Балаң жақсы болса...
Жақында енем Жаңақорғандағы шипажайдан келіп, балалары мен немерелерінің ортасында мәре-сәре күй кешіп отырғанда біздерге бір әңгіменің тізгінін тарқатты.
– Аллаға шүкір, марқұм әкелеріңмен 40 жылға жуық бірге отасып, отбасылық бақыттың қуанышына кенелдім. Жас болдық, перзент сүйдік, қызық та қиын кезді бірге өткіздік. Қызығы деп отырғаным, бірінен соң бірі дүниеге келген мына өздеріңді сүйіп, перзенттің қуанышына кенелу бақыты бұйырса, қиыны бірде тоқ, бірде жоқшылықты көргеніміз. Көрген қиыншылықтың бәрі уақытша болғанына шүкіршілік етемін. Оның бәрі өтті де кетті. Ендігі арманым – осы қартайған шағымда өздеріңнен жамандық көруді жазбасын. 40 жыл бойы мұздай табаннан өткен сыз сыр беріп, денсаулықтан айырылып отырмын. Буын-буынымнан ұстап, сай-сүйегім сырқырап, жүріп-тұрудың өзі қиындады. Сондықтан Алладан тілерім, енді мен өздеріңнің жақсы болып жүргендеріңді көрсем, отбасыларыңды асырап, жаман аттарыңды естімесем, бұдан асқан артық дәрі де, ем де жоқ, – деп сөзін одан ары қарай жалғады.
– Мұны мен неге айтып отырмын? «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген бар. Аталарың да, мен де ата-анамыздың қадірін біліп өстік. Қанша дос-жаранмен араластық. Сондағы көргеніміз, қанасынан шыққан баласы жақсы болса, ата-анасының абыройы асады. Елдің арасында еңселерін тік ұстайды. Ал баласы жамандар ағайынның арасында қадірі де болмайды. Жүзін төмен ұстап, еңселері үнемі езіліп жүреді. Сөйтіп жүргенде жүрекке салмақ түсіп, өздерін жегідей жеп өмірден өтіп те кетеді. «Қарға баласын аппағым» деп сүйсе, «кірпі баласын жұмсағым» деген. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деп ата-ана бекерден бекер айтпайды ғой, – деп өмір туралы толғанып, аналық ақылын айтты.
Шынайы өмір туралы анамыздан естіп отырған бұл бірінші әңгімеміз емес, үнемі бізге осылай айтып отырады.
Иә, өмірде жақсы да, жаман да қатар жүретіні заңдылық. Жаманнан жақсы туса да, керісінше жақсыдан жаман туса да таңырқап жатамыз. Пендешілікке салынып, артынан асығыс сөз айтамыз. Бұған келтіретін мысалдар да жетіп артылады.
Бірде бар өмірін баласына арнап, таңның атысы, күннің батысы тапқан-таянғанын ұлының аузына тосып, өмірдің ащы кермегін молынан татқан келіншек егіл-тегіл болып ағылды.
«Е, Алла маған отбасылық өмірде бала бермедің. Сонша жыл тосуға шыдамаған ерім мені тастап кетті. Сабырдың түбі – сары алтын. Құдайдың қалауымен ұлды болдым, ол да ер жетті. «Бала берсең, сана бер! Сана бермесең ала бер!» дегенді естуші едім. Рас айтылған екен ғой. Жалмауызым болып жалмап бара жатқан мына жалғыз ұл менің өмірімді тозаққа айналдырды. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деп қатты күрсінді.
Жалғызынан ештеңені аямаған, бір өзі тағдыр теперішін көріп, жұмыстың ең ауырын істеп, қатарынан қалдырмай өсірген ұлы нағыз қыңыр, қырсық мінезді болып өсті. Күндіз-түні әлеуметтік желіде отырып, асырап баққан анасына нағыз оспадарсыз қылық көрсетті. Ер емес, қатыгез болған бала жесір анасын аямады. Қалтасында тиыны болмаса, анасын кінәлады. Баласынан көңілі қалған ана өмірден баз кешті. Анасының мейірімін аяламаған бала нағыз жексұрын болып бара жатқанына кім кінәлі деген сұрақ жанын жегідей жеді.
Ал бұл оқиғаға не айтуға болады? «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген осындайда ойға оралады. Мүмкін ер жеткен соң қатесін түсінер. Анасының төзімділігіне осындай жауап қайырған баланың болашағына әлде де балта шабуға болмас. Әлде де ойланар, Алланың мейіріміне бөленетін кез келер деп үміттенеміз. Себебі «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» демей ме?! Сонау құдірет иесінің аялы алақаны ең мейірімді, әрі Алладан кейінгі барлық кеңдіктің иесі екеніне көзі де жетер деген сенімдеміз. Өмірде мұндай мысалдар көп. Дегенмен мына жалған өмірде бір-біріміздің қадірімізді түсінгенге не жетсін?!
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ