Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕР ТІЛЕГІ БОЛСА, ҚАЛСЫН, ЕЛ ТІЛЕГІ БОЛСА, КЕЛСІН

ЕР ТІЛЕГІ БОЛСА, ҚАЛСЫН, ЕЛ ТІЛЕГІ БОЛСА, КЕЛСІН

Құнанбай атамыз қажылығын өтемекке Меккеге баратын болды дейді. Бұл сапарға дала кемеңгері үш жыл дайындалыпты. Алыс-жақындағы туған-туыстарға барып, аманатын жүктеп, артық-кемі болса кешірім сұрап, дайындалып жүргенде Құнанбай атамыздың қасында Аппаз бен Мырқы деген екі кісі жүріпті. Олар сол кездегі Қытайдан шыққан тауарларды Қырым мен Еуропаға, Еуропадан келген тауарларды Қытайға кіргізіп отырған қазақтың байлары болған. Қалжан ахун Бөлекбайұлы туралы жыр жазған Жорықбай жыршы Аппаз бен Мырқыны өлеңіне қосқан.
Жорықбай деген жыршымын,
Кедейліктің құлқымын,
Қаумалап халқым келгенде,
Базары едім күлкінің.
Қадірің қайда қызыл тіл,
Нанға зарсың бір тілім.
Тілемес едім Алладан,
Байлығын Аппаз, Мырқының.
Үстімде қосым бүтін боп,  
Тіземгің жаппас жыртығын.
Жөкеңнің жаны жүз жамау,
Бүтіні құрсын сыртымның.
Тереңнен маржан теретін,
Туады әлі бір күнім.
 
Құнанбай қажылыққа дайындалып жүрген шақта Аппаз бен Мырқы:
– Ау, Құнеке, үлкен сапарға барайын деп жатырсыз. Мына жақта ғұламалардың шаңырағы – Түркістан бар. Арғы шеті Сырдың бойында Ақмешіт өңірі бар. Сол жақтағы ағайын-туысқа барып, ғұламалардың батасын алайық, - депті.
Содан Құнанбай атамыз Ақмешіт өңіріне келеді. Бұл жерде көрнекті қайраткер діни сауатты Әбдіраман қожадан шариғат бойынша білім алады. Содан кейін Әбдіраман қожа:
– Ау, Құнеке, үлкен сапарға барайын деп жатырсыз. Мына жақта Сырдың бойында Қалжан ахун деген жас жігітіміз бар. Өте білімді. Енді ғана медресені бітіріп келген, өзінің мешіт-медресесі бар. Егер шариғаттан көкейіңізде жүрген сұрақтарыңыз болса, сол жігіттен сұраңыз, - деп жол нұсқайды. Осыдан соң дала кемеңгері Қалжан ахун ауылына ат басын бұрады. Құнанбайды жігіттерімен бірге Қалжан ахун ағасы Бозжан екеуі күтіп алады. Құнанбайды күтіп алып, ас беріледі. Астан соң аға сұлтанның қасындағы жігіттер шариғаттан, қажылық рәсімдері жөнінде сұрақтар қояды. Сұрақтар қойылады, Қалжан ахун еш мүдірместен жауап беріп отырады. Бағанадан бері байқап отырған Құнанбай кеш батқан кезде:
– Ау, шырағым Қалжан, баратын жеріміз алыс. Сен бізге шариғаттан үлкен өнеге айттың, Алла разы болсын! Біз тұралық, бата беріңдер! Батаны Қалжан шырағым, сен бересің және батаны берген кезде «менің сүйегім Меккеде қалсын» деп бересің. Иләһи әмин? – дейді.
Таңнан кешке дейін Құнанбайдың бүкіл сұрағына мүдірместен жауап беріп отырған Қалжан ахун ұмтылып барып, іркіледі. Батада «өл» деген жүрмейді. Ал Құнанбай «сүйегім Меккеде қалсын» деп бата бер дейді. Бұған Қалжан ахун іркіліп қалған кезде қасындағы Бозжан ағасы:
-Ау, шырақтарым, бұған кідіріп болмас. Бұл батаны біз берейік. Ер тілегі болса, қалсын, ел тілегі болса, келсін, - деген екен. Бұған Құнанбай өте қатты риза болып, батасын беріп, үйден шығады. Құрметті меймандарды шығарып салып тұрған шақта Қалжан ахун Бозжанның қолын ұстап қыса беріпті. Содан Қалжан ахун:
- Ау, ағажан! Өзіміз сияқты от-оттап, су ішіп жүргеннен кейін қадіріңді білмеппін ғой. Бес уақыт намазымда саған Алладан рақмет тілесем болады екен. Тұншығып бара жатқан жерде дем бердіңіз ғой, ағажан, - депті.

Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы Ардақ Назаровтың Қалжан ахун ауылына келгенде айтқаны.

Е.БЕРКІНБАЕВ

24 сәуір 2018 ж. 2 630 0