ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАЙТЫН ЖЫЛ
Биылғы айтулы жылға орай Сырдария агро-техникалық колледжде жастар жылының салтанатты ашылуы өтті. Оған аудандық «Жастар» ресурстық орталығы мамандары, колледж ұстаздары мен студенттері қатысты.
Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін салтанатты шарада колледж директорының міндетін атқарушы Нұртаза Нұғыман құттықтау сөз сөйледі.
– Отанына адал, озық білімді және кәсіби жоғары шыңдалған жастар – мемлекетіміздің стратегиялық қоры болып есептеледі. Осындай ұлы құндылықтарды қай кезде де ұғына білетін кемеңгер Елбасымыз 2019 жылды – “Жастар жылы” деп жариялады. Бұл Сіздерге беріліп отырған зор мүмкіндік. Жастар – елдің болашағы. Сол себепті бүгінгі буын сапалы білім алып, тұғыры биік мемлекеттің туын тік ұстауы тиіс. Расында, жастық жалын мен қайрат-жігердің иелері үшін бұл шешім зор қолдау және жаңа серпіліс берері анық, – деді Н.Нұғыман.
Құттықтаудан соң әр саланы меңгеріп жүрген колледж студенттері өз мамандықтары жайлы мақтанышпен айтты, “Жастар жылына” пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, колледждің «Аспаз» мамандығы бойынша ІІІ курс студенті, еріктілер жасағының мүшесі Айдаулет Мырзапияев Мемлекет басшысы бұл жылды жастарға нық сеніммен тапсырғанын атап, қазіргі таңда олардың білім алуына, еңбек етуіне барлық мүмкіндіктер жасалуда екенін жеткізді. Осы орайда, егемен елімізді іргелі мемлекетке айналдыру жолында әрбір жас өзінің үлесін қосатынына сенетінін жеткізді. Ал «Аспаз» мамандығы бойынша ІІІ курс студенті Любовь Дышкант шебер аспаз болуды армандайтынын айтты.
– Аспаз деген өте жоғарғы дәрежелі мамандық. Бұл мамандықтың қиындығы сонда – аспаздықты тек қана оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, оған адамның бойында осы керемет мамандыққа деген бейімділік, дарын болу керек. Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Оны әрі қарай жалғастырып, шебер аспаз болуды армандаймын. Және осы мақсатқа жетуге бар уақытымды арнаймын. Тігіншілікті меңгеріп жатқан Кәмшат Раппазадаева да жиналғандарды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, өзі таңдаған мамандықтың маңызына тоқталды. Колледж студенті аталған мамандық еңбек нарығында аса зор сұранысқа ие екенін айтты. Тұрғындарға қызмет көрсету саласындағы шығармашылық кәсіпті колледжден толық игеріп шығуға мүмкіндік бар екенін, мұның ұлттық қолөнерді дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге септігі зор екенін атады.
«Тас, кірпіш қалаушы» мамандығының І курс студенті, күрестен ҚР чемпионатының жеңімпазы Дінмұхаммед Айдарбеков бұл жыл жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтса, агро-техникалық колледж жанынан құрылған «Жастар ісі» жөніндегі комитет төрағасы Асхат Өтебаев жаңа белестерді бағындыратын жыл екенін жеткізді.
– Елбасының ауыл жастарына берілген үлкен мүмкіндікті дұрыс пайдалана білгеніміз жөн. Талантты, талапты жастар ауылда жетерлік. Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Еліміздің болашағы, жаңа, әрі жас буыны – біздер. Қазіргі техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның шарықтап тұрған заманында, біздер шеберліктің шыңына жете біліп, білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға дағдылануымыз керек, – деді белсенді жас.
Салтанатты шарада колледж студенттері өз өнерлерін көрсетті. Жастықтың оты жалындайтын жылда олар өз үлестерін қосатынына сенім білдіріп, шара барысында патриоттық әндер шырқады, флешмоб биледі.
Е.БЕРКІНБАЕВ