Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан салалы аграрлы-техникалық колледж

Сан салалы аграрлы-техникалық колледж

Мамандық таңдау жауапкер­ші­лікті қажет етеді. Осынау ма­ңызды іске келгенде, яғни маман­дық таң­дағанда әрбір жас өзінің қызығу­шылығына, қарым-қабілетіне, бейі­міне және қалауына сүйенгені абзал. Себебі таңдаған мамандығы ар­қылы адам келешекте өзін және отбасын асырайтын, қамтамасыз ете алатын жағдайда болуы керек. Қа­зіргі таңда мамандықтың сан ал­уан түрі бар. Таңдау жасау да оңай емес. Сондықтан адамның бола­шағы таңдаған мамандығына да байла­ныс­ты екенін ұмытпаған жөн.
Қазір нарық жағдайында жастарға кәсіптік білім беру мен жұмысшы мамандарын даярлаудың аясын кеңейту бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Осыған орай жастарды мамандыққа бау­луда аудандағы аграрлы-техникалық колледждің орны бөлек. Колледжді еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сәйкес мамандықты дайындауды қам­тамасыз етіп келе жатқан оқу орны деп айтуға толық негіз бар. Себебі колледж оқытушылары сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау­­ды мақсат еткен. Жалпы елімізде соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп, ізгі шаралар қолға алынды. Соның айқын мысалы ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Баршаға арналған тегін кәсіби техникалық білім беру» жобасы. Аталған жобаны іске асыруда колледж оқытушылары бірнеше мамандық бойынша мамандар дайындауда.
Сырдария аграрлы-техникалық колледждің ір­гесі 1969 жылы қаланып, 1976 жылдан типтік жобамен салынған ғимаратта жұмыс жасайды. Оқу корпусы, шеберханалар блогы, спорт залы, акт залы, заманауи үлгідегі жатақханасы бар колледж­де 38 инженер-педагог студенттерге дәріс береді.
Колледжде мемлекеттік тапсырыс бойынша 9 сынып негізінде «Ферма шаруашылығы», «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинисті», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша оқытады. Сонымен қатар дәнекерлеу ісі мен тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығын дайындайтын колледжде 10 айлық курсқа білім алушыларды да оқуға қабылдайды. Барлығы 25 білім алушы «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасы негізінде ферма шаруашылығы маман­дығына үйренуде.
Колледждегі оқытудың жүйесі туралы колледж директоры Д.Қожахметов:
– Колледж дуальды оқыту жүйесімен жұмыс істейді. Бұл әлем бойынша техникалық және кә­сіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолы. Аталған жүйені енгізудегі негізгі бағыт – колледждің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту, түлектерді жұмысқа орналастыру, кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестікті дамыту. Сонымен қатар кітапхана қорын электрондық оқулықтармен, ма­мандық бойынша оқулықтармен толықтыру, жоғары білікті педагогикалық кадрларды тарту жолымен өндіріс саласына бәсекелестікке қабілетті мамандарды дайындаудың сапасын жетілдіру. Колледждің алдындағы мақсат – мамандарды кәсіби бағытқа негіздеп дайындау және қатаң түрде экономикалық қажеттіліктермен өзара байланыс­тыру болса, бұл тұрғыда әлеуметтік серіктестіктер тауып, олармен бір мақсатқа жұмылдырылған келісімшарт, байланыс орнатылды. Ал басты міндет – жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, кәсіби деңгейі жоғары мамандар шығарып, олардың әрі қарай еңбекке араласуын қамтамасыз ету, – деді.
Колледж бүгінде сұранысқа сай мамандық ие­лерін дайындауда. Соның бірі – қыз-келіншектерді тігіншілікке үйретіп жатқан арнайы курс.
– Колледжде соңғы үлгідегі тігін машиналарымен жабдықталған тігін шеберханасы бар. Студенттер сәнді киім үлгілерін дайындауға машықтанады. Кенттегі «Сымбат» ЖШС-мен тығыз байланыс орнатып, студенттердің дипломдық өндірістік ма­шықтануын қамтамасыз етеміз. Сабақтан тыс уа­қытта мамандық бойынша «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірмеде қыздар макеттер мен үлгілер, технологиялық карталар дайындауға, күнделікті тұтынатын төсеніш жиынтықтарын, құрақ көрпеше, әшекей жастық тысын тігуге үйренеді, – дейді тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу және модельер-пішуші мамандығына дайындайтын инже­нер-педагог Алтын Қожақова.
Сан салалы мамандық дайындауда кәсіби білікті педагогтар қызмет ететін колледж алдағы уақытта ауданға қажетті мамандықтарды анықтап, жаңа мамандықтар дайындауды мақсат етіп отыр. Ол үшін колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту, машина жөндеу шеберханасын ашу, ақылы оқыту бойынша қысқа мерзімді курс ұйымдастыру міндеті іске асады. Жалпы аталмыш оқу ордасы жастарға кәсіби бағдар береді.

Бибісара ЖАНӘЛІ

25 сәуір 2020 ж. 549 0