МЕН ҮШІН ДАРА ЕСІМ
Ұстазым... Аяулы мұғалімім... Ақылшым.... Қандай керемет, жүрек түкпірінде мәңгі сақталатын қастерлі де қасиетті сөз. Ұстаз - жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын ең сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басына жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
2012 жылы арман қуып, № 36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп – лицейіне жұмысқа орналастым. Мектеп табалдырығын ең алғаш аттаған шынашақтай жас шыбық секілді мен де сүйікті мамандығымның қырсырын білмейтін едім. Білгенімнен білмегенім көп мұғалімдік қызметімде ұстаздар қауымы ішінде мен үшін есімі дараланып тұратын. Мейрамкүл Серікбайқызы – мен үшін ұлағатты ұстаз.
Мақалама арқау болып отырған ардақты ұстаз Мейрамкүл Серікбайқызы 1957 жылы талай Сыр талантары мен дарабоздарын өмірге әкелген Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде қарапайым отбасында дүние есігін ашқан. Асқар таудай әкесі – Серікбай, аяулы, елге қадірлі анасы – Гүлшат алақандарына салып, мәпелеп отырған Алланың берген 4 қыз, 1 ұлының бойына адамгершілік, имандылық, ізгілік, мейірімге толы бауырмалдық секілді асыл қасиеттерді тұла бойларына сіңіріп өсірді. Сондықтан болар өз бауыр еті балаларының өмірден алар сыбағалары мол болсын деген ниетпен тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Қырдың қызыл қызғалдағындай құлпырып өскен қыздарының ішіндегі дарасы Мейрамкүл Серікбайқызының өмірден алар асуларына, келешегіне ардақты әкесі үлкен үмітпен қарады. Жастайынан оқу – білімге құштар, ұлағатты ұстаз болсам деген арманы асқақ Мейрамкүл Серікбайқызы атаанасының сенген сеніміне еш шүбә келтірмей, №35 М.И.Калинин (қазіргі Иса Тоқтыбаев) атындағы мектепті ойдағыдай бітіріп, Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін жақсы бітіріп шығады. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, үлгілі ел адамын жасасам деп алдына мақсат қойған менің ардақты ұстазым ең алғаш рет еңбек жолын 1980 жылы «Қызылдихан» деп аталатын (қазіргі О. Мәлібаев) елдімекеніндегі №131 мектебінде 6 жылдай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жемісті қызметтер атқарады. 1 жылдай аталған мектепте мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып шығады. «Жас келсе - іске» дегендей, аз ғана уақыттың ішінде жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Аталған осы жылдардың ішінде жас шыбықтай ирелеңдеген жасөспірімдердің бойына біліммен қатар, рухани ұлттық тәрбиені сіңіре білді. Ерен еңбегі мен алтындай уақытын аямайтын, шәкіртке деген сүйіспеншілігінің нәтижесі болар, аудандық білім бөліміне арнайы шақырту алады. 10 жылдай аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинет меңгерушісі, білім бөлімінің бас маманы секілді беделді қызметтер атқарады. Осы жылдар ішінде арқасына арқалаған педагогикалық жүгі жеңіл болмады. Аудан, қалды ауыл мектептерінің қазқ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерімен қоян-қолтық етене араласып, тіл кабинеттерінің жүйелі түрде жабдықталуына, бұғанасы қатаймаған біз сияқты жас мамандардың аяққа нық тұрып, білікті де білімді мұғалім болуына, сабақтың сапалы берілуіне мән бере отырып, абыройлы жұмыстар атқарады. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден орнын ерекшелендіріп тұрады. Уақыт бір орнында тұрмайтыны хақ. Отбасылық жағдайына байланысты Мейрамкүл Серікбайқызы аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеплицейіне мүғалімдік қызметке орналасады. Мектеп қабырғасында білікті мұғалім болып атқарған жылдары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болды. Сөзімнің тұздығы болсын, қазақтың маңдайына біткен, есімі ел жадында алтын әріптермен жазылатын Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық еңбектерін зерделеу бағытында ұйымдастырылған республикалық байқауда жүлделі І орынға ие болып, құрмет грамотасымен марапатталса, облыс мұғалімдерінің жүйелі сабақ беру деңгейлерін саралайтын панорамалық сабақ байқауында ІІІ орын иегері атанды. Тұла бойына ілім мен ізгілікті сіңірген шәкірттері де түрлі байқауларда, сайыстарда мек- теп, аудан, облыс намысын қорғап, биіктен көрініп келеді. Сөзімнің дәлелі, жалпы білім беретін мектеп оқушыларының Алматы қаласында өткен республикалық олимпиадасында оқушысы Мария Лаврова ІІІ орынға ие болды. Қазіргі уақытта шәкірттерінің бәрі де өмірден өз орнын нықтап басқан әр саланың білікті майталмандары.
А.СЕРІКБАЕВА,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Пікір 2