Әлеуметтік желінің үні
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының түпкі мәні – қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару. Осы орайда құзырлы орындар әлеуметтік желідегі әңгімелерге назар аударады. Президент Жолдауында қозғалған мәселелерге, жыл басында қабылданған кейбір заңдарға қарасақ, билік тек Fаcebook қолданушыларының көңілін аулап отырған сияқты. Мысалы, жақында табиғат қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірген үш браконьер өмір бойына сотталды. Сөз жоқ, қатал жаза. Алайда қорықшының қазасы әлеуметтік желіні шулатпаса, киіктің құралайына елжірей қарап тұрған фотосуреті жаппай таралмаса, мұндай үкім шығар ма еді, Кім білсін?...
Биылдан бастап педофилия, есірткі жарнамасы, адам саудасы, мас күйде көлік жүргізу, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды қылмыстардың жазасы да қатайды. Шынтуайтында, мұның бәрі – әлеуметтік желіні қолданушылардың әбден талқылап, иін қандырып илеп, таптаурын еткен тақырыптар.
Өткен жылы ел астанасындағы бес баланың ажалы әлеуметтік желінің бас тақырыбына айналды. Қабырғасы қайысқан халық сол уақыттағы министр Мәдина Әбілқасымованың қызметтен кетуін талап етті. Көп ұзамай Елбасы тұтас Үкіметті отставкаға жіберді. Осы оқиғадан кейін көпбалалы аналар мәселесі ашық айтыла бастады. Әр жерде әйелдер бас көтерген үлкен жиындар өтті. Ақыры әлеуметтік көлемі ұлғайды. Атаулы көмек сәуірден бастап берілсе, бүгінде ешқандай табысына қарамастан көпбалалы аналардың барлығы бірдей жәрдемақы алып жатыр.
Жалпы шенеуніктер қоғамдық пікірді Facebook арқылы анықтайтын әдіске селкеусіз сенетін секілді. Дұрыс, кабинеттен шықпай, артық ақша жұмсамай, арзан мониторинг жасаған жақсы-ақ. Бірақ желіде желдей ескен сөздің бәрін айна-қатесіз ақиқат деп қабылдауға бола ма?
Дәстүрлі социологияда қоғамдық зерттеулер face to face қағидаты бойынша жүргізіледі. Яғни мамандар әр адамға бетпе-бет сұрақ қояды. Респондент жауап нұсқаларын таңдағанда ешкімнің еркіне бағынбайды. Ал әлеуметтік желіде басқа факторлармен санасады. «Көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды» дегендей, өз бетінше ойланудан тартынады. Елден ерекше пікірі барлар онысын ашық білдірмей, айналасынан бәле іздеп, әлекедей жаланған әлдебір қызылкөздер талап тастай ма деп қорқады. Әлеуметтік желінің БАҚ-тан тағы бір айырмасы – аузы дуалы блогерлер оқиғаны хабарлаумен шектелмей, ол оқиғаға байланысты өз пікірін өзгелерге таңады. Демек, Facebook шындығы мен өмір шындығы – екі бөлек құбылыстар.
Әлеуметтік желінің өз заңдары, өз құндылықтары бар. Ондағы жұрттың көбі «мен өмірде басқамын, ғаламторда мүлде басқамын» деген қағиданы ұстанады. Жазғанына жауап бермейтін, сөзі мен ісі алшақ жататын, әліптің артын баға алмай, дауға ілесіп кететін, эмоцияға салынатын адамдардың қарасы қалың. Мемлекеттік құрылымда жұмыс істеп жүрсе де, әлеуметтік желіде аты-жөнін жасырып, бөгде адамның немесе хайуанның фотосын қойып, биліктің атына сын айтып отыратын азаматтар барын ескерсек, мәселенің мәні ашыла түседі.
Әлбетте, әлеуметтік желі – үлкен күш. Смартфондар сатылымына қарап-ақ оның болашағын болжауға болады. 2018 жылы АҚШ-та тарихта бірінші рет телеарналардағы жарнамадан гөрі интернеттегі жарнамаға молырақ қаржы жұмсалған екен. Қазір желідегі танымал блогерлердің аудиториясы дәстүрлі БАҚ-тың аудиториясын он орайтын деңгейге жеткен. Бірнеше мемлекеттің шаңырағын ортасына түсіріп, шат-шәлекейін шығарған іс-әрекеттердің басым бөлігі әлеуметтік желідегі түсініспеушіліктен басталғаны мәлім. Сондықтан билік желідегі жұртшылықпен, олардың ойымен санасуға мәжбүр.
Әйтсе де, «Рейтер» агенттігінің соңғы зерттеуі бойынша дамыған елдерде әлеуметтік желіге қарағанда БАҚ-тағы ақпаратқа сенім арту көрсеткіші 1-2 процентке өсіпті. Яғни әлеуметтік желінің беделі төмендей бастаған, себебі желі фейк ақпараттар салуға таптырмас алаңға айналған.
BRIF Research Group компаниясының былтырғы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда 4 млн-ға жуық адам әлеуметтік желіге тіркелген. Оны басым көпшілігі хат алмасу және көңіл көтеру мақсатында пайдаланады. Алғашқы үштікте – WhatsApp, Instsgram, Вконтакте. Аса ықпалды саналатын, саясиланған Facebook-ті 4 млн тұрғынның 20 проценті қолданады. 20 процент қазақстандықтың 8 проценті ғана күн сайын кіреді.
Шыны керек, бұқаралық ақпарат құралдарының батылы бармайтын көкейкесті мәселелер, көптің көңілін күпті еткен түйткілді жайттар осында кеңінен қамтылып, жан-жақты сарапқа салынады. Алайда талай сыналған, кейде келемеж болған министрлер, әкімдер, өзге де шенеуніктер әлі биік мінберден түскен жоқ. Соған қарағанда әлеуметтік желінің әлеуетін кейде асыра мақтаймыз-ау…
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап облыс, қала, аудан, ауыл әкімдері әлеуметтік желіде көтерілген мәселелерді дер кезінде шешуге қадам жасауда. Яғни ашықтық саясатын ұстанып, халықпен тікелей байланыс орнатуда. Соның нәтижесінде көптеген мәселенің де түйіні тарқауда. Демек әлеуметтік желінің көпке пайдасы бар. Тек соны орынды қолдана білсек болғаны.
Майя ҚОЖАБАЙ