Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ


Жақында М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің үгіт-насихат тобының «Мамандық таңдау – өмір жолыңды айқындау» тақырыбындағы кәсіби бағдар беру жұмыстары ауданға қарасты Тереңөзек кенті мен елді мекендерінде ұйымдастырды.
Жиынды колледждің оқу-ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі Ж. Р. Шермаханова ашып, 87 жылдық тарихы бар республикамыздағы іргелі оқу орнында 2018-2019 оқу жылы даярланатын мамандықтарға тоқталып, колледждің заманауи материалдық-техникалық базасы, оқытушылардың сапалық құрамы, әлеуметтік серіктестіктер, халықаралық озық тәжірибені ендіру, мәртебелі түлектер туралы баяндап өтті. Колледждің стратегиялық бағыт-бағдарын, оқу-тәрбие процесіндегі оң жетістіктерді насихаттайтын бейнеролик көрсетіліп, әр мамандық бойынша әзірлеген фото-альбомдар оқушылардың қызығушылығын оятты. Сол сияқты, хабарламашы өз сөзінде негізі 1932 жылы қаланған бұл білім ордасында «Білім беру», «Өнер және мәдениет», «Байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар», «Сервис, экономика және басқару» бейіні бойынша мамандар даярланады. Соның ішінде, оқу орны педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға басымдық береді. Атап айтқанда,озық тәжірибесі мен бай тарихы бар «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Музыкалық білім беру» мамандықтары. Тәуелсіздік жылдарында «Негізгі орта білім» – «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шет тілі», «Физика», «Математика», «Информатика» мұғалімі біліктіліктері және «Бейнелеу өнері және сызу», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары бойынша мамандар даярлана бастады.
Колледж – «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны» байқауының жеңімпазы. Оқу орны Қазақстанның үздік колледждері арасында өткен «Қазақстанның үздік гуманитарлық - экономикалық колледждер рейтингісі – 2016» тәуелсіз қазақстандық агенттігінің жүргізген зерттеулері мен сараптамасы бойынша 100 балмен 1-орынды иеленді. Қазақстанның Ұлттық бизнес - рейтинг Одағының сараптау қорытындысы бойынша оқу орнының жетістіктері мен үздік көрсеткіштері бағаланып, ҚР кәсіпорындар арасында «Даму динамикасы» номинациясы бойынша алтын рейтингке, «Темп роста» номинациясы бойынша күміс рейтингке ие болды.
Аймақтың индустриялық - экономикалық стратегиясына сәйкес, биылғы оқу жылынан бастап колледжде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» мамандығының «Есептеу техникасы бойынша бағдарламашы қолданбалы бакалавр» біліктілігі және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту қолданбалы бакалавр» біліктілігі бойынша мамандар даярлау жоспарлануда. Сол сияқты, жаңадан «Кескіндеу, мүсіндеу және графика» (түрлері бойынша) мамандығының «Суретші-безендіруші» біліктілігі бойынша талапкерлерді қабылдау жүргізіледі.
Колледж бітірушілері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Оған дәлел, бітірушілердің бітірген жылы 94 пайызының жоғары оқу орындарына түсуі мен жұмысқа орналасуы. Баса атап кететін жай, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының бітірушілерінің бірнеше жыл қатарынан 100 пайызының жұмыспен қамтылуы.
Колледж жанынан ашылған студенттік бизнес – инкубатор арқылы бітірушілер нарықтық кәсіпкерлік қызметті меңгеріп, 20-дан астам түлек өз бизнестерін ашып, кәсіптерінің жемісін көруде, деп өз сөзін түйіндеді.
Колледж оқытушылары Г.Мұхиддинова, Қ.Мұстапаева, Р.Абайдуллаевалар мамандықтар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушыларға жарнама брошюраларын таратты. «Музыкалық білім беру» мамандығының бірінші курс студенті Әбітай Асхат мамандығының ерекшелігін, студенттік өмір мен оларға жасалып жатқан жағдайларды, жастардың кәсіби табыстары туралы сөз қозғады. Өз сөзін өнерімен түйіндеген Асхат қатысушылардың ризашылығына бөленді. Сол сияқты, «Негізгі орта білім беру» (Ағылшынша білімі бар математика мұғалімі) мамандығының екінші курс студенті Жұлдызбек Ботагөз мектеп оқушыларын ХХІ ғасырда еңбек нарығында сұранысқа ие, зерделі, зияткер, өркениеттің ұлы көшіне бағыт алған көптілді, көпмәдениетті, жаңашыл маман болуды көздесе, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжіне оқуға түсуге шақырды.
Мектеп оқушылары өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, колледж оқытушылары мен студенттерінен маңызды, тұшымды ақпараттар алды.
Сол сияқты, үгіт-насихат тобының мүшелері Шаған, Шіркейлі, Н.Ильясов, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Қалжан Ахун, Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл ауылдарында болып, жастарды колледжге оқуға түсуге шақырды.

«Тт» ақпарат
15 мамыр 2018 ж. 1 953 0