Тілге құрмет төмендемесін
«Тіршілік тынысы» газетінің аудан жұртшылығына қызмет жасап келе жатқанына 80 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде қаншама нәрсе айтылды, қаншама өзекті мәселелер көтерілді. Сондықтан да әрбір оқырман осы сүйікті газетін асыға күтетіні анық. Мен де солардың бірімін.
Газеттің №96 нөмірінде «Сөз құдіреті немесе сөзді дұрыс қолданып жүрміз бе» атты мақала жарияланды. Журналист Бибісара Жанәлі орынды да, өзекті мәселені көтерген екен. Мақаланың мақсаты да қалың жұртқа ой тастау болса керек. Негізі көкейімде бұрыннан жиналған пікірлерім болушы еді, бұл мақала соған түрткі болды.
Ең алдымен алдыңғы толқын сөздің дұрыс қолдануылына қаншалықты атсалысып жүрміз? Отбасымыздағы балаларымыздың келешекте өз ана тілі үшін шырылдайтын етіп тәрбиеленуіне ықпал жасап жүрміз бе? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Мәселен, біз «барайық деп жатырық», «анияқтан келдік», «беш тиын» деген сөздерді үлкендер жағы көп қолданамыз! Біздер осылай сөйлесек, кейінгі буынның тілі шұбалаңқы болатыны анық. Неге біз «жатырмыз», «ана жақ», «бес тиын» деп таза сөйлемейміз?! Сол себепті халқымыздың шұрайлы да, бай тілін бұзбай, дұрыс сөйлеу арқылы ұрпақтың бойына таза қазақ тілін сіңіре білуіміз керек. Оларды ана тілі үшін жаны ашитындай етіп тәрбиелегеніміз абзал. Авар халқының мақтанышы Расул Ғамзатов «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» дегендей, ана тіліне әркім жаны ашуы тиіс.
Аталмыш мақалада сәлемдесу мәселесі қамтылыпты. Ал біз кейде «Әшшәләу» деп жатамыз. Сәлем – сөздің анасы болса, соны біздің «Әшшәләуға» айналдырып жібергеніміз қалай? Жастар емес, біздер, үлкендер жағы тілдің бұрмалануына түрткі болып жүргендейміз. «Ассалаумалейкүм – Сізге Алланың сәлемі болсын» деген сөзді өз мағынасында қолдана алмай келеміз. Осылай сөз басы шұбарланатын болса тілге деген құрметіміз төмендейтіні сөзсіз. Сондықтан жас ұрпақтың алдында әрбір сөзімізге мән беріп, орнымен сөйлей білген жөн.
Мақалада «қарындас» сөзіне де талдау жасалыпты. Бұл сөздің «туысқан» деген мағына беретін мен де білетінмін. Мақала жарияланғанда мен «Қобыланды батыр» жырын оқып жүргенмін. Сонда жырдың мынадай тұсы бар:
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Айналайын Қарлығаш,
Шырағым сөзге құлақ ас!
Мен кешігіп келмесем
(Сіздер де бол тілеулес).
Сендерді мұнда жылатпас.
Қараспан тауын жайлаған
Қалың Қыпшақ қарындас!
Демек бұл сөздің мән-мағынасын да кейінгі толқын жете түсінуі тиіс.
Жалпы біз сөзді дұрыс қолдану арқылы ұлттық тіліміздің шұрайлылығын, тазалығын сақтап қаламыз. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз елдің өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан әр сөзімізге абай болып, дана Абай сөйлеген тілді тұғырынан түсірмеуіміз керек. Оған әрбір қазақ жауапты.
Бахтияр МЫРЗАШ,
штаттан тыс тілші.
С.Сейфуллин ауылы