Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсар батырдың ерлігі ұмытылмайды

Қайсар батырдың ерлігі ұмытылмайды

Бесарық ауылындағы музейде соғыс ардагері Айтбай Дүй­сен­баевтың ерлігі туралы архивтік құжаттар бар. Онда жер­лесіміздің Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан ерен ерлігі, қайсар батырлығы жөнінде нақты деректер келтірілген.
Қазіргі Қоғалыкөл ауылындағы Ок­тябрь каналының бойында «Нұрабай» аталған биік құм төбе бар. Сол шоқының жоғары жағында екі-үш шақырым жерде бұрынғы «Молотов» колхозының ескі қыстауларының орны жатыр. Осы жерде 1922 жылы Айтбай Нұрабайұлы Дүйсен­баев дүние дидарын ашқан. Ол Сталин колхозындағы «Ортақшыл» жеті жыл­­дық мектебінде орта білім алып, Шымкенттегі педагогикалық курсты бітір­ген. Пақтаралдағы оқу бөлімінде инспектор болып, кейін «Социалистік Еңбек» газетінде қызмет атқарады. 1942 жылы әскерге шақырылған Айтбай Дүйсенбаев 86-шы запастағы артиллериялық полк­те курсант болып, соғыс қаруының қыр-сырын меңгереді. Одан әрі Отан қорғау жолындағы бастан кешкен өмір жолында Сталинград майданы, Украина жері, Польшаны, Чехословакияны, Берлинге дейін­гі жау қолындағы аудандарды азат етуде ерен ерлік көрсетеді. Қанды көйлек қару­ластары Тұрсынбай Хабылов, Иван Дронов, Леонид Шилов, майор Озеровтармен бірге жауға тойтарыс берген. Сол ерлігі үшін қайсар батыр көптеген орден, медальдармен марапатталған.
Батырдың ерлігіне тәнті болған әс­кери қолбасшылар А.Дүйсенбаевты әс­кери ма­ра­пат­қа өздері ұсынған. Онда «Наводчик орудия сержант Дуйсенбаев 12 февраля 1945 года в районе Заб­лоце, героически отражал контратаку в несколько раз превосходящих сил пехоты и артиллерии противника» дей келе, ұрыс кезінде жараланғанына қарамастан алғы шептен кетпей, қаруды ерекше шеберлікпен басқара білуінің арқасында табандылықпен ерлік көрсете отырып, негізгі күш келгенше жау әскерлерінің екі дүркін шабуылына жалғыз өзі тойтарыс бергені айтылады. «... В этом герои­ческом бою сержант Дуйсенбаев проявил беспримерный героизм, стойкость и бесстрашие и огнем из орудия и автомата уничтожил три орудии, два миномета и до 40 солдат противника. На боевом счете сержанта Дуйсенбаева три сбитых и два подбитых самолетов противника» деп нақты деректер келтіреді. Осындай қайтпас батырлығы үшін жауынгер 1945 жылдың наурыз айында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.
Майдангер 1943 жылдың 23 қаза­нында «За оборону Сталинграда» меда­лін де кеу­десіне таққан. Бұдан бөлек гвардиялық армияның құрамындағы сержант Түрік валы үшін болған соғыста неміс ұшағын атып түсіргені үшін «За бое­вые заслуги» медаліне де ұсынылған архивтік құжат сақталған. Ал 223 зе­ниттік-атқыштар полкінің командирі полковник Якобенко 1945 жылдың мамыр айында жерлесімізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсыну кезінде ерлік істерін баяндай келіп, Одер өзенінен өту кезінде бір өзі 25 фашистің көзін жойғандығын хабарлайды. Оқ пен оттың ортасында жүріп мұндай жанкештілік көрсету – екінің бірінен табылмайтын батырлық, қайсарлық.
1995 жылы даңқты барлаушы, жазушы Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы мен «Отан» орденін табыстағанда: «Мен бүкіл неміс халқынан кешірім сұрай­мын. Партизан бөлімдерін басқардым. Жау тылында жүріп қанша неміс жауын­герін тұтқынға түсірдім. Оқ аз, өзім қашып-пысып жүріп, қанша тұтқынды алып жүрмекпін. Адам өлтірудің елуден аса әдісін білетін мен әлгілерді өз қолы­мен өлтіретінмін. Солдат ерлікпен, не қорлықпен өледі. Мен соның соңғысы шығармын» депті. Архивтік құжаттардан А.Дүйсенбаевтың жаудың 65 жауынгерін жер жастандырғаны туралы мәліметті оқып отырып, батырларымызға жеңіс қуа­нышпен қатар қаншалықты ауырт­палық әкелгендігін түсінеміз.
Артиллериялық полктың батерея ко­ман­дирі, аға сержант А.Дүйсенбаев 1943 жылы «Сталинградты қорғағаны үшін», 1944 жылы «Соғыстағы ерлігі үшін», 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін» ме­далімен және сол жылы «ІІІ дәрежелі Қы­зыл Жұлдыз» орденімен наградталған.
Майдангер елге келгеннен кейін ауыл­дың өркендеуіне атсалысты. 1953 жылы Қызылорда педагогикалық институтын қа­зақ тілі мен әдебиет бөлімі бо­йынша бітіріп, №44, №147 орта мектепте мұғалім, мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Ауыл өміріне белсене араласып, колхоз басқармасының газеті «Коммунизм жолын» шығаруға белсене кірісті. Онда еңбек адамын мадақтап, халықты жаңалықпен сусындатты.
Соғыс және еңбек ардагерін ақын ре­тінде де жұртшылық біледі. Ол со­ғыс жылдарында өлең жазып, қанды қырғынды өз жырларымен суреттеген. 1418 күнге созыл­ған сұрапыл соғыстың соңғы күні – Жеңіс күнін Чех жерінде қарсы алған батыр «Ура, Жеңіс!» өлеңін шығарады.
Ура! Ура! Ура!
Не сөз тауып айтамыз?!
Ура! Ура! Ура!
Ура Жеңіс! Қайтамыз, – деп басталатын өлеңі бүкіл кеңес жауынгерінің қуанышын паш еткендей.
Елге келгеннен кейін бейбіт күн туралы, мемлекетті өркендету тұрғысында халықты жырмен сусындатады. 1957 жылы Қуаныш Баймағамбетовпен айтысып, ауыл адамдарын марқайтып, елді халық шаруашылығын дамытуға шақы­рады.
Мен майдангер, ұстаз, ақын Айтбай Дүйсенбаевты көргенім жоқ. Бірақ жинақталған ақын қолжазбалары мен өз қолымен жазған өмірбаяны, фото­суретін, түрлі анықтамаларын парақ­тап отырып көзінде от жалыны бар, жүрегінде мейірім төгілген жайсаң жан деп танимын. Өзі редакторлық еткен газет беттеріндегі шағын мақала, өлең­дерін оқи отырып, қара қылды қақ жарар әділ, кемшілікке төзбейтін, көлгірсуді білмейтін, шындық үшін шырылдап өткен тынымсыз жанды көз алдыма келтіремін. Ақын жанды батыр тұлға көз алдыма келеді.
Майдангер аға ақын ұстаздың ел алдындағы еңбегін кейінгі толқын еске­русіз қалдырған жоқ. 1991 жылы Жамбыл ауылдық кеңесінің қараша айындағы кезекті сессиясының шеші­мімен Бесарықтағы ең сәулетті көше Айтбай Дүйсенбаев есімімен аталады. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Бесарық ауылы

21 желтоқсан 2019 ж. 1 154 0