Қызылордада көше кітапханалары пайда болды
Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында көше кітапханалары бірінен соң бірі ашылуда, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазалы аудандық орталық кітапханасы "Көше кітапханасы" атты қанатқақты жобаны қолға алып отыр. Облыста алғашқы болып ашылып жатқан көше кітапханасы кітапқа құмар оқырманның қуанышын еселей түсті.
Көше кітапханасының ашылу салтанатына Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев барып, алғашқы оқырмандарының бірі болды.
"Кітап – алтын қазына. Кітап оқу – ақпарат ғасырында да өзінің маңызын жоймайтын құндылықтардың бірі, сондықтан игі істі ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін", - деді ол.
Көше кітапханасына еңбек ардагері Мұңсызбай Әубәкіров өз кітапханасынан кітабын тарту етті.
Кітаптар сөресі аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі үш көшеде орналасқан. Соның біреуі бүгін ашылды. Алдағы уақытта оқырманның сұранысына орай кітапхана санын көбейту жоспарда бар екен.
"Осылайша біз, кітапхана қызметкерлері тұрғындардың көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарын арттыруды көздеп отырмыз. Көше кітапханасының ерекшелігі – кез келген тұрғын өзіне ұнаған кітапты оқуға ала алады және кейін қайтарып немесе орнына басқа кітаппен ауыстырып оқуына болады. Бұл бастама тұрғындар арасында кең қолдау табады деп ойлаймыз. Бастысы, бұл жерде ешқандай құжат талап етілмейді, оқырман билеті қажет емес. Әр адамның өз жауапкершілігіне байланысты", - дейді орталық кітапхананың директоры Индира Назарова.
Қазалы ауданының әр жерінен ашылып жатқан көше кітапханасына 180-нен астам кітап қойылған.