МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА – ҚАТЕЛЕСПЕҢІЗ
Білім мен тәрбиені қатар ұштастырғанда ғана жастардың болашағы кемелдене түседі. Алдына мақсат қойып, оған жетуге деген құлшынысы артқан сайын жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі артады. Сондықтан мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда жаңылыспағаны ләзім. Қоғамда сан түрлі мамандықты игерген кез-келген адам өз кәсіби деңгейін жетілдіріп, жоғарғы көрсеткіштен көрінеді. Осы ретте мамандық таңдаудан жаңылыспас үшін бұрнағы күні аудандық пошта торабында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп оқушыларының қатысуымен мамандық таңдау кеші өткізілді.
Шара барысында аудандық торабының бастығы Ғ.Кенжебаев мекеменің басты функционалдық міндеттерін, көрсетілетін қызметтерін, тәжірибелі мамандарын таныстырды. Сонымен қатар, поштаның мол мүмкіндікке жол ашатын, тұрғындарға сан түрлі жеңілдікпен жұмыс жасайтын қызмет түрлері жайлы мол мағлұмат берді. Негізінен пошта саласының қызығы мен қиындығы, жылдамдығы мен шұғыл әрекеті көпшілік назарында. Өйткені, жергілікті тұрғындар үнемі пошта қызметіне жүгінеді. Сондықтан оқушылардың қызығушылығын танытқан сұрақтарына сала мамандары жауап берді. Өз кезегінде аудандық жастар ресурсы орталығының маманы С.Сыздықова, аудандық кәсіпкерлік палатасының маманы Ж.Шаухарова жастар арасында сұранысқа ие мамандықтың маңыздылығына тоқталып, өздері қалаған, келешек ұтымды жұмыс көзін ұйымдастыра алатын мамандықты таңдауға кеңес берді. Бұл ретте оқушылар дөңгелек үстелдің немесе арнайы шараның куәгері болған жоқ. Жұмыс процесінің халықпен тығыз байланысын көздерімен көріп, ерекше әсер алды.
Жеделдетілген қызметтің кез келген сатысын жоғары сапада меңгерген мамандар болашақ жастарға пошта саласының сан қырлы жұмысы жайлы айтып, өздерінің ізбасарлары болуға шақырды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ