Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітімгерлік – береке бастауы

Бітімгерлік – береке бастауы

Соттарда дауларды бітімгершілік жолымен шешу бағытында «Татуластыру:­ Сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақ­саты қоғамдағы даукестік деңгейін тө­мен­дету, дауды шешу мәдениетін қа­лып­тастыру, дау­ларды келісім арқылы жылдам шешу, дауларды шешу­ге жұмса­ла­тын шығындарды азайту.
Сырдария ауданы да бұл жобадан қалыс қалмай, бірқатар жұмыс атқаруда. 2018 жылы аудан бойынша барлық ауылдық округтің әкімдіктері жанынан ме­диация кабинеті ашылып, 13 ауылдық округте медиа­торлар жұ­мыс жасауда.
Елбасының дауларды соттан тыс реттеу тапсырмасын іске асыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, татуластыру рәсімдерінің бірі ретінде дауларды бейбіт жолмен шешу жөніндегі ата-бабамыздың дағдыларын жаңарту арқылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында Сырдария ауданы әкімінің 15.05.2019 жылғы өкімімен аудандық Билер кеңесі құрылды. Өткен жылы ауданның барлық ауыл­ында Билер кеңесі өз жұмысын бастады.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында Сырдария аудандық сотының төрағасы, кәсіпқой емес медиаторлардың, құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдары өкілдерімен бірге және ауыл ардагерлерінің қатысуымен соңғы жылдары екі жыл қатарынан Сырдария ауданының барлық ауылдық округін аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының қабыл­дану күні қарсаңында аудан бойынша медиаторлар бас қосып, тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Сол іс-шарадан Шаған ауылдық округінің медиаторы, ауыл ақсақалы Зұлхарнай Тасбергеновтың тәжірибесінен қыс­қа­ша айтып өтсек.
«Шаған ауылында мал ұрлығы орын алып, үлкен дау туындады. Аталған жағдай бойынша жәбірленуші мен ұрлыққа қатысы бар деген азаматты ауыл әкімдігіне шақырып, ауыл ақсақалдары, медиаторлар ортаға алып, сөйлестік. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегендей, туыс азамат екенсіңдер, бір-біріңе қиянат жасамаңдар. Күдіктеніп отырған азаматтың кәмелетке толмаған 4 баласы бар екен» деп екі жақты бітімге шақырдық. Ол жерде бірнеше азамат болатын, нақты қылмысқа қатысы бар, бастан-аяқ қылмысты ұйымдастырып, қатысқан азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал осы жігіттің жеке өзіне кешірім берді. Бұл біреуіне материалдық шығын келіп, екіншісінің өмірі қыл үстінде тұрған екі адамның басына туған қиындық болғанымен, шағын ауыл халқы мен оның болашағы үшін қиын жағдай. Азаматтар ауыл ақсақалдарының араласуымен бір ауыз сөзге тоқтады. Кейін қоғамдық кеңеске салып, келер буынға, жастарымызға үлгі болсын, келешекте қайталанбасын деген мақсатта жариялап, талқыладық» – дейді ақсақал.
Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық. Ертеректе ауыл ақсақалдары өздері дау-дамайды жөнге салып, ауыл арасындағы келеңсіздіктерді сыртқа шығармаған. Дау шықса, бірден тыйып тастап отырған. Өйткені соның кесірінен елдің берекесі, бірлігі кетеді. Берекесі болмаған елдің күйі де болмайтыны анық.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздаға кетеді», «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейді қазақ мақалы. Әр ауылымызда Зұлхарнай Тасбергенов сияқты елге, болашаққа жанашыр ақсақалдарымыз отырса, ол ауылдың күйі де, жайы да, болашағы да жарқын болатынына сеніміміз мол!

Роза Сүлейменова,
Сырдария аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі

04 ақпан 2020 ж. 479 0