Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАУДЫҢ БИІК ШЫҢЫ – БІТІМ

ДАУДЫҢ БИІК ШЫҢЫ – БІТІМ


ЖАЛПЫ МЕДИАЦИЯ – КЕЗ КЕЛГЕН ДАУЛЫ МӘСЕЛЕНІ БІТІМГЕРШІЛІКПЕН ШЕШУ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. БҰЛ ҚАЗІРГІ СОТ ЖҮЙЕСІНЕ ӨТЕ ҚАЖЕТТІ ЖОЛДАРДЫҢ БІРІ. БҰДАН СОТТЫҢ ДА, СОТТАЛУШЫ МЕН СОТТАСУШЫНЫҢ ДА ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛДЕЙДІ. ДҰРЫС ҚОЛДАНА БІЛСЕ, ЕКІ ТАРАП ТА ЕРІКТІ ТҮРДЕ БІР МӘМІЛЕГЕ КЕЛЕДІ. ЕЛБАСЫ ӨЗІНІҢ ХАЛЫҚҚА ЖАРИЯЛАҒАН «100 НАҚТЫ ҚАДАМ» МАҚАЛАСЫНДА ОСЫНЫ АШЫП АЙТҚАН БОЛАТЫН. МЕДИАЦИЯҒА ЖҮГІНСЕ, ДАУЛАСУШЫЛАРДЫҢ БІРІНІКІ – ДҰРЫС НЕМЕСЕ ЕКІНШІСІН БҰРЫС ДЕМЕЙ, ОНЫҢ ЕКІ ТАРАПҚА ДА ТИІМДІ ТҰСЫН ҚАРАЙДЫ, СОЛ АРҚЫЛЫ ЕКІ ЖАҚТЫҢ ДА МҮДДЕСІН ҚАМТИТЫН ШЕШІМ ТАБЫЛАДЫ. ТҮПТЕП АЙТҚАНДА, МЕДИАЦИЯ ӘРТҮРЛІ ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛҒАН АДАМДАР АРАСЫНДА КЕЛІСІМГЕ КЕЛУДІҢ ІЗГІЛІКТІ ЖОЛЫ ДЕУГЕ БОЛАДЫ.
Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Медиация күні» қарсаңында «Бірыңғай республикалық медиация күні» атты шара аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев пен сала мамандары, кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы ашып, жүргізді.
– Елімізде медиация институтының маңыз­дылығы мемлекеттік деңгейде қаралуда. Барлық өңірлерде медиация кабинеттері ашылып, медиация жұмысының жаңа бағыттары дамытылуда. Дөңгелек үстелдің мақсаты – медиация саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру, кәсіби емес медиаторлардың қоғамдағы рөлін арттыру болып табылады. – Бәрімізге белгілі, медиация – бұл азаматтық қоғамның негізі, өркениет пен демократияға бастар жол. Бірақ, медиатор – сот емес. Алайда, сот жұмысын жеңілдетеді. Бүгінде бірлігі бекем ауданымызда бұл бағытта жемісті еңбек етіп, азаматтық қоғамның қалыптасуына, даулардың сотқа дейін шешілуіне өзіндік үлес қосып жүрген алдыңғы буын ағаларымыз бен апаларымыз бар. Алдағы уақытта да осы жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Д.Байдушев.
Жалпы, «Медиация туралы» заң табиға­тымызға етене жақын. Бұрынғы заманда билер соты секілді құқықтық институт болғаны және қоғам өмірінде ерекше рөл атқарғаны белгілі. Ал медиация осының жаңаланған түрі. Жыл сайын сотқа арызданушылардың саны 1,5 млн адамнан асады. Сондықтан, соттардың мойнындағы осыншама жүктемені қысқарту үшін, қоғамда келісім орнату үшін медиация енгізу жөн деп есептелді. Бұл кәдімгі билер билігінің жалғасы. Демек, Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің дана саясаты бүгінгі сот жүйесіне енді деген сөз. Ал осы би, шешен даулы мәселені төрт-ақ ауыз сөзбен шешіп отырған. Ол билік хатсыз ауызша жүзеге асып, шешімі бітіп жатқан. Салыстырып қарасақ, ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, яғни қаншама мекеме, ұйымның да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұлғалар өзінің тапқырлығы мен шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан әділет жаршысы болған. Сондықтан да халық «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп мақалдап кеткен. Ертеде бітімгершілік уәжге құлақ аспау көргенсіздік, тексіздік ретінде бағаланған. «Бітімшілікке тоқтамағаннан береке іздеме» деген сөз осыдан шыққан. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, яғни өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды, – деді Муса Келдібаев
Халықаралық статистикаға сүйенсек, барлық даулардың 40 пайызы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижеге қол жеткізген. Өркениетті дейтін шет елдердің тәжірибесінде дауларды медиатордың қатысуымен реттеу көп жағдайда екі тараптың келісімге келуімен аяқталатынын көрсетеді. Бұл даулаушы тараптардың санын азайтады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы өзге де қылмыстарда медиация рәсiмi қолданылмайды. Өйткені, медиация – тараптардың ерiктi келiсiмi бойынша жү­зеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешiмге қол жеткiзуi мақсатында медиатордың жәрдемдесуiмен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсiмi. Бір сөзбен айтқанда, медиацияның мақсаты дауды шешуде екi тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткiзу, дауласушылық деңгейiн төмендету болып табылады.
Қазіргі таңдағы медиация түсінігі ХХ ғасырдың екінші жартысында, алдымен, ағылшын-саксон құқығы қолданылатын елдерде – АҚШ, Австралияда дамыды, кейін Еуропаға таралғаны белгілі. Медиацияны пайдаланудың алғашқы талпынысы отбасылық қатынастар саласындағы дауларды шешу барысында жасалды. Кейіннен медиация отбасылық даулардан бастап коммерциялық және жария саладағы көп тарапты күрделі дауларды шешуде де табыспен қолданылып, мойындалды. Ең бастысы, медиация заңының қолданыс аясы кеңейіп, дауларды шешу кезінде тараптарды бітімге келтірудің берекелі жолы қалыптасуда.
Шараға қатысушылар өз ұсыныс пікірлерін ортаға салып, ауданымызда медиацияның дамуына өз үлестерін қосатындарын айтты.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

14 тамыз 2018 ж. 910 0