тоқтамасы анық.
Майя ҚОЖАБАЙ