Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандықтар атласы

Мамандықтар атласы

Атлас дегенде көз алдыңызға жер шарында орналасқан алып мұхиттардан бастап, теңіздер, өзен-көлдер, тау-тастар мен онда мекендеген мемлекеттер келеді. Олардың сан алуандығынан көз сүрінеді. Сол сияқты мамандықтың да санында шек жоқ. Кейде бір адамның басында бірнеше мамандықты меңгеруі мүмкін. Ал бір ғана мамандықтың иесі атанып, оны меңгеріп, содан жетістікке жетіп, өзін дәлелдеп жүргендері де қаншама.
 Ата-ана баласына ақыл айтқанда ең алдымен, екі жағдайда қателеспеу керектігін ескертеді. «Бірі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдағанда» дейді. Бүгінгі әңгімеміздің төркіні мамандықты таңдау мәселесі болмақ. Шын мәнінде, баласының болашағына алаңдайтын үлкендер олар үшін көп ретте мамандықты да таңдап қояды. Себебі ата-ананың алдында бір ғана мақсат болады десек қателеспейміз. Ол – балаларының жоғары білімді ма­ман атануы. Дегенмен баланың қабілет қарымын ескерместен мәжбүрлі түрде мамандық таңдатып, кейін ол үшін өкініп жататындар да бар. Сондықтан ең ал­дымен баланың өз қалауы мен қабілеті ескеріліп, сонан соң мамандық таңдалса, міндетті түрде мамандығы кәдеге жа­райтын болады. Бастысы, бала өмірден өз орнын тауып, отбасын асырайтын жағдайға жетуі...
Заман талабы – өз ісін кәсіби тұрғыда меңгерген нағыз маман атануды алға тар­тады. Болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болады және ең табы­сты да өзекті кәсіпті қалай таңдаймыз? Көпшілікті мазалайтын сұраққа жауап іздеп көрелік.
Алдымен сәл шегініс жасасақ. Жыл сайын елімізде жоғарғы оқу орнын бітіріп, ақырында алған дипломы іске асқысыз болып жатқан жастар жетерлік. Олардың арасында төрт жыл бойы алған білімдеріне сай жұмыс таба ал­май, дипломды сандықтың түбіне тастап, мүлдем басқа жұмыста маңдай терін төгіп жүргендер көп. Сондықтан қазір сұранысқа ие болып жүрген мамандық алдағы уақытта өз деңгейін жоғалтып ал­масына ешкім кепілдік бермейді. Әрине бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Деген­мен сарапшылар өндіріс орындарындағы қара күш жұмсайтын жұмысшыларды әлдеқайда ойлау қабілеті жоғары, автоматтандырылған жүйе алмастыра­тын болады дейді. Яғни зауыт, фабрика­ларда ең қауіпті де, зиян, ауыр жұмысты болашақта роботтар атқарады.
Енді ақпараттар ағымында жарияланған мәліметтерге кезек берсек. Былтырғы жылы Forbes журналы осы мәселеге байланысты сараптама жүргізген. Сон­да дүниежүзінде бағдарлама әзірлеуші, ақпараттық қауіпсіздік бойынша са­рапшы, қаржы сарапшысы, денсаулық сақтау менеджері, мейірбикелер мен физиотерапевтке сұраныс артқанын жариялаған. Ал CareerCast компаниясы жасап шыққан тізімді де сұранысқа ие мамандықтар тізімін жоғарыда аталған бағдарлама әзірлеушісі бастап тұр. Сонан соң медициналық технолог, мейірбике, құрылысшы, үй жағдайындағы денсаулық сақтау қызметкері тізімді жалғастырады.
Шетелдік басылымдар жариялаған мамандықтар тізімінде алдағы онжылдықта мұғалім мамандығы көш бастай­тынын атайды. Бұл дерекке сенсек, ең қасиетті де, қадірлі мамандық иесі қай кезде де мұғалім екенін аңғарасыз.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің жастарға арнап айтқан сөзінде көптеген мамандықты болашақта жасанды интеллект алмастыратынын, алайда оның орнын ауыстыра алмайтын мамандықтарға сұраныс кемімейтінін айтты. Олардың қатарында ІТ маман­
 дар, дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет саласының қызметкерлері бар. Елба­сы: «Жұмыс таба алмай қиналып жүрген жастарға айтарым, іздесең жұмыс табуға болады. Бала күтушісі болсаң да, ақшаны еңбектеніп табу керек. Қазіргі уақытта бәріне жұмыс тауып беруге мүмкіндігі жететін арнайы құрылғы жасап шығару көзделіп отыр», – деген болатын.
Қазақстан бойынша еліміздегі түрлі саладағы компаниялар сату, бухгалтер, қаржы, әкімшілік қызметкері, ақпараттық технология, жарнама, маркетинг, PR саласының мамандарын қажет етіп, сұраныс берген. Сондықтан жастардың болашақта аталған мамандықтарға бет бұрғаны абзал.
Қазақстанның әр аймағы өзінің белгілі бір өндіріс ошақтарымен, салалық сектормен ерекшеленеді. Сыр аймағы – ауылшаруашылық саласы өркен жайған өңір. Цифрлық технологияның дамуы бұл салаға да келіп жетті. Агротехникалық құралдар автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Егін даласында жүрген техниканы басқару компьютерленді. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың са­нын азайтып, мамандықты кәсіби түрде меңгергендерге жол ашылды деген сөз. Жастардың соңғы үлгідегі техниканы меңгеруі – тұрақты жұмыстың кепілі.
Шын мәнінде, адал еңбектің дәмі тәтті. Өз маңдай теріңмен тапқан ақшаның берекесі де бола­ды. Мұндайда табысыңның көлемі емес, оның берекесінде екені рас. Жарқын келешекті қажырлы еңбек, ізденіс және біліммен байланыстыратын еліміз үшін мамандықты жетік меңгеру жеткіліксіз. Ол үшін сыни ойлау қабілеті, креативтілік, бағалау, шешім қабылдау, күрделі мәселелерді шешу қабілетінің жетіле түскені маңызды. Міне бүгінгі уақыт талғамы осындай жан-жақты бо­луды қалайды. Ал талғамға сай болу – заман ағымына ілесу дегенге саяды.
Түйін: Қазақтың ақыны Мұқағали Мақатаевтан сұраған екен. «Ей, Мұха, бұл өмірден не іздеп келдің» деп. Сон­да ақын «Іздеген нәрсем ол – достық. Дос деген сенің жақсылығыңды асырып, жамандығыңды жасыратын адам. Екінші іздегенім – жақсы әйел. Әйел деген – сенің ұрпағыңды өсіріп-өркендететін ең үлкен тұлға. Үшінші іздеген нәрсем ол – мамандық. Мамандық деген – ертең сен қартайғаныңда дастарханындағы наның» деген екен. Ендеше осы айтылған үш бақыт бәріміздің екі иығымызда тұра бергенге не жетсін?!

Бибісара ЖАНӘЛІ
12 қаңтар 2020 ж. 1 927 0