Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпион болған кім?

Чемпион болған кім?

Ауыл баласына мал бағып, күріш өсіру таңсық емес. Дегенмен әр кәсіптің өзіне тән қиындығы, жауапкершілігі болады. Күріш өсіру – гүл өсіру емес. Ала жаздай күнге күйіп, алқаптың басында жүресің. Күнделікті судың мөлшерін, дақылдың тыңайтқышпен қоректендірілуін бақылайсың... «Балапанды күзде санайды» дегендей, биылғы сарыала күз бесарықтық диқан Нағашыбек үшін нәтижелі болды. Өзіне бекітілген 20 гектар алқаптың әр гектарынан 86,3 центнерден өнім жинады. Бас маман Б.Белгібаевтың айтуы бойынша шаруашылық чемпионы Н.Әбдібековтің алқабынан қырманға 172 тонна 600 келі Сыр маржаны түсті. Озат күрішшінің жыл басынан қабылдаған міндеттемесі 80 тонна болатын. Майталман күрішші 92 тонна өнімді артығымен тапсырды. Нағашыбек диқаншылыққа келуінің мәнісін туған жерден жырақ кетпей, ауылда қалып еңбек етуімен түсіндіреді. Ағалары әке таяғын ұстап, қой шаруашылығында болса, өзі диқаншылықты қалаған. Жиырма жылға жуық уақыт осы салада еңбек етеді. – Менің жоғары нәтижеге жетуіме бас мамандар, егіс бригадирі Асыл Иманғалиевтың ықпалы мол. Құрылтайшы «Абай-Дәулет» ЖШС басшылығы еңбек адамдарын ынталандыруға жоғарғы дәрежеде мән береді, – дейді Нағашыбек Әбдібеков. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді халық даналығы. Озат күрішші өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, маңдай терлетіп, еңбек етуінің нәтижесінде балаларын жоғарғы оқу орындарында оқытып, отбасының жақсы тұрмыста болуын қамтамасыз етіп келеді.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
08 қазан 2019 ж. 624 0

Ұқсас жаңалықтар: