БЕРЕКЕСІ ТАСЫҒАН ШАҢЫРАҚ
«Отан отбасынан басталады» дегендей жанұяның жарасымдылығы әрқашан татулықты меңзейді. Қашанда отбасы береке-бірлігін сақтау арқылы өзгеге үлгі болған жанұялар шаңырақ шаттығына айналады. Осы орайда бала қамқоршысы ата-ана екендігін әркез жас ұрпаққа ұғындыруымыз қажет.
Сонымен қатар ауданымызда өзге этнос өкілдерінің отбасылары ұлтық құндылықтарымызды берік ұстанып келеді. Жергілікті менталитетке сіңісіп, ата-баба мұрасын, қазақы әдет-ғұрыпты перзенттеріне үйретіп келеді. Жақында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Мирас» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы» тақырыбында этнос өкілдерінің интернационал отбасыларының аналарымен кездесу өткізілді. Оған «Сырдария әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, аудандық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Ұлмекен Жанәлиева, сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында отбасындағы тәрбиенің рөлі, бала мен ата-ананың ортақ жауапкершілігі көтерілді. Өз кезегінде Ұлмекен Шанайқызы тәрбиенің түп-тамыры отбасынан басталатындығын, әркез шаңырақ шаттығына айналған отанасының басты міндеттерін тілге тиек етті. Еріне деген адалдық әйел затын бұрынғыдан да қадірлі ететіні жайлы айтты. Сондай-ақ, қоғам өміріне белсене аралысып жүрген аналарға ерекше құрмет көрсетілуі керектігін айтты. Бұдан кейін әр отанасы сөз алып, өздерінің отбасылары жайлы айтып, жиналғандар амандық тіледі.
Кездесу соңында шараға қатысқан отбасыларға естелік сыйлық табыс етілді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ