Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есім қоюдың маңызы зор

Есім қоюдың маңызы зор

Жаңадан өмір есігін ашқан нәрестеге жақсы есім беру – ата-ананың міндеті. Себебі азан шақырып қойылған сәби есімі – оның өмірі үшін маңызы зор.
Ұлтымызға тән қасиеттің бірі  пер­зентіне барынша жақсы есім берумен басталып, ерекше мейіріммен қарап, оның тәрбиесіне аса жауапты болған. Бала тәрбиесін тал бесіктен бастау осыдан туындаса керек. Яғни ұрпағына мағыналы есім қоюдың маңызын жете түсінген. 
Жақын-жұрағат жиналып, ат қоя­тын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып,  нәрестенің оң құлағына есімін үш қайталап айтады. Бұл «баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін» деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының бірі болған. Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азанын айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше, сенің атың пәленше» деп, үш мәрте қайталап айтады. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен жақындарына ақ тілектерін айтып, үлкендер батасын берген. Міне, осы салт бойынша, ат қою рәсіміне жиналғандардың ішінен біреуі қазанның құлағын даңғырлата қағып, балаға қойылған атты үш рет қайталап, жұртқа жария ететін.
Ат қою рәсімі аяқталған соң ат қою­шы ата-ананың қалауымен сәбидің бе­тін ашып, көпшілікке көрсетеді. Бұл аты қойылған баланың елімен алғашқы жүздесуі деп есептелген. Міне, осындай әрбір іс-амалын, асылын дінімен астастыра білген халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең қалған.
Балаға есім қою туралы дінімізде де көптеген тағылымды хадистер бар. Хадис шәрифте: «Есімі жаман бол­ған адам оны әдемі атқа ауыстырсын» деп бұйырылған. Мұнда балаға жақсы есім таңдалсын, ол сол арқылы өз ғұмырында бақытты, дұрыс жолда болады деп есептеген. Керісінше, жас нәрестеге түсініксіз, бақытсыздық шақыратын есім қоюдан да аулақ болу керек.
«Балаға әдемі ат қою, дінін үйрету және уақыты келгенде үйлендіру баланың әкесіне деген ақыларына жатады» (Әбу Нуаим). Осы хадисте балаға деген ата-анасының парызы барынша түсінікті етіп айтылып тұр емес пе? Сонымен қатар сәбиіне есім беруде де басты жауапкершілік әкеге жүктеледі.
Жалпы ұрпағына ат қоюда ұлты­мыздың талғамы ерекше болған. Қай кезде де халқымыздың есім қою үр­ді­сінде қасиетті Құран Кәрімнен алынған есімдер көбірек кездеседі. Бұл біріншіден, асыл дінімізге деген құрмет болса, екіншіден, ұлы Жаратушыға деген шексіз махаббаттың белгісі болса керек. Осы дәстүр үзілмей күні бүгінге дейін жалғасып, бабалар салған жолмен есім беруді жөн көретіндер де көптеп кездеседі. Сондай-ақ ұлы тұлғалардың есімін беру де танымалдыққа ие. Бұл да болса, баласының өскенде сол тұлғаларға өссін деген жақсы ниеттен туған болса керек.
Балаға есім таңдаудағы талғампаз­дықтың ар жағында халқымыздың бо­лашаққа деген сенімі мен ерік жігерінің көрінісін байқауға болады. Яғни қа­сиетті есімді көтере алатындай, атына затына сай ұлағатты азамат болып өсіп, қалыптасады деген тағылымды тәрбие бар.
«Адам ұрпағымен мың жасайды»­ демекші, ұрпақ – артта қалатын із. Сондықтан балаға есім беруге тал­ғаммен қарап, еліне қызмет ететін адал ұрпақ болып тәрбиеленуін зор міндет деп білейік.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ
18 сәуір 2020 ж. 919 0