Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжанның ізгі мұрасы

Қалжанның ізгі мұрасы

Арғы-бергі тарихта төрт астана бой көтерген Сыр бойында  көненің көзіндей, данагөй дәуірлер сөзіндей ескіден жеткен ескерткіштер аз емес. Соның бірі – Сырдария ауданы аумағындағы Қалжан ахун мешіт-медресесі. Соңғы жылдары реставрация жасалып, ежелгі бейнесін қайта тапқандай болған кешеннің аумағы кеңейіп, туристік нысан ретінде маңызы жоғарылай түсті, – дейді egemen.kz.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай облыстық «Сыр медиа» ЖШС ұйымдастырған журналистердің баспасөз-туры аясында осы кешенге жол түсті. Бізді осы өңірге белгілі өлкетанушы Жәнібек Маханбетов күтіп алып, тарихы бір ғасырдан асатын ғимарат жайлы әңгімені тарата айтты.
Атамекені Ақтөбе өңірі болғанымен де Қалжанның әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Хиуа хандығындағы бектердің бірі болады. Хиуа қаласында 1862 жылы өмірге келген Қалжан әуелі осы қаладағы орта діни оқу орнында білім алып, кейіннен Бұқарадағы әйгілі Көкілташта оқиды. Қазақ даласының небір қайраткерлерін біліммен сусындатқан ғылым ордасын жиырма жеті жасында тәмәмдаған Қалжан ахун негізгі оқуы – шариғат және заң саласына қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Ораз ахунның шақыртуымен Сырға келген Қалжанның балаларды оқытумен қатар өзен жағалауына бау-бақша егіп, жұртты отырықшылыққа баулыған еңбегі сол кездегі үлгілі үрдістің бірі болыпты. Осы сапарымызда сыртта туып, бар өмірін Сырда өткізген, осы маңнан мәңгілік мекен тапқан ахун мұрасы жайлы  жергілікті өлкетанушының өзекті әңгімесін тыңдап қайттық.
Оңтүстік өңірде Аппақ ишан, Қарнақ медреселерінен кейін салынып, білімге сусаған елдің көзін ашқан, рухани орталық болған осы медресе, – дейді ес білгелі ахун өмірін зерттеп келе жатқан Жәнібек Маханбетов. Әйгілі Көкілташтың кішкентай көшірмесі секілді  медресе құрылысы 1902 жылдан бастау алады. Жобасы Бұқарада жасалған ғимаратты салуға сол тұста теміржол құрылысына жетекшілік еткен швед инженерлері мен жұмысшылар көмектессе керек. Ал кірпішін Наурызбай, Таңатар есімді жергілікті шеберлер өріп шығыпты. Медресе құрылысы ахунның қайтыс болғанына 6 жыл өткенде, яғни 1922 жылы толық аяқталады.
Ғимараттың тағы бір ерекшелігі – іргетасы. Табанына күйдірілген кірпіштен конус пішінінде қаланған кірпіштер әлі сол күйінде жатыр. Тоқсаныншы жылдары медресені жөндеуге жиылған жұрт іргетастың құрылыс аумағынан тыс 8 метрге созылып жатқанын анықтаған. Бұл ғимарат жобасының қазіргі қалпынан әлдеқайда ауқымды болғанын көрсетеді. 
Медресе ауласына кіре берісте намазхана орналасқан. Қалған бөлменің бәрі бала оқытуға арналып, сыныптық жүйеде салынған. Әр бөлменің кіре беріс маңдайшасындағы ойықтарға пән аты жазылған болуы керек.
Осының барлығы нысанның ағартушылық бағыттағы маңызын айқындай түседі. Бірақ көпшілігіміз әлі бұл мәселеге мән бермей келеміз. Тіпті, ахунның алдынан білім алғандар жайлы дерегіміз көп емес. Тек Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Сүлеймен ишан секілді атақтыларын ғана білеміз. Бұл бағытта ізденіп жатқандар аз, – дейді өлкетанушы.
Ізденіс демекші, екімыңыншы жылдардың басында  қайраткердің немересі Шәмсия  Қалжанованың «Қалжан Ахун» атты кітабы орыс тілінде жарық көрді. Кейіннен ахунның 150 жылдығына орай  шөберелері – Гүлнәр, Жанар Испаевалар туындыны қазақшаға аударып  шығарды. Ғалымның өмірі мен еңбек жолы, Сыр бойындағы ағартушылық қызметі кеңінен баяндалатын туындыда кеңестік саясаттың салқынын сезінген ұлдары Уамық пен Мағұмардың еңбектері жайлы да жазылады. Содан кейін бұл тарапта еңбектеніп жатқандар байқалып тұрған жоқ.   
Реставрациялық жұмыстармен қатар медресе ауласын қоршап, көгалдандыру бастамасына кезінде қатар жатқан Сырдария мен Жалағаш аудандарының әкімдері Алмагүл Божанова, Қожахмет Баймаханов көп еңбек сіңірді. Жұртты жұмылдырып, жақсы істің негізін қалады. Содан бері бұл үрдіс үзілген емес. Жәнібек Маханбетовтің айтуынша енді оның іргесіндегі ахунның мазарына назар аударуымыз қажет. Медресенің тура түбінде ахун салдырған шағын мешіт тұр. 1916 жылдың жазында Жалағашта ораза кезінде сәжде үстінде жан берген ахунды халық 20 шақырым жерден көтеріп әкеліп, осы мешіт ауласына жерлейді. Осы саяхаттағы бастаушымыз ахунның барлық жұмысты құжаттандырып отыруға мән бергенін баса айтып еді. Маңдайшадағы көне жазуды көргенде осы пікірдің жаны бар екендігіне көзіміз жете түсті. Жазуды фотоға түсіріп алып, белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосановқа телефон арқылы жолдап жібердік. Ғалым жауабы да көп күттірмеді – маңдайшадағы 1334 жыл, 22-шәуәл  деген жазу болып шықты. Қазіргі жыл қайыру бойынша бұл 1912 жылдың 22 маусымы болып шығады. Бұл мешіттің салынған жылы болуы керек. Имандылық үйінің құбыла қабырғасындағы бояудың ізі анық көрінеді.
Медресе Совет үкіметі тұсында талай кепті бастан кешіпті. Бастапқыда мал қора, қойма болыпты. Кейіннен мектеп, балалар үйі атанған кезі болған екен. Тіпті алпысыншы жылдары шаруашылықтарға көмекке келген студенттер жатағына айналыпты.
«Сол тұста осы маңдағы шеңгел біткеннің басы қағаздан көрінбей тұратын» деседі көнекөздер. Сірә ахуннан қалған талай қазына сол кезде жоғалса керек. Бірақ, сол дүниенің бәрі ізсіз кетті дегенге сенгім келмейді. Ел ішінде әлі де сақталып қалғандары бар сияқты, – дейді Жәнібек Маханбетов.
Қазір көне қалаларға археологиялық зерттеулер жасалып жатыр. Осының арқасында ортағасырлық талай шаһарлар туралы ел танымы кеңейіп, біраз жаңалық ашылды. Өлкетанушы енді археографикалық зерттеулерді бастау керек деген пікірде. Әйтпесе, көне сөз таңбаланған талай қағаз күн санап көнеріп, жыл санап жоғалып бара жатыр. Соларды тауып, көзі қанық азаматтарға оқытса, электронды нұсқалары жасалса елге ортақ игілікке айналар еді.
96
Медресе маңайында ахун тұрған үйдің ізі әлі бар. Кең етіп салынған аулаға бау-бақша егіп, дариядан арық тартқызған. Қайраткердің бастамасымен көкөніс, бау-бақша егіп, жерден несібе айырған жұрт «Қалжан арығы» атандырған сол арықтың ізі әлі күнге дейін сақталған. Үй ауласынан шығыстық үлгіде хауыз салдырған. Өзі тұрған баспанадағы терезелер астынан ойық жасап, оны кітап қоятын сөре ретінде пайдаланған. Бір сөзбен айтқанда, Қалжан ахун қазақтың тұрмыс салтына көп өзгеріс әкелген. «Баба еңбегіне баға бергенде осы жағын ескерсек» дейді Жәкең. 
Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мемлекеттік идеологияның негізгі тетігіне айналды, бұл бағытта көп іс еңсерілді.  Бағдарлама жобалары шеңберінде алда да жүзеге асар жұмыс көп.  Осы бағытта Жәкең «Медресенің бір бөлмесінен Қалжан ахун музейін жасақтасақ» деген ой айтады. Музей жәдігеріне айналатын заттар да бар. Оның бірі Қалжанның заттары сақталған сандық. Көп жылғы ізденістің нәтижесінде табылған ахун ұстаған қайрақ тас та бар.    
Сапарымыз түйінделер тұста Жәнібек Маханбетов естіген жұртты елең еткізер тағы бір жаңалықтың шетін шығарды. Арал өңірінде өз заманында Қалжан ахунмен Көкілташта қатар оқыған Смағұл Төлегенұлы деген азамат өмір сүріпті. Оқуын бітіріп, еліне оралған Смағұл бірде ағайын арасындағы алауыздыққа күйініп, өзге өңірге бет түзейді. Осы сапарында жолай Қалжан ахунның үйіне түседі. Барлық мән-жайға қанық болған Қалжан Смағұл ахунды осы өлкеде қалдырыпты. Ағайындарының Салтанат есімді қызын аралдық жігітке қосады, өз алдына отау тігіп, дүниесін де береді.  Кейіннен Смағұл өз еліне қайтады. Міне, содан бері Қалжан ахун берген киіз үйдің  керегелері Аралда сақтаулы әлі тұр екен.
Өлкетанушы бұл жайлы аралдық Жеткерген Нұрқабылов атты ақсақалдан естіпті. Қазір қымбат қазына Шижаға ауылында  тұрған көрінеді. Қазіргі иесі де киіз үйді қайтаруға қарсы болып отырған жоқ. Тек жүз жылдан аса тарихы бар жәдігерді Тереңөзекке бүлдірмей жеткізетін сайлы да, жайлы көлік керек.
Жуырда Тереңөзектен жақсы хабар жетті, ауданнан осы іске көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтар табылыпты. Қалжаннан қалған құнды қазынаның ортақ игілікке айналатын сәті алыс емес секілді.


Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
22 желтоқсан 2019 ж. 435 0