АЛҚАБИЛЕР СОТЫН ЖАҢҒЫРТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Жақында аудан әкімдігінде сот әкімшілігі мен ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен ауданымыздың бір топ еңбек ардагерлері қатысқан келелі жиын болып өтті. Онда алдымен аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы А.Абдулла сөз алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бастамасымен кеңейтілген алқалы жиыны өткізілгенінен хабардар етті. Онда жер-жерлерде билер сотын жаңғырту мәселесі көтеріліп, қоғам арасында беделді, абыройлы, сөзге шешен, білгір де білімді, өмірлік тәжірибесі мол азаматтардан ауылдық жерлерде билер кеңесін құру ұсынылды.
– Елдігіміздің беріктігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде бүгінгі соттар кешегі өткен билердің ісін жалғастырып, ел ішінде туындаған дауларды шешуде, оны мән-мағынасы бойынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімге қол жеткізу жолдарын медиация институты арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ, сол жанжалды ушықтарымай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр. Өйткені ұлтмызға жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмытылып, құндылықтарымыздың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп бара жатқаны жасырын емес. Ал медиацияның басты мақсаты –даудағы кінәлі тарапты анықтау емес, қайта дауласқандарды ымыраға шақырып, татуластыру, екі тарапты қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу болып табылады ,– деді А.Алиасқарұлы .
Би – дау-жанжалға билік айтушы адам. Би халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білумен бірге сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде беделді тұлға болуы тиіс. Өнегелі қарияларымыз ер балаларға «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп тегін бата бермеген. Билер билік шығару және оның орындалу әдістерін белгілеуде тараптардың тең құқықтарын сақтап отыруы керек.
Дана халқымыз о баста «ел боламын десең бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық сана мен ұлттық болмысты жандандыру көзделген. Ендеше мен билер сотын жаңғырту – ол елдің рухани жаңғыруының бастамасы. Сондықтан да аудандық ардагерлер кеңесі жанынан билер кеңесін ұйымдастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
– Аудандық соттың төрағасы айтқандай тәуелсіздігімізді сақтап, басымыз бүтін, төрт көзіміз түгел, ісіміз баянды болуының алғышарты – ел арасындағы татулық болып табылады. Бұл ретте өзге өңірлерде іске асырыла бастаған ел арасындағы дауларды бітімге келтіре білетін билердің қызметін жаңғырутымыз қажет-ақ. Аудандық сот әкімшілігімен ақылдаса отырып біздің ардагерлер кеңесінің жанынан билер кеңесін ұйымдастырып, оның құрамы 3 адамнан белгіленсін деген ұсынысым бар,– деген аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы.
Ал мұндай алқа билер сотын жаңғырту жұмыстары әрбір елді-мекендерде де жүргізілетін болады. Ал оның басты мақсаты-жастарға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру. Адасқандарды жолға салып, оларды жат қылықтардан аулақ болуға үйрету. Ауыр емес қылмыстарды сотқа жеткізбей шешуге қол жеткізу болып табылады. Бір сөзбен айтқанда жаңадан құрылып, жұмыс істей бастаған билер кеңесі атқарар іс ауқымды. Ал оның халыққа тигізер пайдасы да аз болмайтыны белгілі.
Майя ҚОЖАБАЙ