Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың бір мамандық: Таңдауың қандай, жеткіншек?

Мың бір мамандық: Таңдауың қандай, жеткіншек?


«Кім боламын?»
Бұл аса бір күрделі қиын сауал. Жастарға албырт ой, ұшқыр сезім тән келеді. Әркімнің неше түрлі мамандықтарды игергісі келеді. Бірақ, солардың ішінен қайсысының басын ұстарын білмей қиналатыны бар.
Ең жақсы мамандық қайсы? Оны қалай еткенде дұрыс таңдауға болады? Оны тез меңгеріп алудың жолы қандай?
Міне, мамандықты дұрыс таңдау адамның бүкіл болашақ тағдырына тікелей әсер етеді. Бұл ретте – мамандық таңдау дегеніміз – тағдыр таңдау десе де болады.
Ата – ананың аялы алақанында, ұстаздарының қамқор­лығында болған шәкірттердің алдағы кезде өз орындарын өмірден тауып, қоғамға пайдалы еңбекпен айналысатын азамат болуы – өмірлік парызы. Олар үшін алдарында өмірлік мәні бар үлкен бір белес, жауапты міндет тұр. Ол – өз білімдерін жоғары дәрежеде дәлелдеп, ҰБТ – да жоғары нәтиже көрсетіп, белгілі бір мамандықты дұрыс таңдай білу және оны меңгеру.
Әркімнің таңдаған мамандығы өзіне ұнауы тиіс. Ол сонда ғана бар ынта – жігерімен сол мамандықты жете меңгеруге тырысады. Адамның өзіне ұнаған, жаны жаратқан, талғамына сай келетін мамандық ризашылық сезімін ұялатады. Ол адам сонда ғана өз еңбегін мақтаныш тұтады. Мұндай еңбек шабыт шақырады, ұдайы шығармашылық ізденіс үстінде болуға итермелейді.
Мамандық таңдау кезінде әркімнің психологиялық ерекшеліктерімен қатар олардың моральдық көзқарасы, ерік – жігері, борыш пен жауапкершілігі, тәуекелге бел байлағыштығы тәрізді қасиеттерді ескермесе болмайды. Мұның өзі әсіресе, геолог, ұшқыш, теңізші, дәрігер сияқты мамандық түрлерін таңдағанда ерекше назар аударатын нәрсе. Кейбір мамандық түрлері оймен еңбек етуді, алғырлықты, тез шешім қабылдауды қажет етеді. Міне, мамандық таңдау кезінде оның осындай ерекшеліктерін ескеріп отыру қажет екенін өмір тәжірбиесі көрсетіп жүр.
Кездейсоқ таңдай салған мамандық адамның қымбат уақытын босқа ысырап етеді. Бүгінгі таңда мамандық таңдау орта мектепті бітіретін кезде науқаншылыққа айналып барады, қай мамандыққа грант көп болса, ата – аналарына сыйлық жасағандай, соған қарай құжаттарын тапсыра салады. Ата – аналар балалары ол мамандықты жан дүниесінің қалауымен таңдады ма, жоқпа оған көңіл бөлмейді, әйтеуір «жұрттың баласындай» жоғары оқу орнына түссе болғаны деп есептейді. Қазіргі таңда екінің бірінің қолында құқықтану мен экономика бойынша, әлде қаржы саласының дипломы. Елімізде қаншама адамдар дипломдарына сәйкеспейтін басқа мамандықта жұмыс істеп, кейбіреулері базарда жүр. Өзі қаламай түскен оқуды кейін тастап кетеді, кейбіреулері бітіргенмен мардымды жұмыс атқармайды, яғни өзіне де қоғамға да берері аз болатынын өмірдің өзі көрсетуде.
Қазіргі заманда ғылыми – техникалық прогрестің ғаламат өсуінің нәтижесінде еңбектің мамандандырылу дәрежесі соншалықты артып, шырқау биікке шарықтап кеткен кезінде мамандықтың түрі көп.
Ғалымдардың есептеуі бойынша әлемде 50 мыңға жуық мамандық бар және жыл сайын оған 500 – ге тарта жаңа түрі қосылып отырады екен. Соның ішінде 15 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы. Осы жұмысшы мамандығын беретін орта оқу орындарына жастарды тарту қазіргі таңда қолға алынды. Біздің облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Асыраушы сала – ауыл шаруашылығында қажетті мамандар тапшы. Токарь, дәнекерлеуші, күрішші, агроном, комбайншы т. б. мамандар аса қажет. Көптеген ауылда аталған мамандық иелерінің алды зейнет жасының о жақ – бұ жағында. Олардың орнын басатын адам табу қиынға соғары анық. Ал жастардың көбі «ауылда жұмыс жоқ» деген желеумен Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға ағылып жатыр. Ол да «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кері. Бар әңгіме – кәсіп игермеуде. Өзбектерге қараңыз. Әкесі ұста болса, баласы да ағаш жонып, темірден түйін түюге баулиды. Өнерге, кәсіпке ден қойған. Осы күні тас қалаушы, бетон құюшы, тракторшы, экскаваторшы, краншы сияқты мамандықтардың беделі жоғары, жалақыны да жақсы төлейді.
Елімізде мемлекет аграрлық саланы барынша алға сүйреп келеді. Жеңілдікпен несие алып, бастаймын десең, ешкім қолыңнан қақпайды. Қармақты беруін береді, бірақ балықты қалай аулайтынын білмегесін қиын. Қазақта қойшының таяғын, диқанның кетпенін, техниканың рөлін ұстату кенже. Америкада кімдер жақсы тұрады – ковбойлар. Біздерше, малшылар. Бізге сол елдегі еңбеккерлерді көбірек көрсетіп, көтермелеп отыру керек. Ол кісілердің табысын жариялап отырса да, құба – құп. Сол кезде жастарды туған жерінде тұрақтандыру, жұмысшы мамандығына деген тиімді жолдардың ашылары анық. Осы жерде ойды ой қозғайды. Жұмысшы мамандығына қорықпай бару керек екеніне Елбасының өзі үлгі. Президентіміз Теміртау қаласында металлургия зауытында алғаш еңбек жолын бастаған болса, бүгінде өмірлік жинаған тәжірибесін мемлекетті басқаруға пайдаланып отыр. Қазақстанды әлемге танытуы жастарға үлгі – өнеге беріп отыр емес пе? Бойында күш – жігері мол білікті жастарға бүгінде жол ашық. Елбасының өзі қолдап отырғанда қорықпай алға қарай нық қадам жасауымыз қажет.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы елінің нағыз жанашыры, патриоты болса, еліміздің келешегі кемел болмақ. Сондықтан мамандыққа баулу жұмыстары бастауыш сыныптан бастап ерте жоспарлы түрде жүргізілуі қажет. «Ел болам десең бесігіңді түзе» демекші еліміз дамысын десек, Елбасының алға қойған міндеттерінің бірі мамандық таңдау мәселесін ел болып қолға алсақ шешілмейтін түйін жоқ.
Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, еліміздің бірлігін нығайту өнері өрісті, шешенінің сөзі жемісті қазақ халқының ынтымағының артуы білімге байланысты. Әрине, мамандықты дұрыс таңдау келер көкжиекке кең жол ашады.

Нағыман ӘЙТЕНОВ
28 сәуір 2018 ж. 1 910 0