САНИТАРЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ ДЕҢГЕЙДЕ
Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін станционарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деп атап өткен болатын. Жалпы денсаулықты қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керектігі денсаулық сақтау саласына жүктелген міндет. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған. Осындай міндеттерді іске асыруда қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің атқаратын жұмыс ауқымы туралы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан ұзақбаевпен әңгімелескен едік.
Ерлан Амантайұлы, тұрғындардың денсаулығын сақтау қызметінде сіз басқарып отырған басқарманың атқаратын міндеті неде?
– Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінің бірі – санитариялық әл - ауқатты, қауіп факторларының профилактикасын қамтамасыз ету, дұрыс тамақтануды насихаттау мен саламатты өмір салтын ынталандыру негізінде халықтың денсаулығын нығайту болып табылады. Осы бағыттарда басқарма бойынша іс-шаралар атқарылып келеді.
Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңдарының талаптарын орындау мақсатында басқармада әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді, рұқсат беру құжаттарын қарау тәртібі «Бір терезе қағидасы бойынша» жүргізілуде.
Есеп беру кезеңінде жеке және заңды тұлғалардан барлығы 28 өтініш түсіп, оның ішінде жеке тұлғалардан 2 болса, заңды тұлғалардан 26 және 2- уі арыз түрінде болды. Түскен өтініштер, арыздар уақытылы тіркеліп, Заң талаптарына сай зерттеліп жауаптары берілді.
– Өткен жылдың қорытындысымен қанша мемлекеттік қызмет көрсетіліп, қанша нысан тексерілді?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік қызмет алу үшін 2017 жылдың 12 ай қорытындысымен барлық көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны – 148, барлығы да 15 жұмыс күн ішінде жауап берілді. Қорытындысында дәлелді бас тарту -36, оның ішінде: өз өтініші арқылы қараусыз қалдырылғаны – 20, құжаты толық болмағандақтан 2 күнде кері қайтарылғаны – 16 өтініш.
Берілген рұқсат құжаттар саны – 112, оның ішінде санитариялық талаптарға сәйкес еместігі 11 болса, 101 талаптарға сәйкес санитариялық- эпидемиологиялық қорытындылар.
Есеп беру кезеңінде бекітілген кестеге сәйкес тәуекел дәрежесін бағалаудың ерекше тәртібі бойынша 127 нысан жоспарланып, 126 нысан тексерілді, яғни 99 пайызға орындалды.
– Тексерулер қорытындысына тоқталсаңыз...
– Тексерулер қорытындысында 117 санитариялық талаптарға сәйкес келмеушіліктер анықталып, 109 бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, 14 адам уақытша жұмыстан шеттетілді. Жалпы 117 әкімшілік шаралар 3426190 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, бүгінгі таңда 95 пайызы өндірілді. – Аудан бойынша жұқпалы аурулардың деңгейі қандай дәрежеде болды, туберкулезбен аурушаңдықтың көрсеткішін айтсаңыз?
– Аудан бойынша 2017 жылы жұқпалы аурулар бойынша «тұрақты» эпидемиологиялық ахуал қалыптасты. Вирусты гепатит, дизентерия, сальмонеллез, тұрмыстық жағдайдағы тамақтан улану, ботулизм, аса қауіпті жұқпалы аурулар, туберкулез, кәсіптік жедел улану жағдайлары және иммундаудан кейінгі қолайсыздықтың пайда болуына күдікті науқастар тіркелмеген.
– Қоғамды қандай да бір аурудан сақтандыру, дұрыс ақпараттар тарату санитарлық дәрігерлердің міндеті. Іс-шараларды жоспарға сәйкес өткізу, санитариялық ахуалды тұрақтандыру жұмыстары жайлы не айтасыз?
– Тұрғындар арасында дұрыс тамақтануды қалыптастыру, жеке бас және қоғамдық гигиенаны сақтау, жедел ішек ауруы және тамақтан улану жағдайларының алдын алу, тұтынатын тауарлар, тамақ өнімдерінің құрамын, сапасын, сараптамадан қалай өткізілетіндігін, тұтынушылардың сауда жасауда құқықтарының бұзылмауын түсіндіру, шылым шегу, маскүнемдік сияқты зиянды әркеттерден сақтану жолдары, жалпы халыққа қажетті ақпарат беруге бағытталған «Қауіпсіз тағам таңда!», «Өз денсаулығың, өз қолыңда!», «Таза қол!» т.б. тақырыптарда 10 акция, 9 дөңгелек үстел, 33 семинар өткізілді.
Басқарманың басым бағыттары негізінде тұрғындар арасында санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты арттыру, қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша жұмысымызды жалғастыратын боламыз.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Б.Жанәлі