Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымды шарадан түйген ой

Тағылымды шарадан түйген ой

Қасиетті хадисте: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – делінген.
Ана – әке сезінбейтін ауыртпашылықты бастан кешіреді. Тоғыз ай құрсақта бала көтеріп, бағып-қағып, түн ұйқысын төрт бөледі. Бұл айтқанға ғана оңай. Ана баласы жыласа немесе ауырса арқасынан түсірмей бар мейірімін береді. «Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» дейді. Расында, жанының бір бөлшегінің қиналғанын кім қаласын? Осындайда «Ананың жақсылығын білмеген – адамның жақсылығын білмейді» деген нақыл сөз еріксіз ойға оралады.
Аптаның сәрсенбісінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен ардақты аналарға арнаған тағылымды шара өткізді. Өмірлері өнегеге толы аналарға құрмет көрсетті. Олардың әрқайсысының есімдері ерекше аталып, сіңірген еңбектері айтылып, сый-сияпат жасады. Қадірменді ақ жаулықты аналардың қатарында ең бірінші болып көпшілікке таныстырылған ұлағатты ұстаз Ұлбике Ерімбетова болды. Білім саласында өзіндік орны бар ардагер-ұстаздың қадір-қасиеті, адамгершілігі мол. Оның тәрбиелеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Сондай-ақ ел ішінде де ұстаз абыройын асырып жүргендер жетерлік. Ұстаз биыл мектеп бітіргеніне 50 жыл болған шәкірттерімен кездесіп, зор құрметке кенелді.
Шолпан Жанбосынова – ауданның медицина саласына елеулі үлес қосқан өнегелі жан. Ол негізгі мамандығымен қатар мәдениет саласында қоғамдық жұмысты белсенді атқарған ана. Қазірдің өзінде әжелер ансамблінің белді мүшесі. Әлі күнге дейін домбырамен ән салып, ел-халықтың ықыласына бөленіп келеді.
Әсия Мәсилова ауданда АХАЖ бөлімін ұзақ жыл басқарды. Талай адамның дүниеге келгеннен бас­тап, жас жұбайлардың некесін қиған, жаңа өмірге қадам басқан отбасылардың алғашқы тілекшісі, куәгері болған жан. Оның атқарған қызметін аудан халқы жақсы біледі десек артық айтқандық болмас. Қазір Ә.Мәсилова кенттің қоғамдық жұмысына белсене араласады.
Одақ кезінде Манат Есенбаева – орта мектепті күміс медальмен бітіріп, жоғары білімді ғалым-агроном атанған сырдариялық алғашқы әйел. Ол таңдаған мамандық ауданның ауылшаруашылық саласына өте қажетті болды және ауданның ауыл шаруашылығы саласымен қатар елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері. Ол кісі әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Ел, жер, ауыл тарихын зерттеуде алдына жан салмайды. Осы күні бірнеше кітаптың авторы атанып, бос уақытын мұрағатта өткізеді. Шараның мұнан басқа да қадірменді қонағы, ұлағатты аналар қатарында Қалжан ахун ауылының тұрғыны, сау­да саласының ардагері Гүлбарам Есназарова, ұлағатты ұстаз С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған Айткүл Қыдырбаева, кезінде Тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында өзіндік ізі қалған тігінші Тұрсынкүл Әбдікәрімова, мәдениет саласының ардагері Күләш Құдабаева, кәсіпкер Несібелі Керейтбаева болды.
Барлық аналардың қоғамға сіңірген еңбегі бір төбе болса, отбасындағы орны тым бөлек. Олар алдымен аналық парызын орындап, отағасына сенімді серігі болуды алдыңғы кезекке қойды. Міне, жас отбасыларға көрсететін өнегеміз осы қасиет болса керек. Сондықтан шара барысында айтылған өнегелі әңгіме мен ғибратқа толы пікірлер ананы қадірлеуге, оның қасиетіне бас июге үндеді.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
26 қазан 2019 ж. 493 0