Ата-ананың қадірі
«Е, Құдайым, бала бер! Бала берсең – сана бер! Сана бермесең ала бер!» деуші еді бұрынғылар. Расында, балаға қатысты осы сөзді дана халқымыз дөп басып айтыпты. Дүниеге қорғанышсыз болып келген әр пенде сәби күнінде ата-анасының қамқорлығына өлшеусіз мұқтаж болса, қартайғанда өзі балаға айналып перзентінің мейіріміне зәру болатыны ақиқат. Ал сәби кезінен бар мейірімін аямай, өсірген, жетілдірген ата-анаға есейгенде баланың қамқорлық танытпауы бұл – үлкен қасірет. Осындайда «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы. Балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген еріксіз еске түседі екен.
Мақаланың әлқиссасын нақыл сөзбен бастағаннан-ақ не айтқымыз келіп отырғанын түсінген боларсыз. Иә, бала алдындағы ата-ананың міндеті айтпаса да түсінікті. Тұла бойға бітіп, ана құрсағында жатқаннан-ақ әке-шешенің балаға деген жауапкершілігі, оған деген мейірімі төгіліп тұрады. Шыр етіп дүниеге келгеннен сол баланың қамы үшін тіршілік етіп, тапқан-таянғанын алдына қояды. «Жегені алдында, жемегені артында» болып, еш қамсыз, қайғысыз өсіп, жетіледі. Ал өскеннен кейін сондай дәрежеге жеткізген ата-анаға баласы да перзенттік парызын өтеуі міндет.
Қасиетті Құран Кәрімде «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» делінген. Демек, бар өмірін бала-шағаның қамы деп шырылдаған ата-анаға қартайған шақта перзенті де бар мейірімін төгіп, жақсы қарау қажет.
Мұны неге айтып отырмыз? Кәсібімізге байланысты ел арасында көп жүрген соң ата-анасының алғысына бөленіп, ризашылығын алған жандарды да, керісінше, бағып қаққан, бар мейірімін төккен әке-шешесіне зекіп, бетін қайтарған пақырларды да көріп жүрміз. Әсіресе, кейінгі кезде ата-анасын қадірлемейтіннің қарасы көбейіп барады. Көрген көз, естіген құлақта жазық жоқ. Кей жерлерде әке-шешеге зекігеннен зорын айтып жатқанды көрдік. Сондайда «Санасыз неме, сен үшін деп қор болған өмірім-ай» дегенді де естідік. Тіпті кейбір кейуаналар «Жастық шақта көрген қиыншылық өтеді де, кетеді. Құдай қартайғанда қиыншылық бермесін. Шаш ағарғанда, әсіресе, бала-шағаның жамандығын көрсетпесін. Қартайғанда быламық ішейін деген асым ба еді...» деп кейігенде жүрегің қақ жарылып кетердей күй кешесің.
Осы ретте бір мысал келтірейін. Ертеректе бір жігіт қартайға әкесінің ішіп-жегенін ауырсынып, көз көрмеске апарып тастауға бел байлапты. Жүре алмайтын әкесін қапқа салып арқалап, жолға шығыпты. Жолда шаршап, бір тастың қасына қойып демалып отырса, қаптың ішіндегі әкесі қаттырақ күлген екен. Сөйтсе баласы «Әке, неге күлдің?» деп сұрапты. Әкесі «Шырағым, күлгенді сұра, сыры бар, жылағанды сұра, мұңы бар деген. Күлген себебім, менде сенің жасыңда қартайған ауру әкемнің ішіп-жегенін ауырлап, көз көрмеске апарып тастайын деп арқалап келе жатып, осы тастың қасына келіп мен де демалған едім. Сол күннің басыма айналып келгеніне таңырқап күліп жатырмын» деген екен. Расында, дана халқымыз «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деп бекер айтпаған.
Жалпы әркім ата-ананың қадірін біліп, өмір бойы оларға құрмет көрсетуі тиіс. Асылында, ата-ана разы болмай, Алла Тағала разы болмайды. Сондықтан барлық перзент мәпелеп өсірген ата-ананың алғысына бөленуі тиіс. Түптеп келгенде, «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген нақыл ұғынғанға ұғынықты сөз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ