Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елінің ұланымын

Сыр елінің ұланымын

Қасиетті сыр елі талай талантты перзенттерді өсіріп, ұядан ұшырған құтты мекен. Олардың қатарында сан түрлі мамандық иесі атанып, туған елден жырақта жүргендермен қатар енді ғана қанатын қатайтып, арман қуып, шет елде білім алып, болашақта білікті маман атанып, туған жеріне қызмет етуді мақсат еткендер де бар. Сондай түлектердің бірі Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясының Төтенше жағдай министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының бірінші курс студенті Әлихан Мұқтар. Арманы асқақ Сырдарияның ұланымен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Әлихан, туған елдің ыстық сәлемін қабыл алыңыз. Ең бірінші сұрақ әрине, өзің туып өскен жерің мен білім алған алтын ұя мектебің туралы айтсаң, қай мектепте оқыдың, мектепті қашан бітірдің?
– «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, қасиетті туған жерге деген сағынышымыз бір сәтке де басылған емес. Дегенмен ер азамат болып дүниеге келген соң туған еліме қызмет етуге тиіспін деген сезім көкірегіңде сайрап тұрады. Сондай арман-мақсатпен қанаттандырған алтын ұя мектебім – Тереңөзек кентіндегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің мұғалімдеріне шәкірттік алғысым шексіз. Балалық шақтың естелігі өте көп. Әсіресе, дос­тарыммен бірге болған кездерім ұмытылмайды. Мектепке бірге барып, бала кезімізден айнымас дос болған Димаш, Асхат, Бауыржан, Расулмен болашағымыз туралы көп әңгімелесетінбіз. Мен түрлі техниканы – кеме, ұшақ, машинаның модельдерін құрастыруды ұнататынмын. Содан болар архитектор болуды армандадым. Бір күнімізді бос өткізбеуге тырысатынбыз. Қандай үйірме бар, мейлі ол бокс, көгалдағы хоккей, футбол, күрес бәріне қатысатынбыз. Жалпы барлық спорт түрімен айналысқанымыздың пайдасы болар, епті, ширақ, әрі шымыр болып өстік.
– Қазір Мәскеудің ең беделді оқу орынының бірінде оқисың. Осы оқу орнының студенті атануына не себеп болды? Мамандықты қалай таңдадың? Болашақ өзіңнің ізіңді басатындарға кеңес ретінде қандай сынақтардан өткеніңді айтсаң?
– Мектеп бітіретін жылы мамандық таңдағанда әскери оқу орнында оқуды мақсат еттім. Сол себептен қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына түсуге ниет білдірдім. Таңдау пәнім физика мен математика болғандықтан, осы пәндерге ерекше зейін қойып дайындалдым, әскери нормативтерді тапсыруға тыңғылықты дайындық жүргіздім. Мезгілі келгенде, ҰБТ тапсырып, 98 балл алдым. Өзім армандаған оқу орнына түсу үшін Көкшетау қаласына аттандым. Оқу орнынан медициналық тексеруден өтіп, психологиялық тесттен бастап, бірқатар нормативтерді ойдағыдай тапсырдым. Сол кезде Көкшетауға Ресейден Академия өкілдері келіп, ҰБТ нәтижелері 80 балдан асқан талапкерлерге Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск қалаларындағы Төтенше жағдай Академияларына оқуға түсуге емтихан тапсыруға ұсыныс білдірді. Мен көп ойланбастан үш сынақты да тапсырдым. Нәтижесі де жаман болмады. Ресей Академиясының студенті атанған 37 қазақстандық талапкердің бірі ретінде 2019 жылы Мәскеуге атандым. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, бағымды сынап көргеніме өкінбеймін. Жастарды ештеңеге алаңдамай, қандай да болсын мүмкіндікті жібермей, бақтарын сынауға шақырамын. Таңдаған мамандығың арқылы елдің келешегіне қызмет ететіндігіңді ойлағаныңның өзі қандай ғанибет.
– Туған жерден шалғайда жүргендіктен, өзге елде оқу әдепкіде қиын болған шығар? Академияда өзің секілді Сыр елінің жастары бар ма? Олармен байланыс қалай орнаған?
– Үнемі ата-анаңның қасында болу жақсы ғой. Дегенмен, уақыты келгенде оқу оқып, мамандық иесі атануың керек. Бұл өмірдің заңы. Алғашқы кезде жат жерге үйренісу қиын болды. Ата-анаңды, ауылды сағынасың. Оның үстіне оқу орнында тәртіп қатаң. Осындайда жерлестерің демеу болады. Біздер бір-бірімізге бауыр, нағыз дос болуды үйрендік. Бірінші курстағы бір ғана қызылордалық болғаныммен, екінші курста оқитын Шалқар есімді Қызылорда қаласының азаматы бар. Шалқар әрдайым қол ұшын созуға даяр тұрады. Негізі Академияның офицерлері, оқытушылары біздерді бір-бірімізге үйренісуге, оқу барысына қалыптасуға барлық жағдайымызды жасап, қамқорлық танытып келеді.
–  Мемлекеттік Өртке қарсы Қызмет Академиясы басқа оқу орынынан несімен ерек­шеленеді?
– Академияда кең профильді өрт қауіпсіздігі, техносфералық қауіпсіздік, өрт және төтенше жағдайлардағы тергеу ісі, информациялық қауіпсіздік және тағы басқа мамандықтар кафедрасы бар. Оқытушылар білікті, білімді, тәжірибесі мол. Сабақ әскери тәртіппен өтеді. Алғашқы екі жылда казармада жатып оқимыз. Мұнда әскердегідей тәртіп қатаң сақталады. Сонан соң 3 және 4 курста жатақхана беріледі. Академияға қатынап оқитын боламыз. Академияда қыз балалар да оқиды. Жалпы таңғы 6.00-ден кешкі 22.00-ге дейін әскери тәртіп. Барлық сабақ орыс тілінде жүреді.
– Болашақта қандай мамандық иесі ата­насың?
– Болашақта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің техносфералық қауіпсіздік сақтау офицері мамандығы иесі атанамын. Әрине, бізге сенім артып, қолдап, оқуға мүмкіндік беріп отырған соң біздің бас­ты парызымыз – Отанға қызмет ету. Келешекте туған еліме қайта оралып, осы салада қызмет етуді мақсат етемін.
– Сабақтан тыс уақытта немен айналысасың? Қосымша үйірмелерге баруға немесе танымың­ды кеңейтуге уақыт бола ма?
–  Сабақтан тыс уақытта мен әр күнде болған оқиғаларға сурет салып, орысша айтканда боевой лис­ток әзірлеймін, жаттығулар жасаймын. Академияда спорт үйірмелері, компьютерлермен жабдықталған кабинеттер, кітапханалар, бассейн бар. Бос уақытта Мәскеудегі музейлер, түрлі көрмелер, әйгілі ВДНХ көрмесіне, КВН, концерттік бағдарламаларға барып та үлгеруге тырысамыз. Бос уақытын болу үшін сабақтан  жақсынәтиже көрсетуің керек.
– Өзіңмен бірге қандай ұлт өкілдері бірге оқиды? Қай елдерден келген жастар бар?
– Біздің курста орыс, осетин, абхаз, моңғол, Куба, Вьетнам, Молдова елдерінің өкілдері оқиды. Барлығымыз татумыз. Туған күндерді бірге атап өтуге тырысамыз. Қазақ ұлтының ұлық мерекесі – Наурыз мейрамында дастархан жайып, басымызды қосамыз. Қазақтың дәстүрімен дастарханда ас қайырамыз.
– Қазір әлемдегі пандемия студенттерге де оңай тимеді. Оқу процесі қашықтан жүргізіліп, студенттер үйлеріне қайтты. Менің білуімше, өзің білім алатын оқу орнында оқу тоқтаған жоқ. Бұл сақтық шараларына әсер етпейді ме? Мәскеуде адамдардың қауіпсіздігі үшін қалай күрес жүргізілуде? Барлық жоғарғы оқу орындары оқуды қалай жалғастырып жатыр?
– Мәскеу – ірімегаполистердың  бірі. Бұл қалада 12 миллионнан астам халық тұрады. Әлбетте,Ресей және  Мәскеу әкімдігі халықты вирустан аман алып қалу үшін бүкіл шараларды қолданып жатыр. Олардың қатарында залалсыздандыру шаралары күшейтілген. Бет перде тағып жүру, гигиеналық ережелерді қатаң сақтау талабы қойылған. Біздің де оқу орнында тазалық сақтауға аса мән берілуде. Студенттерді еліне қайтармағанымен осы жылдың алтыншы сәуірінен бастап қашықтан оқыту тәртібіне ауыстырды. Ол үшін студенттерге барлық жағдай жасалған.
– Отбасың туралы айтсаң. Ата-анаң, бауыр­ларың?
– Туған-туыспен, ата-анаммен, достарыммен жиі хабарласуға мүмкіндігіміз бар.Ол үшін Whatsapp, Инс­таграм желілерін пайдаланамыз. Отбасым туралы айтсам, менің атам Мұқтар Бержанов Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Гвардия лейтенанты, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, соғыста көрсеткен ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталған жауынгер. Белорусь, Сталинград майданында болған взвод командирі. Атамды мен көрмегеніммен оның айтқан сөздерін, жасаған ерліктерін әкем, ағайындарым үнемі айтып, еске алып отырады. Ал 9 мамыр біздің отбасымыз үшін әлі күнге дейін ең атаулы күн. Жақындарымыз біздің үйге жиналып, атамызға құран оқыту осы күнгі дәстүріміз. Әлі есімде Жеңіс күні қарсаңында үйге нағашы атам келгенде соғыс кезінде жайынгерлердің сүйікті әні болған «Катюшаны» бәріміз қосылып айтатынбыз. Қарап отырсам, мұның барлығы баланы патриот ретінде тәрбиелеудің құралы екен.
Қазір отбасымда әкем Өмірхан, анам Зина бар. Екеуі де қарапайым жандар. Әкем мұнай компания­сында, шебер болса, анам мұғалім.  Әпкем Шынарай – биология магистрі, ағам Азамат Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университетінің студенті.
– Оқуыңды аман-есен аяқтап, мамандығың бойынша туған елге қызмет етуіңе тілектеспін.

Сұқбатты жүргізген
Бибісара ЖАНӘЛІ

21 сәуір 2020 ж. 1 061 0