Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жердегі алғашқы көше

Туған жердегі алғашқы көше

Аудандық басылым «кент көшелері» атты айдар ашып, көшелердің тарихын, ерекшелігін жазуда. Басылымның тұрақты оқырманы ретінде қолға қалам алып, өзім тұратын көше жөнінде жазуды жөн көрдім.
Біздің көше туралы ойлағанда, әкемнің соғыстан жазған үшбұрыш хаттары еске түседі. Ол майдан хаттары біздің үйге «Ст. Терень-Узяк, ул.Первое мая №13» деген мекенжайға келеді екен. Шешем Айна Оспанованың айтуынша 1938 жылы әкем Мырқы Оспанов Аламесек МТСнің бас бухгалтерлігінен Мемлекеттік банктің Тереңөзек аудандық бөлімшесінің аға кредиттік инспекторы болып жұмысқа орналасқанда, кентте 3-4-ақ көше болған екен. Соның біреуі «Майжарма» каналының бойында орналасқан 1 Май көшесі.
Біздің бала кезімізде аудандық атқару комитетінің, поштаның, стансаның, аурухананың қызметкерлері сол көшеде тұратын еді. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Н.Түршіковтың, төраға орынбасары Есқанатовтың сол көшеде тұрып, кейін басқа жаққа көшіп кеткені есімде.
Біздің үйдің жанында соғысқа кетпей тұрғанда әкем салдырған мемлекеттік банктің екі үйі болды. Олар біраз уақытқа дейін тұрды, кейін бұзылып кетті. Қазіргі Ә.Тәжібаев пен 1 Май, Абай мен Аманкелді көшелері арасында Тереңөзек аудандық орталық стадион болатын. Қазіргі Ә.Тәжібаев көшесіндегі үйлер стадион Калинин мектебінің шығыс жағына көшкеннен кейін салынды. Стадионның жанында тұрғандықтан ба, біздің көшенің ересек балаларының ұйымдастыруымен мезгіл-мезгіл футболдан кент біріншілігі өтіп тұратын. Кейбір күндері Жалағаш, Қармақшы аудандары аяқдопшыларымен жарыс ұйымдастырылатын. Оның басы-қасында біздің үлкендеріміз жүретін. Ол ағаларымыз Қапаш Аппазов, Болат Сәдуақасов, Мұхтар, Марат Сақтаповтар, Қайназар Смайлов, Мәжит, Әлібек Әмзеевтер, Төребек Бекенов, Шынәли Ешпанов, Жорабек Бекеновтер. Олар 1 Май көшесінің байырғы тұрғындары, олардан бөлек шамалы уақыт тұрып, басқа жаққа көшіп кеткендер қаншама.
Жаздың күндері бізден ересек ағаларымызда, біз де азаннан кешке дейін уақытымызды стадионда немесе «Майжармаға» суға түсіп өткізетінбіз. Жағада қыздырынып жататынбыз. Ағаларымыздың бізді суда жүзуге үйретуі, нағыз спартандық тәрбие деп ойлаймын. Екі ересек жігіт екі аяқ, екі қолыңнан ұстап, шеңгелдердің үстімен каналға бірнеше рет лақтырғаннан кейін өзің үшін суда жүзуді үйреніп кетесің.
Кешке қарай түннің бір уағына дейін стадионның о жақ, бұ жағында үйлердің арасында «Ақсүйек» ойнайтынбыз.
Қыстың күндері уақыт өткізу сәл өзгеретін. Өткен ғасырдың 50 жылдарының ортасында біздің көшеде Майжарма жағасында орналасқан интернат үйі жабылды. Жабылған интернаттың кең, есік-терезесі жоқ, 4 бөлмесі бізге бұйырды. Сол төрт бөлмеде жастарымызға қарай бөлініп, допты баспен қарсы қабырғаға гол салып ойнайтынбыз. Шаршаған уақытта бір бөлмеге жиналып, ағаларымыздың, көбінесе Мұхтар аға Сақтаповтың газеттен оқыған, өмірде кездескен әңгімелерін аузымыздан су аққанша тыңдайтынбыз. Ол әңгімелердің аяғы спортқа ауысып, сол кездерде бокстан КСРО біріншілігінде қола медаль алған Мақсұт Омаровқа, ағасы Махмут Омаровқа ауысатын.
Алаңдамай ойнау үшін үйдегі жұмыстарға да қолғабыс жасайтынбыз. Үйдегі 2-3 сиыр, он шақты қой мен ешкіге шөп, үйге отын дайындауға шешемізге көмектесетінбіз. Оқуда озат болмағанмен жұрт қатарлы мектепті бітірдік.
Бүгінде тыл ардагерлері ағаларымыз, соғыс кезінде туған біздер өте қиын уақытта өмір сүрдік. Бірақ барлық қиыншылық ұмытылып, ХХІ ғасыр басында тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Қазақстан Тәуелсіздігіне елеулі үлес қоспасақ та, елдің мәңгілік болуына тілектеспіз.
Кейбір кездері үлкен қызметтер істеп, жұмыс бабымен үлкен қалаларға көшіп кете алмадым деп армандаймын. Одан шамалы төмен түсіп, соғысқа дейін әкем тұрған көшеде туып, сол көшеде ер жетіп, қызмет істеп, сол көшеде отбасыммен тұрып жатқаныма қуанамын.

Жахия МЫРҚЫ,
зейнеткер
25 қаңтар 2020 ж. 427 0