Үнді еліне саяхат
Ұстаздық – ұлы қызмет. Ұстаздық – кез келгеннің қолынан келе де бермейді, әрі кез келінге бұйыра бермейтін мәртебесі биік мамандық. Олай дейтініз, ұстаздар тынымсыз еңбектенеді, шығармашылықтың биік шыңында болады. Әр баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, әр балаға жеке тұлға ретінде қарайды. қырық минут сабағына дайындалу үшін оған тәулік бойы ізденуіне тура келеді. Міне, осыдан кейін ұстаздықтың жүгі жеңіл деп кім айта алар екен?!
Үнемі ізденісте жүретін, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ауданға қарасты Бесарық ауылындағы №147 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақмарал Байжүнісова қазіргі білім беру жүйесінің жаңа бағдарламалары мен жобаларын игеру мақсатында Үндістан елінде болып, алты апталық курста оқыды.
– Бұл ауыл мұғалімдерін қолдауға арналған жоба. Мұны Қазақстандағы Үндістан елшілігі биыл екінші рет ұйымдастырып отыр. Осындай жоба барын ғаламтордан біліп, қатысуға ниет білдірдім. Педагогикалық-психологиялық тесттер тапсырдым, медициналық тексерістен өттім. Сөйтіп республика бойынша 24 мұғалімнің құрамына облыстан бір өзім кірдім, – дейді А.Байжүнісова.
Дәрістер Хайдарабад қаласында орналасқан Ағылшын және шет тілдері университетінде ( EFLU – English and foreign languages University) өткізілген. Аталған университетте ITEC (Indian Technical and Economic cooperation) техникалық-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша биыл екінші жыл қатарынан Қазақстанның ағылшын тілі пәні мұғалімдері тәжірибе алмасуда. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, тілді оқытудағы барлық сөйлеу дағдыларына жеке көңіл бөлініп, оларды дамытудағы қазіргі таңдағы жаңа әдіс-тәсілдер ұсынылады. Дәріс кезінде Қазақстанның білім саласымен таныстыру мақсатында мұғалімдер өздері қолданып жүрген әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып екі сабақ өткізген.
«EFLU» университетінде студенттерге сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Университеттің корпусы оқу ғимараттары, қонақ үйлер, аурухана, дүкен, спортзал, музыкалық және компьютерлік клубтармен қамтамасыз етілген. Жоғарғы оқу орнында тек үнді елінің ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Түркменстан, Ауғанстан, Африка, Индонезия және т.б. мемлекеттерден студенттер оқиды екен.
Қазақстан мұғалімдерін Үндістанның білім беру жүйесімен тереңірек таныстыру үшін университеттің координаторлары Хайдарабад қаласындағы мемлекеттік және жеке меншік мектептеріне арнайы интерактивті экскурсия ұйымдастырған. Қазақстан мұғалімдері жергілікті мұғалімдердің сабақтарына қатысып, ұстаздармен, оқушылармен, мектеп әкімшілігімен еркін ой бөлісіп, сұрақ-жауаптармен алмасқан.
Үндістанда мұғалім дәрежесі жоғары деңгейде. Бұл мемлекеттің қолдауынан.Сонымен қатар мұғалім оқушылардың және ата-аналардың ерекше құрметіне ие. Бірақ та халық санының көп болуына байланысты мәселелер де жеткілікті. Мәселен, бір сыныпта 60 балаға жуық немесе одан да көп оқушы оқиды. Бірақ осыған қарамастан, білім сапасы жақсы деңгейде, оқушылардың көпшілігі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді игеруде.
Білім беру жүйесіне қысқаша тоқталсақ, 3 жастан бастап балалар бала бақшаға баратын көрінеді. Бастауыш мектеп 1-5 сыныптар (6 жастан), орта мектеп 6-8 сыныптарды қамтиды, жоғары сыныптар 8-12 сыныптар. Мектепті бітіргеннен кейін бакалавр 3 жыл, магистратура 2 жыл және докторантура 3-5 жылды қамтиды.
Қазақстан мұғалімдері 6 аптаның ішінде 5 күн оқып, 2 күн үнді халқының мәдениетімен танысқан. Жалпы, үнділер салт-дәстүр, мерекелер, ұлттық тамақ және би өнеріне аса мән береді. Олар би арқылы бір оқиғаны баяндап беретіні белгілі. Үндінің ұлттық билері бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы: «Катхак» биі өте динамикалық, орындалуы өте күрделі, әр іс-қимылдың өзінің мағынасы бар. Негізі ол ер адамның биі болған, бірақ уақыт өте келе, әйел адамдар да билей бастаған. Қонақтарға бишілердің ұлттық киімдері, әшекейлері, музыкасы барлығы өте үлкен әсер қалдырған.
Сонымен қатар Хайдарабад қаласында тарихи есерткіштер, мәдениет жайлы сыр шертетін көрнекті орындар бар. Осында 1500-1600 жылдары салынған әйгілі Голконда қамалы, 1591 жылы салынған Чарминар мешіті, қолдан жасалған Хуссейн Сагар су қоймасы үстінде орналасқан әйгілі Будда моументі, атақты ханзадалар өмір сүрген Чаумахалла сарайы, Гиннестің рекордтар кітабына енген Рамоджи кино түсіру қаласында Кизара Гатта Рамаленгисвара Девастанэм (Маймыл құдайларының шіркеуі) орналасқан.
Курс аяқталғанда қазақстандық мұғалімдер өз елінің мәдениетімен, салт-дәстүрімен, ұлттық ойындарымен үнділіктерді таныстыру мақсатында университетте шағын концерт ұйымдастырған. Қазақтың бауырсағын пісіріп, өздерімен бірге алып барған құрт-ірімшіктен шашу шашқан. Арқан тарту ойынын көрсетіп, үнділермен күш сынасқан. Ал «Қара жорғаны» бүкіл университет мұғалімдері буындарын былқылдатып қазақтармен бірге қосыла билеген.
Осылайша жерлестеріміз Үндістаннан біліммен қаруланып, елге оралды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ