Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери мектептің оқытушысы

Әскери мектептің оқытушысы

Сырдария ауданының түлектері талантты. Сан алуан мамандық меңгерген олар еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Түлектер арасында ғалым, банкир, зергер, композитор, журналист, әскери дәрігер, тағы басқа мамандық иелері бар. Бүгінгі оқырманға таныстырғалы отырған оғланымыз – ұлағатты ұстаз, әскери мектеп оқытушысы Серік Ақылбеков. Қазіргі таңда ол Нұр-Сұлтан қаласында атақты генерал, халық қаһарманы С.Нұр­мағамбетов атындағы «Жас ұлан» респуб­ли­калық мек­тебінде қоғам­дық пәндер оқытушысы болып қызмет атқарады.
– Серік Аманқосұлы, мәртебелі мамандық – мұғалімдікті таңдауыңызға не себеп болды?
– Қай түлектің болмасын болашақ мамандығын таңдауы жоғарғы сыныптарда қалыптасады. Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенімде бізге тарихтан Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті ұстаз Қасымхан Ысмайлов сабақ берді. Ағайдың дәрісі шәкірт санасында тарихқа қызығушылықты оятатын. Ұлы Абай «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, ағайдың әсерімен тарих пәнінің оқытушысы болуды қаладым. Сондай-ақ осы мұғалімдік мамандықты таңдауыма бастауышта сабақ берген Зейнеш Бодықова, химия пәнінің мұғалімі Сұлупан Шамшадинова, әдебиетші Ажар Әзқожаева апайлардың және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Кеңес Иноятовтың ықпалы болғаны анық.
– Марқұм әкеңіз Аманқос ағай бізге жоғары сыныптарда алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс берді. Сіз қазір әскери мектептің оқытушысы көрінесіз. Әке мен бала мамандығының арасында байланыс бар ма?
– Әкем алғашқы әскери дайындық пәнін ең алғашқы бастағандардың бірі. Иә, мен қазір генерал С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде қоғамдық пәндер оқытушысы болып қызмет атқарамын. Мен бала кезден әскерилерге қызығатынмын. Білмеймін, мүмкін әкемнің алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беруі де септігін тигізген болар. Бірақ бұрынғы Кеңес Одағы кезінде барлық ер балалардың әскерилерге деген көзқарасы ерекше еді, мүмкін сол кездегі идеологияның күшті болғандығынан шығар. 8 сыныптан соң Шымкент қаласындағы республикалық арнайы мектеп интернатына (РСШИ) оқуға түстім. 1985-1987 жылдары оқып, ол оқу орнын тастап, ауылға келіп 1988 жылы мектепті бітірдім, жоғарғы оқу орнына түсіп, оны аяқтадым. Қанша жыл мектепте жұмыс істедім. Өмір деген қызық қой. 2018 жылы Астанаға көшіп келгенде «Жас ұлан» мектебінде жұмыс істеймін деп ойламаған едім. Бірақ ойламаған жерден осында бос орын болып жұмысқа тұрдым. Маған мұнда жұмыс істеген ұнайды, баяғы балалық шақ еске түседі. Сол тәртіп, әскери өмірге бейімделген ұландар. Қазір ойлап отырсам, мен де әкем сияқты болашақ әскерилерге ұстаздық етемін.
Әкем оқушыларға алғашқы әскери білім берген болса, мен болашақ әскерилер – ұландарға ұстаздық етемін. Демек, әке мен бала мамандығының арасында байланыс бар деп айтуға болады.
– Жоғарғы оқу орнын қайдан бітірдіңіз?
Шымкент қаласынан бітірдім. Мектептен соң 1988 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының тарих-педагоика факультетіне түстім. 1994 жылы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің М.Әуезов атындағы педагогикалық институтын тарих мұғалімі мамандығы бойынша аяқтадым. Қазіргі Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ 1992 жылы біздің институттың базасында ашылған еді.
– Еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз?
Ұстаздық еңбек жолымды мен студент кезде, яғни 1992 жылдан бастадым. 1992-1993 жылдары Шымкент қаласында Т.Рысқұлов атындағы №25 орта мектепте тарих пәнінен сабақ бердім. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң 1994-1995 жылдары Ішкі істер әскерінде Отан алдындағы әскери борышымды өтедім, лейтенантпын. 1997-2018 жылдары Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Астрахан ауылындағы Астрахан № 1 орта мектебінде тарих пәнінен сабақ бердім және осы мектепте 2007-2014 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2016-2017 жылдары осы ауылдағы №6 агротехникалық колледж­де де тарих пәні оқытушысы қызметін атқардым.
– Қазіргі оқытушылық қызметіңіздің жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда ерекшеліктері қандай?
– Мен 10-11 сыныптарға тарих пәнінен сабақ беремін. Әрине мұнда оқуға түсу үшін ең бастысы оқу үлгерімі жақсы болу және денсаулығы мықты болу керек. Қандай ерекшелік айтсақ болады, генерал С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің басқа мектептерден ерекшелігі, бұл оқу орнында республикамыздың барлық өңірінен ұландар оқиды. Соның ішінде біздің ауданнан да бар, №191 орта мектептен. Бұл оқу орнын бітірген ұландар негізінен еліміздің және кейбір шетелдердегі жоғары әскери оқу орындарына түседі. Мектептің күн тәртібі әскердегідей.
– Туған жерге жиі ат басын бұрасыз ба? Балалық шақтан қалған естеліктер бар ма жадыңызда?
– Жиі бармасам да қол тигенде ауылға баруға тырысамын. Әрине еске түскендерін айтып көрейін. Біз 8 сыныпқа дейін темір жол вокзалы мен поштаның қасындағы көп қабатты үйде тұрдық. Біз тұрған үй алғашқылардың бірі болып салынған еді. Кейінгі салынған көп қабатты үйлердің құрылысында балалармен бөлініп, ойын ойнағанбыз. Балалық шақты еске алсам, сол уақыттарда велосипедпен орталық алаңда жүретініміз, кешке қарай Сырдария өзеніне барып суға түсетініміз, жарысып қайтатынымыз еске түседі. Вокзалдың қасында бақ бар еді, соған ұрлыққа түсетінбіз. Алаңда кинотеатр бар еді ғой, сонда киноға баратынбыз. Қара терге түсіп асық ойнайтынбыз, ләңгі тебетінбіз, «айтмаш» деген ойын бар еді ғой, соны ойнайтынбыз. Ол кезде кешке қарай үлкендер де далаға шығып волейбол ойнайтын. Қыстың күндері керзі етікпен, қолдан жасаған доптаяқпен хоккей ойнайтынбыз. Шанамен әуе қорғанысы ғимаратынан төмен қарай сырғанайтынбыз. Жылда келетін, вокзалдың қасында палаткаларға жайғасып алатын сығандарды қызықтайтынбыз. Күздің күні жиын-терім кезінде Алматыдан студенттер келуші еді ғой, соларды қалай күтіп алатындарын да қызықтаушы едік. Жалпы вокзалдың, автовокзалдың қасындағы өмір қызық еді.
– Негізгі мамандықтан бөлек қандай қызығу­шылығыңыз бар?
– Спорт жағына қызығамын. Футбол ойнаймын, жүгіремін. Жалпы спорттың көптеген түрлерінен хабарым бар.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

27 наурыз 2020 ж. 751 0