Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қандай мамандық сұранысқа ие?

Қандай мамандық сұранысқа ие?

Атлас дегенде көз алдыңызға жер шарында орналасқан алып мұхиттардан бастап, теңіздер, өзен-көлдер, тау-тастар мен онда мекендеген мемлекеттер келеді. Олардың сан алуандығынан көз сүрінеді. Сол сияқты мамандықтың да санында шек жоқ. Кейде бір адамның басында бірнеше мамандықтың болуы мүмкін. Ал бір ғана мамандықтың иесі атанып, оны меңгеріп, содан жетістікке жетіп, өзін дәлелдеп жүргендері де қаншама.

Ата-ана баласына ақыл айтқанда ең алдымен екі жағдайда қателеспеу керектігін ескертеді. "Бірі – мамандық таңдау болса, екіншісі жар таңдағанда" дейді. Бүгінгі әңгімеміздің төркіні мамандықты таңдау мәселесі болмақ. Шын мәнінде баласының болашағына алаңдайтын үлкендер олар үшін көп ретте мамандықты да таңдап қояды. Себебі ата-ананың алдында бір ғана мақсат болады десек қателеспейміз. Ол – балаларының жоғары білімді маман атануы. Дегенмен баланың қабілет қарымын ескерместен мәжбүрлі түрде мамандық әперіп, кейін ол үшін өкініп жататындар да бар. Сондықтан ең алдымен баланың өз қалауы мен қабілеті ескеріліп, сонан соң мамандық таңдалса, міндетті түрде мамандығы кәдеге жарайтын болады. Бастысы бала өмірден өз орнын тауып, отбасын асырайтын жағдайға жетуі...

Заман талабы – өз ісін кәсіби тұрғыда меңгерген нағыз маман атануды алға тартады. Болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болады және ең табысты да өзекті кәсіпті қалай таңдаймыз. Көпшілікті мазалайтын сұраққа жауап іздеп көрелік.

Алдымен сәл шегініс жасасақ. Жыл сайын елімізде жоғарғы оқу орнын бітіріп, ақырында алған дипломы іске асқысыз болып жатқан жастар қаншама. Олар төрт жыл бойы алған білімдеріне сай жұмыс таба алмай, дипломды сандықтың түбіне тастап, мүлдем басқа жұмыста маңдай терін төгіп жүргендер де бар. Сондықтан қазір сұранысқа ие болып жүрген мамандық алдағы уақытта өз деңгейін жоғалтып алмасына кім кепіл. Әрине бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Дегенмен сарапшылар өндіріс орындардағы қара күш жұмсайтын жұмысшыларды әлдеқайда ойлау қабілеті жоғары, автоматтандырылған жүйе алмастыратын болады дейді. Яғни зауыт, фабрикаларда ең қауіпті де, зиян, ауыр жұмысты болашақта роботтар атқарады.

Енді ақпараттар ағымында жарияланған мәліметтерге кезек берсек. Былтырғы жылы Forbes журналы осы мәселеге байланысты сараптама жүргізген. Сонда дүниежүзінде бағдарлама әзірлеуші, ақпараттық қауіпсіздік бойынша сарапшы, қаржы сарапшысы, денсаулық сақтау менеджері, мейірбикелер мен физиотерапевтке сұраныс артқанын жариялаған. Ал CareerCast компаниясы жасап шыққан тізімді де сұранысқа ие мамандықтар тізімін жоғарыда аталған бағдарлама әзірлеушісі бастап тұр. Сонан соң медициналық технолог, мейірбике, құрылысшы, үй жағдайындағы денсаулық сақтау қызметкері тізімді жалғастырады.

Шетелдік басылымдар жариялаған мамандықтар тізімінде алдағы онжылдықта мұғалім мамандығы көш бастайтынын атайды. Бұл дерекке сенсек, ең қасиетті де, қадірлі мамандық иесі қай кезде де мұғалім екенін аңғарасыз.

Еліміздің Тұңғыш президенті Н.Назарбаев өзінің жастарға арнап айтқан сөзінде көптеген мамандықты болашақта жасанды интеллект алмастыратынын, алайда оның орнын ауыстыра алмайтын мамандықтарға сұраныс кемімейтінін айтты. Олардың қатарында ІТ мамандар, дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет саласының қызметкерлері бар. Елбасы: "Жұмыс таба алмай қиналып жүрген жастарға айтарым, іздесең жұмыс табуға болады. Бала күтушісі болсаң да, ақшаны еңбектеніп табу керек. Қазіргі уақытта бәріне жұмыс тауып беруге мүмкіндігі жететін арнайы құрылғы жасап шығару көзделіп отыр", – деді.

Қазақстан бойынша еліміздегі түрлі саладағы компаниялар сату, бухгалтер, қаржы, әкімшілік қызметкері, ақпараттық технология, жарнама, маркетинг, PR саласының мамандарын қажет етіп, сұраныс берген. Сондықтан жастардың балашақта аталған мамандықтарға бет бұрғаны абзал.

Қазақстанның әр аймағы өзінің белгілі бір өндіріс ошақтарымен, салалық сектормен ерекшеленеді. Сыр аймағы – ауылшаруашылық саласы өркен жайған өңір. Цифрлық технологияның дамуы бұл салаға да келіп жетті. Агротехникалық құралдар автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Егін даласында жүрген техниканы басқару компьютерленді. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың санын азайтып, мамандықты кәсіби түрде меңгергендерге жол ашылды деген сөз. Жастардың соңғы үлгідегі техниканы меңгеруі тұрақты жұмыстың кепілі.

Шын мәнінде адал еңбектің дәмі тәтті. Өз маңдай теріңмен тапқан ақшаның берекесі де болады. Мұндайда табысыңның көлемі емес, оның берекесінде екені маңызды. Жарқын келешекті қажырлы еңбек, ізденіс және біліммен байланыстыратын еліміз үшін мамандықты жетік меңгеру жеткіліксіз. Ол үшін сыни ойлау қабілеті, креативтілік, бағалау, шешім қабылдау, күрделі мәселелерді шешу қабілетінің жетіле түскені маңызды. Міне бүгінгі уақыт талғамы осындай жан-жақты болуды қалайды. Ал талғамға сай болу – заман ағымына ілесу дегенге саяды.

Түйін: Қазақтың ақыны Мұқағали Мақатаевтан сұраған екен. "Ей, Мұха, бұл өмірден не іздеп келдің" деп. Сонда атамыз "Іздеген нәрсем ол – достық, дос деген сенің жақсылығыңды асырып, жамандығыңды жасыратын адам депті. Екінші іздегенім – жақсы әйел деген екен. Ал әйел деген сенің ұрпағыңды өсіріп, өркендететін ең үлкен тұлға депті. Үшінші іздеген нәрсем ол – мамандық, мамандық деген ертең сен қартайғаныңда дастарханындағы наның" деген екен. Ендеше осы айтылған үш бақыт бәріміздің екі иығымызда тұра берсін.
Бибісара ЖАНӘЛІ

11 қаңтар 2020 ж. 1 035 0