Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСІМІ ЕСКЕРІЛІП, КӨШЕ БЕРІЛДІ

ЕСІМІ ЕСКЕРІЛІП, КӨШЕ БЕРІЛДІ


«Күшке күш қосылса құп, елге ел қосылса құт» дейді халық даналығы. Сол айтқандай Тереңөзектің оңтүстік бөлігінде жаңа мөлтек аудан бой көтеруде. Онда жаңадан бой көтерген көшелерге АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ЖӘНЕ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ҰСЫНЫСЫМЕН, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БЕКІТУІМЕН еліне елеулі еңбек сіңірген, Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің есімдері берілуде. Бұл ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТЫП, БЕЙБІТ ӨМІРДІ ОРНАТУҒА беріле қызмет жасаған ерлерді ұлықтаудаң жарқын көрінісі.
Өткен жексенбі күні Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Бекжановты мәңгі есте қалдыру мақсатында жаңа мөлтек ауданнан оның атына бір көшені беру рәсімі өтті.
Ол 1939 жылы Тереңөзек әс­ке­ри комиссариаты арқылы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Солдаттық өмірі басталысымен көп ұзамай-ақ ақ финдермен соғыс бұрқ ете түседі. Ол осы ұрыстарға бастан-аяқ қатысады. Фин соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін әскери бөлім Қ.Бекжановты полк мектебіне оқуға жібереді. Бұл оқу орнын 1941 жылы бітіреді. «Күзде ауылға қайтамын» деп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Фашистердің тауы шағылып, тауаны қайтпаған алғашқы қиын кезеңде Муромскі қаласында шайқасқа кіреді. Полк мектебін бітіргеннен кейін взвод командирінің орынбасарлығына тағайындалған Қ.Бекжанов кескілескен ұрыс барысында өзінің сауатты командир екенін көрсетеді. Жасанған жауға өзі де, жауынгерлері де қарсы тұра білді. Осы ұрыстарда көрсеткен батырлығы мен ерлігіне сай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Қ.Бекжанұлы ата-анадан тым ерте жетім қалып, ағасының тәрбиесінде болады. Сол кезде ағасы Жүсіпбектің өзі 13 жаста екен. Ауыр заман сүйегі асыл аталарымызды ерте есейткен. Өмірдің тауқыметін тартып, қиындықпен жетілген Қожанбай ширақ азамат болып қалыптасады. Екі соғысқа да қатысып, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосады. Майданнан оралған соң бейбіт өмірдің еңбек көрігін қыздырып, соғыс кезінде титықтаған халық шаруашылығының тамырына қан жүгіртуге белсенді атсалысады.
1954-1955 жылдары партияның шақыруымен «Қызылорақ» колхо­зының төрағасы болып, екпінді еңбек етті. Бейбіт еңбек майданында «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болады.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Б.С.Өтегенова бірнеше жылдан бері Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жаңа аймақтан көше беру ауданда дәстүрге айналғанын, бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сай жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Жаңа көшенің тұрғындары өздері тұратын аумақты келешекте абаттандырып, бұл ара сәулетті мекенге айналатынына сенім білдірді. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, еңбек ардагерлері Р.Бәйменов, Ұ.Жанәлиева көшеге есім беріліп жатқан азамат туралы жарқын естеліктер айтып, бұл ізгі шараның болашақ жас ұрпақтарға зор үлгі-өнеге екендігін жеткізді.
Көше беру рәсімінен соң ұрпақтары кент орталығында орналасқан «Темірқазық» мейрамханасынан ас берді. Осында Ұлы Отан соғысының ардагері атынан ұйымдастырылған таэквондодан аудан біріншілігінің жеңімпаздары жасөспірімдерді кент әкімі Н.Бисембаев марапаттады.
Ас соңында ардагерлер рухына құран бағышталды.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

10 сәуір 2018 ж. 2 507 0