Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақов тіл жанашырлары мен бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың "Алғыс хаттарын" табыстады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың "Алғыс хатымен" Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі Раушан Абдраманова марапатталды.

Білім саласында 27 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз 1992 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалімдік қызмет атқарудан бастаған.

Шығармашылық ізденісті ту еткен Раушан Сұлтанбайқызы республикалық, облыстық, аудандық білім байқауларында бірнеше рет жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, білімді, өнегелі шәкірт тәрбиелеп, білім беру саласының дамуына өзіндік үлес қосқан ұлағатты ұстаздың есімі "Сыр өңірі педагогикасындағы 200 қадірлі есім" антологиясына енген.

Ағылшын тілі пәні мұғалімі Раушан Абдраманованың өз саласы бойынша қол жеткізген нәтижелі еңбегі мен жетістігі ескеріліп, "Үздік ағылшын тілі пәні мұғалімі" төсбелгісінің иегері атанған. Шіркейлі ауылындағы білім ұясында еңбек ететін ұстаздың шәкірттері де биік белестерді бағындырып келеді.

Бұған дейін де көптеген марапататарға ие болған мұғалім үшін ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың "Алғыс хаты" ең жоғары марапат болып саналады.

"ТТ" ақпарат
10 қазан 2019 ж. 830 0