Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Аралдан Қалжан ахунның киіз үйі табылды

Аралдан Қалжан ахунның киіз үйі табылды

Жақында Қалжан ахунды зерттеп жүрген Жәнібек Маханбетпен кездесудің сәті түсті. Өлкетанушы аудандық тарихи-өлкетану музейінде еңбек етіп жүргенде ахун мешіт-медресесінің сырларын ашып, тарихын түгендеуге өз үлесін қосты. Қазір де елді отырықшылыққа үйретіп, білімге баулыған Қалжан ахун Бөлекбайұлы жөнінде тың дерек кездессе, оны зерттеуге даяр тұрады.
Кездескен бетте Жәнібек аға «Арал жақта Қалжан ахунның киіз үйінің бөлшектері табылып тұр» деді. Елге белгілі болған дін өкілінің құндылығы табылды дегенді естігенде шын қуандым. Содан әңгіме барысында өлкетанушы оның кім арқылы тапқанын, қайда екенін айтып берді.
Қалжан ахун Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқығаны белгілі. Оны бітіріп кеткеннен кейінгі уақытта Аралдың жігіті Смағұл Төлегенұлы (1850-1928 жылдары өмір сүрген) сол медреседе білім алады. Ахун атанып, қызмет етуге еліне барған. Дегенмен көпшілік оны елге сыйдырмапты. Ақыры Смағұл ахун туған жерінен жыраққа бет алып бара жатып, жолай Қалжан ахунның үйіне түседі. Барлық мән-жайға қанық болған дін қайраткері Смағұл ахунды осы өлкеде қалдырады. Қарындасы немесе осы ауылдағы жақын адамының Салтанат есімді қызын аралдық жас жігітке қосады. «Қызым» деп қосқан соң дүниесін Қалжан ахунның өзі беріпті. Шамалы тұрғаннан кейін Смағұл ахун өз еліне қайта барады. Сол кезде киіз үймен қоса бесік және көптеген дүниелер берілген. Міне, содан қазір киіз үйдің керегелері Аралда сақтаулы тұр екен.
– Облыс орталығында даналық сөзден байқау өтті. Сонда аралдық Жеткерген Нұрқабылов деген кісімен танысқанда осы әңгімені айтқан. Ол кісі 80-ге келген. Арал ауданының Шижаға елді мекеніне өзі барып «құндылықты өз елінің адамдарына берейік» деп үй иесінің келісімін алыпты. Бүгінгі таңда күйіз үйдің бөлшектері Шижаға ауылында Зәйтүн деген кісінің үйінде тұр, – деген өлкетанушы құндылықты жеткізуге қолдау қажеттілігін жеткізді.
Керегелер тұрған үй иесі мұғалім болса керек. Ырым етіп, киіз үй бөлшектерін қалпына келтірмек болған. Алайда Жеткерген қарияның сөзіне құлақ асып, іздеушілер болса, құндылықты беруге келісім берген. Осы арада Ж.Маханбет қарияның нөмірін алып, сөйлескен. Алайда аралдық ақсақалмен сөйлескенге де жылға жуық уақыт өтіпті. Келісім беріп тұрғанда осыған ел азаматтары қолдау білдіріп, елге жеткізіп алсақ дейді.
– Бес керегесі бар. Мүмкін уықтары, киіздері де бар шығар. Бірақ бесігі жоқ екен. Кейін сұрастырғанда білдім. Осы екі кісі келісіп тұрғанда алып қалу қажет. Кейін мұны ешкім білмей, бермей қалуы да мүмкін. Шижаға ауылы Арал қаласынан 18 шақырымда екен. Осыған ел азаматтары қолдау танытып, барып алып келсек, жақсы болар еді. Тіпті оны қалпына келтірсек, аудан тарихындағы құндылықтар қатары толыға түсері анық. Тек осыған азаматтардың демеуі керек болып тұрғаны, – дейді өлкетанушы.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтті. Сондай-ақ Тұңғыш Президент бағдарламалық мақалада туған жерге деген сүйіспеншілік оның рухани құндылықтарын сақтауда көрініс табатынын жеткізді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Сол біртуар тұлғалардың құндылығын түгендеуге жанашыр жандар атсалысып жатса, тарихты түгендеуге жасап жатқан жақсы қадам. Сондықтан игі іске ел азаматтары мұрындық болады деген сенімдеміз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
17 қыркүйек 2019 ж. 873 0